Астанада пластик жинауға арналған контейнерлер пайда болады. Алдымен 588 аулаға 686 контейнер қойылады. Тиісті жұмыстар басталып кетті, жоспар бойынша аптасына 50 бак орнатылмақ, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
— Өткен жылы пилоттық режимде осы сияқты жоба іске қосылған болатын. Оның қалай жұмыс істейтінін көргіміз келді. Ол жолы пластик, қағаз және шыны жинауға арналған үш контейнерден қойылды. Сонда пәтерде қоқысты төрт бөліп жинау керек болды. Бұл ыңғайсыз әрі дұрыс емес. Сондықтан, жүйені біртіндеп енгіземіз деп шештік, — дейді «Астана-Тазарту» ЖШС бас директоры Иван Лавриненко.
Оның айтуынша, пластик жинауға арналған контейнерлерді орнату жұмыстары 3-4 айдың ішінде бітеді, содан соң макулатураға, кейіннен шыны жинауға арналған жәшіктер қойылады.
— Қазіргі кезде бұл мәселе әлеуметтік желілерде белсенді талқылану үстінде, адамдарға ұнады. Сондай-ақ, еріктілер де тартылады, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, жарнамалар ілеміз. Меніңше, адамдар қоқысты бөліп тастайтын болады. Енді оны істеу оңай және ыңғайлы етеді. Мысалы, пластик жинау үшін ашық тор контейнер қоямыз, сәйкесінше, онда бөтелкелерді тастау қиын болмайды. Негізінен, бұл жерде психологиялық та аспекті бар, тәртіпті болу керек. Адамдар пластикті бөлек жинауды әдетке айналдырғанда, ол қағазды да, шыныны да бөлек тастайтын болады, — деп санайды Иван Лавриненко.