Талдықорған қаласының Өтенай селолық округіне қарасты Еңбек ауылында күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін жаңартылған Мәдениет үйінің салтанатты ашылуы өтті. Бұл нысанға құрылыс жұмыстары «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы аясында жүргізілді.
Бұл туралы Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жаңа Мәдениет үйінде 80 орындық кең көрермен залы бар. Кітапхана қызмет етуде. Ақсақалдар алқасының, учаскелік полиция, фелдшерлік-акушерлік пункт пен ветеринария пункттері, сондай-ақ дене шынықтыру және фитнеспен айналысушыларға да арнайы жабдықталған кабинеттер қарастырылған.
Бұдан бөлек, шахмат үстел ойынына, кілем тоқушылар мен ат әбзелдерін жасаушылардың сәндік-қолданбалы өнер үйірмелері тағы бар.
Ашылу салтанатынан кейін көпшілік назарына «Талдықорған әуендері» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің дайындаған мерекелік концерттік бағдарламасы ұсынылды.