Елорда әкімдігі атқарған жұмыстардың нәтижесінде негізі жеткізушілермен нан, қант және ұнның бағасын төмендету туралы уағдаластыққа қол жеткізді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, бөлшек сауда желісіне бакалея өнімдерін жеткізетін «Мир Круп» ЖШС келісім жасалды. Компания қанттың бағасын 6 теңгеге арзандататын болды. Сондай-ақ, «Сапа Нан» ЖШС басшылығы нан бағасын 5 теңгеге түсіретінін мәлім етті. Бұдан басқа, сауда орындарында ұнның бағасы 15% төмендейді. Бұл туралы «Цесна» СМ ұн, макарон және жармалар дистрибьюторы «Астық Логистик» ЖШС басшылығы хабарлады.
Астана әкімдігі азық-түлік тауарларының бағасының өсуіне жол бермеу бойынша қажетті іс-шараларды қабылдап жатыр. Бейсенбі күні елорда басшысы Әсет Исекешевтің төрағалығымен азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мәселелерін талқылау бойынша кеңес өтті. Кеңес барысында қала әкімі әлеуметтік-маңызды тауарлардың, соның ішінде нан, жарма және қанттың бағасын ұстап қалуға бағытталған бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Күн сайын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін өткізу және сауда орындарының санын кеңейту, автодүкендер ашу туралы шешім қабылданды.
Қалалық әкімдіктің өкілдері жәрмеңкелерде өнімдер бағасына ұдайы бақылау жүргізеді. Бүгін ҚР Ұлттық экономика министрі мен Астана әкімі Әсет Исекешев ірі сауда нысандарын аралады.
Сонымен қатар, аталған мәселе бойынша қабылданған шараларды үйлестіру үшін елорда әкімінің орынбасары Андрей Лукиннің жетекшілігімен жедел штаб құрылды. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Андрей Лукиннің, қалалық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әсет Құрманғалиевтың, ірі тауар өндірушілердің қатысуымен брифинг өтті.
Қала әкімінің орынбасары Андрей Лукин елорда әкімдігі әлеуметтік маңызды азық-түлік өнімдерінің бағасы тұрақтанғанша күн сайын мониторинг жүргізетінін атап өтті. Өзге өңірлермен салыстырғанда Астанадағы жағдай орташа деңгейде.
Мұнымен қоса елорда әкімдігі қолданыстағы кәсіпорындарға қолдау көрсету, азық-түлік өнімдерін өндіру және сақтау бойынша жаңа кәсіпорындар құру, көкөніс сақтау қоймаларын, қайта өңдеу кәсіпорындарын, жылыжайларды дамыту бойынша жүйелі шаралар қабылдайды. Қазіргі кезде қала аумағында тамақ өнімдерін өндіру, қайта өңдеу және сақтау бойынша 18 жоба жүзеге асырылып жатыр.