ОҚО Төлеби ауданының жастары игі істі қолға алды. Ондағы «Жастар орталығының» мамандары бас болып, «Мейірімді жүрекпен» қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, аудандағы аз қамтамасыз етілген бірқатар отбасыларға жәрдем беруде.
Күнделікті азық-түлікпен қамтамасыз етіліп отырған 10 отбасыға жергілікті қайырымды кәсіпкерлер демеушілік танытып жатыр, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі. Мәселен, төлебилік бизнесмен Е.Жабаев акция шеңберінде азық-түлікпенқамтуды мойнына алса, М.Қойбағаров өз дүкенінен арнайы орын дайындап, күнделікті ыстық нан таратуды міндетіне санап отыр. Кәсіпкерлер бұл қайырымдылық істерін жыл соңына дейін жалғастырмақ.
Аудан жастары игілікті істің жалғасын табатынына сенімді. Ендігі кезекте олар кәсіпкерлердің көмегімен жағдайы төмен отбасыларды киім-кешекпен қамтудың жолын қарастырып жүр. Қыркүйек айының соңына дейін жалғасатын «Мейірімді жүрекпен» акциясына өзгеге қуаныш сыйлап, аз да болса көмек қолын созғысы келетін кез келген атымтай жомарт қатыса алады.