Астана қаласынан 35 км жерде Ақмола облысында бір апта бойы «Джамбори-2016» скауттар слетінің палаталық лагері жұмыс істеді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі. Шараға Астана, Павлодар, Қостанай, Шымкент, Ақтөбе қалаларынан 8-ден 16 жасқа дейінгі 100 артық бала қатысты, сондай-ақ Германиядан келген делегация өз тәжірибесімен бөлісті. Скауттар слеті Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өткізілді.
– Биыл скауттар қозғалысына қолдау көрсетуге шештік, елордалық жастар салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін табиғатқа шығуы керек, дене тәрбиесін дамыту, ашық табиғатта аман қалу әдістеріне және өмірлік қиын жағдайларда дұрыс әрекет етуге үйренуі қажет. Шараға Германия делегациясы да қатысты. Бұл тәжірибе алмасудың жақсы мүмкіндігі, – деді «Астана жастары» ресурстық орталығының волонтерлік қозғалысты дамыту бөлімінің басшысы Эльвира Есмұханова.
Слет барлық санитарлық талаптар мен қауіпсіздік ережелері ескерілген палаталық лагерьде өтті. Жас скауттар төрт орындық палаткаларда тұрып, туристік кілемшелермен және көрпелермен қамтамасыз етілді. Лагерь аумағы төртке бөлінді.
Қатысушылар таңертең жаттығу жасап, күндіз түрлі квест ойындарына, конкурстарға қатысты, ал кешке тақырыптық фильмдер көрді. Сондай-ақ, скауттарға арналған «Өз қолыңмен жасау», «Тарихи семсерлесу», «Құзға шығу» шеберлік дәрістері өткізілді.