«Жастар» сарайында кезекті бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі. Шараға қызмет көрсету, білім, денсаулық сақтау, құрылыс және т.б. салалардағы 60 жуық жұмыс беруші қатысты.
Жәрмеңкенің басты ерекшелігі – арнайы тренингтердің өткізілуі, шараны ұйымдастырушылар жұмыс іздеушілермен сұхбаттасудан табысты өтудің құпияларымен бөлісті. Жұмыспен қамту орталығының басшысы Олжас Омар бірінші кезекте жастарға консультациялар берілетінін атап өтті. Оларға жұмысты қалай іздеу керек екендігі, сұхбаттасудан өту, жұмыс берушімен әңгімелесу жағдайлары түсіндіріледі.
— Бүгін сегізінші бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізіп жатырмыз. Шараға 60 жуық жұмыс беруші қатысуда, 300 жуық бос жұмыс орны ұсынылады. Келесі жәрмеңке 11 тамыз күні білім саласындағы бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіледі, — деді ол.
Жалпы, жыл басынан бері Жұмыспен қамту орталығына 8 мыңға жуық адам хабарласқан. 4 мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылды, 400 жуық түлек жастар практикасынан өтіп жатыр. 600 жуық адам қайта даярлануда.
– Мен пластик терезелер монтаждаушысы болып істеп жүрмін. Бірақ бұл жұмыс өзіме ұнамайды. Жәрмеңкеге басқа жұмыс табу үшін келдім. Кеше Жұмыспен қамту орталығында болып, жәрмеңке өткізілетіні туралы естідім. Түйіндемемді тапсырдым, енді сұхбаттасуға барамын, – дейді қала тұрғыны Абзал Ерденбаев.