Елордалық Ұлттық теннис орталығында Challenger ATP және ITF Women’s сериясындағы «Президент кубогы — 2016» турнирі басталды. Жарысқа 30 мемлекеттің спортшылары қатысады, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі. Дүбірлі додада Дмитрий Попко, Тимур Хабибуллин, Алексей Кедрюк, Камила Керімбаева, Гозаль Айнитдинова, Александра Гринчишина, Арина Талуенко сынды спортшылар ел намысын қорғайтын болады.
Турнир қорытындысы жексенбі, 31 шілде күні шығарылады.
Кубок аясында Қазақстанның барлық өңірлерінен келген 12 жасқа дейінгі балалар арасында жарыс өткізіледі. Аталған спорт түрінің әуесқойлары да жарыстан тыс қалған жоқ. Олар әуесқойлар арасындағы ІІІ Astana Open – 2016 республикалық турниріне қатысуда. Жыл сайын тенниспен айналысатын астаналықтар саны артып келеді. «Дәулет» СК директоры Қуандық Елжановтың айтуынша, қазіргі кезде орталықта 700 астам бала жаттығады, 15-тен артық маман жұмыс істейді.
Сонымен қатар, Қазақстанда Астана мен Шымкентте солтүстік пен оңтүстік өңірлерге арналған екі орталық құрылады.
Солтүстік өңірлерге арналған орталық Астанада «Дәулет» ұлттық теннис орталығының базасында жұмыс істейді. Тамыз айында халықаралық стандарттарға сай спортшылар тұратын жаңа кампус салына бастайды.