Жыл сайынғы «Мектепке жол» республикалық акциясы «Бақытты балалық шақ аумағы» ұранымен тамыздың 1-нен қыркүйектің 30-на дейін өткізіледі. Тұрмысы төмен, көп балалы отбасылардан шыққан, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға материалдық көмек көрсетіледі, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Сегіз жылдың ішінде акция аясында елордада 42 700 оқушыға жалпы, 362 млн 564 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді.
2016 жылы жергілікті бюджеттен аз қамсыздандырылған отбасылардан шыққан балаларға жаппай оқыту қорына 159 млн 557 мың теңге бөлінді.
№16, 56, 59 мектептерде халыққа консультативтік көмек көрсету үшін қоғамдық қабылдау бөлімдері ашылады. 10, 17 және 24 тамызда сағат 11-ден 17-ге дейін аталған бөлімдерге әлеуметтік көмек көрсету, мектепке орналастыру мәселелері бойынша жүгінуге болады. «Мектепке жол» акциясы аясында 55-72-49, 55-68-74, 55-68-70 номерлері бойынша қауырт желі телефондары іске қосылды.
Сонымен қатар, Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы 20-21 тамызда орталық алаңда мектеп жәрмеңкесін ұйымдастырады. Жәрмеңкеде мектеп формасы, кеңсе жабдықтары мен оқулықтар базардағыдан төмен бағамен сатылады.
Сонымен қатар, «Алғаш рет бірінші сыныпқа», «Отбасы отбасыға көмектеседі: баланы мектепке жинаймыз», «Балаларға бірге көмектесеміз» қайырымдылық шаралары өткізіледі.
10 тамызға дейін «Мейірімді қол» акциясы бойынша барлық ірі сауда орталықтарында («Хан-Шатыр» СОО, Орталық базар, «Евразия» СО және т.б.) тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балаларға көмектесу үшін мектепке қажетті киім-кешектер мен заттар жинауға арналған контейнерлер орнатылады.
Акция аясында құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен «Саяжай» және «Түнгі қаладағы балалар» рейдтерін өткізу жоспарланған.