Түркістан қаласында тарихы ғасырдан асатын үлкен ұжым бар. Ол – Мақсұт Искендиров басқаратын «Түркістан локомотив пайдалану депосы». Өңірде соңғы жылдары игі істерімен көзге түсіп жүрген ұжым орналасқан аула бүгінде талай жолаушының тағдырын ішіне бүккен көне локомотивтердің мекеніне айналған.
Атап айтсақ, 1904 жылы жолға шыққан паровоз бүгін ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан теміржолшылардың қара шаңырағына аялдап, осындағы тарихи техникалардың санын арттырды.
Нақтысы, қала әкімдігінің бастамасымен және Түркістан бекеті тораптық ұжымдары қызметкерлері мен жұмысшыларының қолдауы арқасында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, «Паровоз» ескерткіші орнатылды, деп хабарлайды Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Қала әкімі Ә.Өсербаев, қалалық мәслихат хатшысы Ғ.Сәрсенбаев және осы саланың ардагерлері игі шараға қатысып, теміржолшыларды кәсіби мерекесімен құттықтады. Және де ескерткіштің лентасын қиып, игі бастамаға ыстық ықыластарын жеткізді.