30 шілдеде «Астана опера» театрының Камералық залы сахнасында пианистер құрамында халықаралық байқаулардың жеңімпаздары Александра Егорова және Ая Болатовадан құралған «Lotus Bleu» фортепианолық дуэті «Еселенген шабыт» концертімен өнер көрсетеді.
Дуэт ХІХ-ХХ ғасырлардағы шетелдік композиторлардың, сондай-ақ американдық жас композитор, пианист, бейнеопродюсер және жазушы Грег Андерсонның шығармаларын орындайды.
Қазақстанда алғаш рет төрт қолда ойналатын фортепианоға арналған алты пьеса орындалатын болады, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі. Сондай-ақ Грег Андерсонның өңдеуіндегі екі рояльға арналған «Кармен-фантазиясы» және т.б. тың жаңалық болмақ.
Аспапшылар таяуда ғана Италиядан жеңіспен оралды. «Lotus Bleu» дуэті халықаралық пианистер байқауында жүлделі екінші орын алды.
«Lotus Bleu» дуэтін құру идеясының авторы түрлі дәрежедегі халықаралық байқаулардың жеңімпазы,көптеген марапаттардың иегері Александра Егорова.
— Фортепианолық дуэт құру идеясы мен үшін айтарлықтай жаңалық. Үлкен әлеммен бірге дамып келе жатқан және консервативті пікірді ғана ұстанбайтын музыкант ретінде маған дәл өзімдей пианист-солистпен бір дуэтте ойнай алатындығымды тексеріп көру қызықты болды. Ая екеуіміз бұрыннан таныспыз, магистратурада бірге оқыдық, фортепиано дуэтін құру туралы ойымды айтқанымда ол мені бірден қолдай кетті, — дейді Александра Егорова.