Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен облыс әкімдігінің отырысы өтті. Күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Атап айтқанда, облыстың 2016 жылғы I жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және II жартыжылдығының міндеттері, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының агроөнеркәсіп кешені өңдеу саласын дамыту бойынша атқарған жұмысы талқыланды, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Бірінші мәселеге қатысты облыс әкімінің бірінші орынбасары Л. Тұрлашов баяндама жасады. Оның айтуынша, алғашқы жартыжылдықта ауыл шаруашылығында, өнеркәсіпте, инвестицияларда және тұрғын үйлерді іске қосуда өсім сақталды. Бүгінге дейін өңірде 3,7 мың гектар (1%)алаңда масақты дәнді дақылдар орылып, орташа гектар өнімділігі 20,5 центнерден айналып, жалпы 7,5 мың тонна өнім алынды.
Сонымен қатар «Нұрлы жол», «Сыбаға», «Құлан», «Алтын Асық», «Ырыс», «Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» бағдарламалары, Индустрияландыру картасы, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы тапсырмалардың орындалу барысы жайлы кеңінен хабарланды. Сондай-ақ инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу деңгейі, құрылыс жұмыстарының қарқыны туралы мәліметтер келтірілді.
Туризм саласын дамыту шараларына да тоқталған Л. Тұрлашов бұл салада көрсетілген ақылы туристік-сауықтыру қызметтерінің көлемі өткен жылғы кезеңге қарағанда 33,3% өсіммен, 592,9 млн.теңгені құрағанын жеткізді.
Алда тұрған міндеттер қатарында Индустрияландыру жобаларын жандандыру, жұмыссыздық деңгейін төмендету, жылыту маусымына, жаңа оқу жылына дайындық сияқты бірқатар мәселелерді атады.
Екінші мәселе бойынша облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров баяндады. Ол өз сөзінде агроөнеркәсіп саласында шикізат базасын және өндірілген өнім көлемін ұлғайту, бәсекеге қабілеттілікті арттыру бағытында атқарылған шараларға тоқталды. Мәселен, биылғы жылы ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу саласын қолдауға бюджеттен 1 млрд. 36,7 млн. теңге бөлінген. Тамақ өнімдері өндірісінде негізгі капиталға 3,3 млрд. теңге инвестиция тартылды, нақты көлем индексі 126,8%-ті құрады. Жаңадан 6 тамақ өндіру кәсіпорыны іске қосылды, 68 жұмыс орыны ашылды. Алда сервистік дайындау орталықтарын құру, қолданыстағы кәсіпорындарды қайта жабдықтау жолымен заманауи технологияларды енгізу және басқа да міндеттер тұр.
Жиын қорытындысында облыс әкімі Амандық Баталов жалпы экономикадағы оң серпін сақталғанымен, жекелеген салаларда құлдырау бар екенін айтты.
— Ауыл шаруашылығы кооперацияларын дамыту, егістік алқабын ұлғайту, тауарлы-сүт фермаларын құру істерінде жіберілген кемшілік көп. Микрокредит беру ісін ширату керек. Халыққа шағын несиенің берілу жолдарын, тииімділігін түсіндіріп, тұрғындармен жұмыс істеңдер. Бұл тікелей аудан, қала әкімдерінің жұмысы. Әрбір әкім өзінің құзырындағы аймағын жан-жақты қалай дамытып жатыр, жұмыстың нәтижесін сол тұрғыдан қарайтын боламыз, — деді А. Баталов.