Түркістан қаласының орталығындағы аялдамадардың біраз бөлігін 2000 жылдары жеке кәсіпкерлер жалға алып, шағын сауда дүңгіршектерін ашқан болатын. Бір отбасының табыс көзіне айналған бұл орындар жолаушылар үшін де тиімді еді.
Десе де қазіргі күні тозығы жетіп, көнерген бұл орындарды қайта жаңғырту мақсатында жергілікті билік бастама көтерді, деп хабарлайды Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметі. Осы бағытта жалға берілген аялдамадарды жаңарту үшін атқарушы орган өкілдері меншік иелеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ұсыныс жасаған.
Нәтижесінде игі бастаманы қолдаған кәсіпкерлер өздері салған аялдамаларды бұзып, жолаушылардың қоғамдық көлікті күту орнын мемлекетке қайтаруға бірауыздан үлестерін қосуда.
Бүгінгі таңда қала орталығындағы сәулеті келіскен аялдамалар жаңадан орнатылуда. Ерекшелігі сол, түнгі мезгілде де жарық беріп тұратын бұл орындарда көпшілік үшін ел көлеміндегі басты оқиғалар бейнеленген көрнекі құралдар орнатылған.