Талдықорған қаласында түрлі қалдықтарды өңдейтін «ЭкоСервис-Арман» ЖШС зауыты жұмыс істейді.
Кәсіпорын директоры Гүлнар Мадыбаеваның айтуынша, жобаның құны 250 млн. теңгені құрайды. Мұнда италияндықтардың идеясымен Қытайда жасалған қондырғылар орнатылған. Инновациялық жоба халықаралық стандартқа сәйкес шикізатты қалдықсыз өңдейді. Кәсіпорынның жобалық қуаты күніне 50 тонна қалдық өңдеуге қауқарлы. Зауыт резеңке, пластик, қағаз, медициналық қалдықтар, тіпті мал өлекселерін де өңдеп, олардан газ, қара май, жанар-жағармай, техникалық көміртегі мен жартылай кокс ала алады. Бұл өнімдердің бәрін қайталай өндіріске қолдануға мүмкіндік мол. Тіпті, өңдеу жұмысынан кейінгі күйенің өзі баспаханаларда бояу ретінде қолданылады, сондықтан оған да сұраныс бар.
Зауыт мұржасынан түтін мен зиянды заттар шықпайды. Себебі шикізат жанғанда одан шығатын түтін пеш ішіндегі катализаторда, арнайы дайындалған су бассейнінде сүзіліп қалады. Сондықтан сыртқа тек ақ түтін мен бу ғана шығады. Мұнда әзірге 30 адам жұмыс істейді. Зауыт толық қуатына шыққанда жұмысшылар саны тағы да толыға түспек.