Бүгінгі күні республикалық «Мектепке жол — 2016» акциясы жалпы еліміз бойынша басталды. Бұл қайырымдылық шарасы биыл 9-шы жыл өткізіліп тұр. Осы жылдар ішінде қажетті мектеп қажеттілігімен және мектеп киім-кешектерімен жүз мыңдаған бала қамтамасыз етілді. Биылғы жылы акция «Бақытты балалық аумағы» ұранымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып отыр.
Дәстүрлі акция аясында өңірдегі алғашқы қайырымдылық шарасы облыс орталығындағы № 14 мектеп-гимназияда өтті. Осы жерде қоғамдық штаб орналастырылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, республикалық акцияда қамтылатын балалар саны жыл сайын ұлғайып келеді. Мәселен, өткен жылы Талдықорған қаласының өзінде ғана екі мың балаға қолдау көрсетілсе, биылғы жылы үш жарым мың оқушыны қамту жоспарланып отыр. Қаланың барлық мектептерінде мектеп қажеттіліктері мен киім-кешектерін жинайтын орындар белгіленіп, акция туралы ақпараттық стенділер орнатылған, логотиптер ілінген. Қайырымдылық шараларына кез келген қалаған адам қатыса алады. Акция 30 қыркүйекке дейін жалғасады.
Сондай-ақ аймақта 3 тамыздан бастап мектепке қажетті заттарды саудалайтын мектеп жәрмеңкелері жұмысын бастайды.