Домой Жаңалықтар Мәдениет Қамшы ілу қандай дәстүр?

Қамшы ілу қандай дәстүр?

Қамшы ілу қандай дәстүр?

 Қамшы ілу қандай дәстүр?Ата-бабамыздан қалған салт-дәстүр мен ырым-тыйымдардың қай-қайсысын алып қарасақ та айтар ойы салмақты, мағынасы терең, даналық пен көрегендіктің асқан үлгісін байқауға болады. Ерте кезде қазақ халқы көшпенді тұрмыста өмір сүрсе де әдет-ғұрып пен салт-дәстүрді отбасылық тәрбиемен ұштастыра отырып, жүйелі түрде әрбір дәстүрімізге ерекше мән беріп, ықыласпен орындайтын болған. Ал бүгінде ата-бабамыздан қалған кейбір дәcтүрлер мен жоралғылар заман ағымына ілесе алмай, тіпті халық арасында қолданыстан шығып жатқандары қаншама?! Сондай елеусіз қалған дәстүрдің бірі – қамшы ілу.

Қамшы – қазақтың тұрмыс-тіршілігі мен мәдениетінде өзіндік алар орны бар қасиетті құралдың бірі. Қарапайым тұрмыста қамшыға байланысты жиі қолданылатын сөз тіркестері де соның дәлелі іспеттес. Мәселен, қамшы тастау (яғни, сөз сұрау), қамшы болды (жақсы мағынасында, әсер етті, себеп болды) деген сөздер жиі кездеседі. Сонымен қатар, өмірдің өзін «қамшының сабындай қысқа» деген тіркеспен дөп басып теңей білген. Мұның барлығы халқымыздың қамшыға деген құрметін білдірсе керек.

Қамшы ілу дәстүрі – құдалық, құда түсу жолында жасалатын таза қазақи ұғымды көрсететін жоралғылардың бірі. Бұл дәстүрдің негізгі орындалу тәртібі төмендегіше. Ұлына қалыңдық іздеген кісі ауылдың ақсақалы мен азаматтарына және өз туыс-туғандарына жолығып, шаруасын байыпты баяндайды. Бұл ойына жанашыр кісілер ақыл қосып, «пәлен жерде осындай жақсы адам бар және оның бойжетіп отырған қызы бар» екендігін жеткізеді. Осыдан кейін үйленгелі жүрген жігіттің әкесі ғұрыпқа сай өзінің жақын ағайынын, беделді адамдарын ертіп, жаңағы елден естіген болашақ құдаларының үйіне барады. Қонақ келсе құдайындай күтетін қазақ халқы бұл ретте де өзінің қонақжайлығын көрсетіп, келген кісілерге қонақасын береді. Ас үстінде түрлі әңгіме айтылып, шыққан тегі мен ата-бабасы да сөз болады. Ас ішіліп, қайтуға жиналған жігіттің әкесі үйден шығарда киіз үйдің кереге басына өзінің қамшысын іліп кетеді. Мұнысы сол үйдің қызына құда түссек деген тілегін білдіреді. Қамшыны көрген қыздың әкесі келген кісілердің аты-жөнін, ата-тегін білгеннен кейін, оларға тиісті жауабын беруі керек. Әрине ол үшін асығудың да қажеті жоқ. Себебі ілінген қамшының уақыты бір жылға дейін созылады. Осы уақыттың ішінде қыз бен жігіттің әңгімесі жарасып, бір-бірімен сөз байласса жігіт жағы қызды айттырып келеді. Қамшы да сол үйде қалады. Ал егер қыз бұдан бұрын басқа біреуге айттырылып қойған болса немесе әкесі қызын қамшы ілген кісілерге бергісі келмесе онда қамшы иесіне қайтарылады. Бұл үшін жігіттің әкесі ренжімеуі тиіс. Себебі ата-бабамыздан қалған дәстүр осылай қалыптасқан.

Қамшы ілу дәстүрінің түп-төркініне назар аударар болсақ, қазақ халқы қашан да құдаларының текті, ауқатты әулеттен болғанын қалаған. Сол үшін қамшы ілуге бармас бұрын ағайын-туыс пен ауылдастарының кеңесіне құлақ асқанды дұрыс көрген. Ал әрбір істің астарынан мән-мағына іздейтін халқымыз үшін осынау тілектің төркіні бір ғана қамшыда жасырылғандығы асқан көрегендіктің белгісі емес пе?!

ozgepikir.kz

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here