Бүгін елордада ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және олимпиадашылар мен паралимпиадашылардың құрметіне арналған мотошеруге қатысушылар туды астаналық байкерлерге табыстады. Марафон 6 шілде – Елорда күнінде Алматыдан басталып, еліміздің батысына жол тартты.
Эстафета Қазақстанның барлық қалаларын қамтиды және Риодағы Олимпиада ойындары басталатын күні — 5 тамызда Алматыда аяқталады. Мотошерудің ұзындығы — 7 мың км жуық.
«Мотошеру еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу, сондай-ақ, келесі айда Бразилияға баратын олимпиадашыларды қолдау мақсатында өтіп жатыр. Меніңше, шара спортшыларымызға рух беріп, олар дүбірлі додада лайықты өнер көрсетеді», — дейді Қазақстан географиялық қоғамының және Қазақстан Байкерлер қауымдастығының президенті Дмитрий Петрухин.
Мотошерудің туына еліміздің спортшылары өз қолдарын қоятын болады, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.