Домой Жаңалықтар Қоғам Қант қызылшасын өсіру қарқыны артып келеді

Қант қызылшасын өсіру қарқыны артып келеді

Қант қызылшасын өсіру қарқыны артып келеді

Қант қызылшасын өсіру қарқыны артып келедіҚант қызылшасын өсірудің озық технологиясы, егістікті суару, тыңайтқыштарды тиімді пайдалану, егіс алқаптарының көлемін ұлғайту – қант өндірісін дамытудың негізгі бағыттары. Бұл туралы Алматы облысы әкімі Амандық Баталов Көксу және Сарқан аудандарына барған сапарында айтты.

Алдымен облыс әкімі Көксу ауданында болды. Ондағы қант зауытына және салынып жатқан сүт-тауарлы фермасына барды. Көксу қант зауыты директорының орынбасары Нұржан Қарғабаевтың айтуынша, биылғы жылы Көксу зауыты екі мың тоннадан астам шикізат өңдеуді жоспарлап отыр. Ол үшін бірнеше өндіріс цехында жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Азық-түлік, сөл тазарту цехтары толығымен жаңартылып, диффузиялық бөлім, вакуум аппараттары жөндеуден өткізілуде. Жаңғырту жұмыстары қыркүйек айының ортасында аяқталып, зауыт қазан айында толығымен іске кіріспек.

Облыс басшысы барған келесі нысан құрылысы жүріп жатқан сүт-тауарлы фермасы болды. «Жетісу» ӘКК» ҰК АҚ мен «Каримов» ЖК арасындағы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде салынып жатқан заманауи жобаға 1 млрд. 300 тыс. теңге құйылды. Бұл 400 басқа арналған жоғары технологиялы роботтандырылған сүт-тауарлы фермасы болмақ. Мұндай ферма құру арқылы мал азығымен қамтамасыз ететін бірнеше кооперативтер ұйымдастырылады. СТФ-ның жобалық қуаты жылына 2500 тонна сүт өндіре алады, жылына 40 басқа дейін сүтті бағыттағы асыл тұқымды бұзауларды өсіруге мүмкіндігі бар. Сонымен қатар жыл сайын 50 тонна ет облыс пен еліміздің нарығына шығарылмақ.

Облыс әкімінің жұмыс сапары Сарқан ауданында жалғасты. Мұнда облыс делегациясы қант қызылшасын өсіретін «Самал» шаруашылығында болды. Шаруашылық басшысы Ермек Қалиев «Самалдың» екі жүз гектар жері бар екенін, оның басым бөлігінде қызылша, тағы 350 гектарға соя егілгенін айтты.

Бұдан әрі облыс басшысы «Жастар» шаруа қожалығына атбасын тіреді. Бұл шаруашылық биылғы жылы аудандық «Жасыл ел» жастар отрядының бастамасымен құрылған. Оның белсенділері, яғни отызға жуық сарқандық қыздар мен жігіттер 4,5 гектар жерге қант қызылшасын өсіруді қолға алған.

Сонымен қатар ресми делегация қызылша өсіретін «Жасқанат» шаруа қожалығында да болды. Оның алқабының аумағы 583 гектар жерді алып жатыр. Басшысы Қанат Біліскелдинов қызылша өсірумен қатар мал шаруашылығын дамытып отырғанын тілге тиек етті. Мұнда ірі қара табыны мен 450 бас қой өсіріліп отыр.

Жұмыс сапарын сарқандық ауыл шаруашылығы бірлестіктерінің белсенді өкілдерімен болған кездесу қорытындылады. Ашық аспан астындағы кездесуде Амандық Баталов шаруалардың қиын да жауапты істегі ерен еңбектері үшін ризашылығын білдірді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасымен Жетісу жерінде қант қызылшасы қайта жаңғыртылып жатқанын, облыс Қазақстанда алдыңғы қатардағы қант қызылшасын өсіруші аймақ болатынын жеткізді.

— Қызылшашыларға жан-жақты көмек көрсетілуде, бұдан әрі де сол қолдау жалғастырылатын болады. Бүгінгі күні сіздер үшін заманауи техникалар, бөлшектер, жоғары өнімді гибридті тұқым сатып алынуда, субсидия, гербицидтер, жағармай бөліп отырмыз. Алдағы күз сол атқарылған игі істердің нәтижесін көрсетеді деп сенемін. Мемлекет пен шаруалардың ортақ ісінің арқасында біз қант қызылшасын еліміздегі ең маңызды дақылдардың біріне айналдырамыз, — деді А. Баталов.

Жалпы, Сарқан ауданына барған сапарында облыс әкімі Новопокровка ауылындағы орта мектептің ғимаратын аралап, «Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық парк» аумағында болды. Қылқан жапырақты, жапырақты, декоративті және жеміс ағаштарын өсіруге маманданған ұдттық парктің жасыл желек қорында қазір он сегіз түрлі жарты миллион түп ағаш бар. Ұлттық парк пен оның Алакөл және Лепсідегі филиалдары жұмыстарының басты бағыттарының бірі ретінде апорт алмаларын өсіруге ден қойып отыр.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here