Дүниежүзілік экономикалық форумның өткен жылы жарияланған рейтингісінде Қазақстан өз ұстанымдары бойынша 8 саты жоғарылап, 42-ші орынға тұрақтады. Бұл туралы ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық әділет департаментінің басшысы Ерлан Дауылбаев мәлім етті.
Алты айды қорытындылаған департамент басшысы сонымен қатар, «Бизнес жүргізудің жеңілдігі» бойынша 53-ші орыннан 41-ші позицияға көтерілгенін айтты.
«Елбасы жолдаған «100 нақты қадам» ұлт жоспарында жеке сот орындаушыларға ерекше екпін берілген. Облысымызда бұл міндет толығымен орындалып, 149 жеке сот орындаушысы Заң шеңберінде жұмыс істеп отыр. Жақын арада тағы 17 тұлға осы қызметке кіріседі. Бүгінде өңірімізде 425 адвокат, 469 нотариус және 126 бағалаушы заңгерлік қызмет етеді. Осы жылы адвокаттар тарапынан 5412 азаматқа тегін заң көмегі көрсетілді», -деді Ерлан Дауылбаев.
Баспасөз мәслихатында спикер реформа аясында сот орындаушысы қызметімен айналысуға үміткерлерді аттестаттау жұмыстары Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінен аумақтық әділет органдарына берілгенін жеткізді.
Бұдан былай жеке сот орындаушысы қызметімен айналысуға ниет білдірген азаматтар Астана қаласына бармай, қажетті процедуралардан жергілікті жерлерде өтуге болады.