Домой Жаңалықтар Қоғам Аткинсон ұрпақтары Жетісу жерінде

Аткинсон ұрпақтары Жетісу жерінде

Аткинсон ұрпақтары Жетісу жерінде

Аткинсон ұрпақтары Жетісу жеріндеАткинсондар деген кімдер? Шетелдік меймандардың біздің елге келгендегі мақсаты не?

Тарихқа сәл шегініс. Томас пен Люси Аткинсондар өзге еуропалықтарға дейін Орталық Азия және Сібірге саяхаттаған ХІХ ғасырдың белгілі зерттеушілері. Олардың еңбектері дала көшпенділерінің жерлері патшалық Ресейдің бақылауына өтпей тұрған кездегі тыныс-тіршілігі туралы бірегей жазбаларды ұсынады. 2015 жылы британдық журналист Ник Филдинг «Қазақ географиялық одағы» қоғамының қолдауымен осы таңғажайып саяхат туралы «Ұлы Дала Оңтүстікке: 1847-1852 жылдардағы Томас және Люси Аткинсондардың Шығыс Қазақстанға саяхаттары» атты кітабын жазды.

Аткинсондар болған жерлерде көбіне Ұлы және Кіші жүз қазақтары мекендеген. Өздерінің саяхаты кезінде Томас пен Люси қазақтың көптеген атақты би-сұлтандарымен жүздескен. Олар ауылдарға аялдап, қарапайым отбасылардың күнделікті тұрмысымен қоян-қолтық араласып, олардың сөздеріне дейін жазып алып, өмір сүру салтын шынайы суреттеген.

Т. Аткинсон қазіргі Қазақстан аумағы бойынша үш сапар шеккен.  Олар жайында өзінің «Шығыс және Батыс Сібір» (1858 ж.), «Жоғарғы және төменгі Амур аумағындағы саяхаттар» (1860 ж.) атты екі еңбектерінде суреттеген.

Ол бізідң елге алғаш рет 1847 жылы сапарлатқан. Алтай арқылы оңтүстікке Риддерге қарай бағыт алып, жол бойы Зайсан, Арқан, Көкпекті тауларындағы монастырь және солтүстіктегі далаларды көріп шыққан. Екінші сапарын 1848 жылы тамыз айында зайыбы Люсимен бірге қазіргі Солтүстік және Шығыс Қазақстан аумақтарына жасады. Бұл жолғы саяхатын Сібірдің Алтай өңірінен бастап, Зайсан және Алакөл көлдерінен асып өтіп, Жоңғар Алатауы бойымен шағын Қапал казак шекара бекетіне дейін жүрген.

 Т. Аткинсон үшінші мәрте 1852 жылы келген. Ол кезде шығыстан Солтүстік Монғолия және Солтүстік Жоңғария арқылы жеткен. Текелі басып, оңтүстікке Іле өзеніне дейін барады.

Люси Аткинсон да саяхаттары, яғни көзбен көргендері, көңілге түйгендері туралы «Татар даласы туралы естеліктер» атты кітап жазған. Кітап Т.Аткинсон қайтыс болғаннан кейін басылып шыққан. Тағы бір қызықты дерек: ерлі-зайыпты саяхатшылар Алматы облысы Ақсу ауданының Қапал ауылында болған кезінде дүниеге келген ұлдарының есімін Алатау-Тамшыбұлақ деп қойған. Осындай қызықты деректермен көпшілікті жоғарыда аталған кітап авторы Ник Филдинг таныстырды. Оның айтуынша, саяхатшы Орталық Азия мен Қазақстан және славян халықтарының тарихына қатысты 500-ге жуық сурет салған. Оның картиналарынан киіз үйдегі қазақ отбасының тұрмысын, ет пісіріп жатқан қазақ әйелдерін, домбырамен ән салған сал-серілерді және сәукеле киген қазақ қыздарын көруге болатындығын айтты

Алатау-Тамшыбұлақ қазақ жерінде бас-аяғы жеті жылдай жүрген саяхатшы ата-анасымен қазіргі Қапал топырағында тоғыз айлығына дейін өмір кешкен. Шағын ауылда сол жылдары қатты боран соғып, қытымыр қысқа шыдай алмай жергілікті 107 адам көз жұмғанда, әлжуаз болып туылған сәби Алатау-Тамшыбұлақ тірі қалған. Оны анасы Люси қасиетті Тамшыбұлақтың суына шомылдырған екен.

Арада 159 жыл өткенде, Томас және Люси Аткинсондардың Пол Далквист, Белинда Браун Молли және Кайнау Фей есімді шөпшектері отбасыларымен және Филиппа Смит, Роуз Уайтхед атты неменелері даңқты ата-бабасының табаны тиген жерлермен жүріп, олардың еңбектерінде суреттелеген табиғат тамашасына куә болуы мақсат тұтыпты. Осы орайда айта кетейік, Аткинсон ұрпақтары Қазақстанға Ұлыбританиядағы ҚР Елшілігінің, Алматы облысы әкімдігінің, «Қазақ географиялық қоғамы» қоғамдық ұйымының және ҚР Ұлттық кітапханасының шақыртуымен келді.

Шетелдік саяхатшылар ұрпақтарымен өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында алғысөз сөйлеген Алматы облыстық туризм басқармасының басшысы Жанар Алшынбаева меймандарға сәт сапар тіледі. Ал, Т. Аткинсонның ұрпағы – этнограф Пол Далквист қазақтың қонақжайлылығына, жомарттығына тәнті екендігін жеткізді.

Біздің қадірлі қонақтардың Жетісу жерінің тамашасын төрт күн бойына тамашалауға мүмкіндігі бар. Ақсу ауданы Қапал ауылында орналасқан Тамшыбұлақ бұлағының бойына мемориалдық тақта орнату салтанатына қатысады. Одан соң «Жоңғар Алатауы», «Алтын Емел», «Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи парктеріне саяхаттайды. Сарқан, Кербұлақ, Панфилов және Ұйғыр аудандарының бірегей табиғи, тарихи, туристік нысандары бойынша да экскурсия жасайды.

Аталмыш бірегей сапар туралы «ВВС» компаниясы деректі фильм түсіруді жоспарлаған көрінеді.

Аткинсон ұрпақтарының бұл сапары екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықтың дамуына және достық қарым-қатынастың нығаюына, Қазақстанның халықаралық дейгейдегі имиджінің көтерілуіне қосымша ықпал ететініне сенімдіміз.

Нұржамал Әлішева

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here