
Алматы облысы Үштөбе қаласында шағын орталығы бар И. Есенберлин атындағы орта мектеп ғимараты күрделі жөндеуден өтуде. Бұл жобаның сметалық құны 365 млн. теңгені құрайды.
Жобаға сәйкес жөндеу жұмыстары мамыр айында басталған болатын. Білім мекемесінің жаңартылатын ғимаратының алаңы 1550 шаршы метр. Мектептің жанында орналасқан шағын орталық 50 орынға лайықталған, оның ауқымы 437 шаршы метр.
Бүгінгі күні нысанда іргетасын, қабырғасын бекемдеу, шатырын ауыстыру жұмыстары толығымен жасалды. Сонымен қатар ғимарат ішінде су және жылу жүйелерін орнату ісі тәмамдалды. Электр монтаж жұмыстары 90%, ішкі әрлеу жұмыстары 70% аяқталды. Сондай-ақ ғимараттың қасбеті мен сыртқы инженерлік жүйелері де жаңартылу үстінде. Мектеппен қатар шағын орталықта да жөндеу жұмыстары жасалып жатыр.
Жалпы құрылыс алаңында 140 адам жұмыс істейді, олардың тең жартысы — жергілікті тұрғындар. Құрылысшылардың негізгі күші мектеп ғимаратына салынуда, себебі 1 қыркүйекке дейін жаңарған, жаңғырған мектеп оқушыларды қабылдауға дайын болуы керек. Ал жалпы құрылыс жұмыстары толығымен биылғы жылдың желтоқсан айының алғашқы онкүндігінде бітеді деп жоспарланып отыр.
Мектеп ғимаратының жаңартылуы нәтижесінде мұнда оқушыларды еңбекке баулитын арнайы кабинет, сол сияқты заманауи құрал-жабдықтары бар
мультимедиялық кабинет пен компьютерлік бөлме де болады. Мектеп ауласында футбол, баскетбол және тренажер алаңдары бар спорт кешені де пайда болмақ.