«Астана» велокомандасы жаңа төрт шабандозбен мәміле жасасты. Олар екі жылдық келісімшартқа ие болды.
Жаңа шабандоздар — Оскар Гатто, Михаэл Вальгрен, Йеспер Хансен және Морено Мозер. Алғашқы үшеуі — Tinkoff командасынан ауысты, ал Мозер — Cannondale-Drapac командасынан келген.
31 жастағы Оскар Гатто классикалық жарыстарға маманданған, қанжығасында 14 жеңіс бар, оның ішінде Dwars door Vlaanderen жүлдесі де бар. Он жыл ішінде итальяндық он бір Гранд турға қатысқан.
24 жастағы Михаэль Вальгрен «Льеж — Бастонь — Льеж» жарысында екі рет жеңімпаз атанған (2012 және 2013 жылдары), және Дания чемпионатында да екі рет жеңіске жетті. Сондай-ақ, биыл айтулы Amstel Gold Race тұғырынан көрінді. Жақында өткен «Тур де Франсты» қосқанда, велоспортпен айналысқан алты жыл ішінде Михаэль үш Гранд турға қатысқан.
25 жастағы Йеспер Хансен тау жарыстарына және кезеңдерге маманданған. 2015 жылы «Норвегия турының» чемпионы атанды және бір кезеңінде жеңіске жетті, 2016 жылы «Хорватия турында» екінші орынға ие болды.
25 жастағы Морено Мозер — атақты итальяндық велошабандоз Франческо Мозердің немересі, оның қоржынында жеті алтын бар. «Польша турында» жеңімпаз атанып (2012 жылы), екі кезеңінде жеңіске жетті. 2013 жылы «Страде Бьянке» жарысында да қатарынан озып шықты.
«Биыл төрт жаңа велоспортшымен келісімшартқа отырдық. Оскар Гатто — классикалық жарысушы және тамаша мәреге жетуші. Оның тәжірибесі көп және Алексей Луценкоға көмектесетін болады. Михаэль Вальгрен де мол тәжірибелі спортшы, ал Йеспер Хансен тау кезеңдері мен марафонды қашықтықтарда Фабио Аруға жәрдемдеседі. Әрине, Морено Мозер біздің қозғаушы күшіміз болмақ, оның әлеуеті өте мықты, «Париж — Ницца» секілді жарыстарда ол өзін бар қырынан көрсетеді деген сенімдемін. Ол «Джиро» жарысында өзін танытты, одан да жоғары жетістіктерге жетеді», — деп мәлімдеді «Астананың» бас менеджері Александр Винокуров.