«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамына қант қызылшасын өндіру бойынша Алматы облысынан 533 200 теңгеге 112 өтініш келіп түскен. Оның 90-ы қанағаттандырылды, деп жазады ҚазАқпарат агенттігі.
Бағдарламаға қатысушылар арасында Ақсу, Ескелді, Кербұлақ аудандарының кәсіпкерлері алғашқы болып несие алды.
Бағдарламада қант қызылшасын өндіруге басымдық беріліп отыр. Сол арқылы шағыннесиелеу бағдарламасы қант зауыттарын шикізатпен қамтамасыз етіп, отандық өнімнің үлесін көбейтпекші.
Кәсіпкер Әбен Тайжанов жұмыс қызған кезде берілген қаражаттың көмектескенін айтты.
«Шағыннесиелеу бағдарламасы биыл біз үшін үлкен қолдау болды. Тұқым алу, тыңайтқыш, жұмыскерлерге жалақы беру үшін қаражат қажет болды. Қазір кәсіпкерлер бағдарламаның жалғасуын сұрап отыр. Екінші деңгейлі банктердің шарттары көптеген кәсіпкердің көңілінен шықпады, сол себепті шағыннесиелеуді жылдар бойы күткен жандар бар»,- деді «Тельман» шаруашылығының басшысы.
Шағыннесиелеу бағдарламасының басты ерекшелігі — жер телімдерін, тұрғын үйлерді және басқа да жылжымайтын мүліктерді кепіл ретінде қарау болды. Сондай-ақ, сыйақы мөлшерлемесі жылына 6%, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 6,7% аспайды.
Айта кетейік, «Атамекен» ҰКП және Алматы облысы әкімдігі шағын бизнес субъектілері үшін 600 миллион теңге бөлді. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ аймақтағы несиелеу операторы болмақ.