«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 55-ші қадамында өңдеуші секторға трансұлттық компанияларды тарту туралы айтылған. «Қазақстан 2030» стратегиясында да Елбасы атап өткендей «…Қазақстан шетелдік капиталсыз, технологиялар мен тәжірибесіз жылдам экономикалық өсім мен жаңартуға қол жеткізеді деп ойлау қиын». Сондықтан сол кездің өзінде Инвестициялар бойынша мемлекеттік комитет, Шетелдік инвесторлар кеңесі құрылып, ірі инвесторлар тартылған.
Осындай игі қадамдардың нәтижесінде Алматы облысы аумағында брендтік өнім шығаратын «Coca-Cola», «Danone», JTI, Phillip Morris, «FoodMaster», «Knauf», «Efes», «TerraNOVA» сияқты белгілі компаниялар жұмыс істейді.
— 2015 жылы трансұлттық компаниялардың қатысуымен Қарасай ауданында «Tikkurila»(Финляндия) лак-бояу зауыты ашылды. Енді Resmi Групп (RG Brands) жеке инвесторымен МЖӘ тетігі бойынша Көкөзек қосалқы станциясын салу жоспарлануда. Ол электр энергиясының қуаттылығын арттыруға және жақын маңдағы Coca-Cola, Efes, RG Brands өндірушілерінің өндіріс көлемін көтеруге мүмкіндік береді, — дейді Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Маржан Мұрат .
Сондай-ақ, Текелі қаласында «Bapy Mining» ЖШС «Инновациялық технология бойынша темір кенін өңдеу мен қайта өңдеу арқылы шекті шойынды алу» жобасы жүзеге асырылуда. Жобаның басты инвесторы павлодарлық «KSP Steel» ЖШС құбыр зауыты. Оның экологиялық бөлімін неміс компаниясы THYSEN Group жүзеге асырады.