Бүгін «Жібек жолы — 2016» трансконтиненталдық ралли-марафонына қатысатын экипаждар елордаға келіп жетті. Қалаға кіреберісте халық оларды қошеметпен қарсы алды. Елорда тұрғындары мен қонақтары бүкіл қаланы аралаған көліктерге еріксіз көңіл аударды, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Бүгінгі таңда бұл әлемдік автоспорттағы ең маңызды іс-шаралардың бірі, «Жібек жолы» екі жылдық үзілістен кейін қайта жандандырылды. Жеті жылдан кейін жарыс Қазақстанның даласында қайта өтетін болды. Трансконтиненталдық ралли-марафонның ұзындығы 10 735 км құрайды, бұл ұзындығы 9 300 км құрайтын «Дакар» раллиіндегі маршруттан артық.
Көліктер әуежай жанындағы шатырларға бет алды. Қатысушылар бивуакта демалып, күш жинады, оларға сүйемелдеуші топ көмектесті.
Раллиге қатысушылар үшін «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» көшпенділер өркениеті фестивалі ұйымдастырылды. Шетелдік қонақтар, соның ішінде шетелдік БАҚ өкілдері де қазақ халқының мәдениетімен және салт-дәстүрлерімен танысты, аттыспорттық шоу көріп, ұлттық сусындар мен тағамдардан дәм татты.
Сонымен қатар, киіз үйлер тігіліп, сәулеттік инсталляциялар жасалды, шығармашылық ұжымдар қазақ халық билері мен әндерін орындады.
Алдағы уақытта ралли-марафонға қатысушылар Балқаш пен Алматы қалаларына тоқтайды.
Халықаралық жарыс 24 шілдеде Бейжіңде Таньаньмэнь алаңында мәресіне жетеді.