Жергілікті атқарушы органдар жұмысының алғы шебінде өңір экономикасына инвестиция тарту тақырыбы тұр. Осы мәселені жүйелі түрде қолға алған Алматы облысына қарасты Қаратал ауданының атқамінер азаматтары 2016 жылы өңірге 4873,2 млн. теңге инвестиция тартуды көздеп отыр. Оның 61,3 пайызы немесе 2986 млн. теңгесі бюджеттен тыс қаражатты құрайды. Бұл туралы Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте 43 этнос өкілдері тұратын Қаратал ауданының әкімі Қайрат Бисембаев мәлімдеді. Жалпы, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында ауданға 2054,0 млн. теңге инвестиция тартылған.
Экономиканың басым секторларына инвесторлар тарту аясында бұл өңірде екі ірі жоба жүзеге асырылуда. Оның алғашқысы — республикалық Индустрияландыру картасына «КА 2 РV қазақстандық кремний негізінде фотоэлектрлік модульдер өндірісін құру» жобасымен енгізілген «КаzSilicon» МК жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Өндірістік қуаттылығы жылына 5000 тонна металлургиялық кремний және 10000 тонна кварц өндірісі.
Бүгінігі күні металлургиялық кремний 99,9 (Si) пайызға жеткізілген. Дайын өнім (кремний) Франция, Норвегия, Нидерланды, Польша, Германия, Корей, Жапон және Рессей елдеріне экспортқа шығарылады.
Сарыкөль кен орнынан ашық амалмен кварц өндірілуде, оның өндірістік қуаттылығын 10000 тоннадан 200000 тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда. Осы мақсатта Екібастұз қаласындағы «Анфа силикон» компаниясынан 150 мың тонна және «Русал» Ресей компаниясынан 40 мың тонна кварцқа тапсырыс алып, келісімшарт қарастырылуда.
Екіншісі — 2,5 млрд. теңгені құрайтын «АгроИнвестКаратал» ЖШС-нің «Бордақылау кешені және ет өңдеу цехы» жобасы. Бұл жобаның негізінде 100-ден астам жұмыс орны құрылады, серіктестікте мал бордақылау комплексі, ет өндірісі мен өндеу цехтары іске қосылып, шығарылатын өнім экспортқа жіберіледі. Бұл жоба өңірлік индустриаландыру картасына енгізілген.
Жақын арада, нақтырақ айтқанда, тамыз айында аудан көлемінде инвестициялық форум өткізілу жоспарлануда. Оған отандық және шетелдік инвесторлар шақырылмақ. Болашақта қант қызылшасын өркендету, бақтарды қалпына келтіру, Қаратал өзенінің, Балқаш көлінің жағалауын дамыту үшін ірі инвесторларды тартуға қол жеткізіледі деген үміт бар.
Аудан экономикасына соңғы бес жылда барлығы 20,9 млрд. теңге инвестиция тартылған, оның ішінде бюджеттен тыс тартылған инвестицияның үлесі 50 пайызды немесе 10,2 млрд. теңгені құраған.