Маған жиі қойылатын сұрақтардың бірі — «Лондонда оқысам, стипендиям жете ме? Ақша жағынан қиналып қалмаймын ба?».
Бүгін осы және осының маңайындағы мәселелерге жауап берсем.
«Болашақ» стипендиаттарына тұрған қалаларына байланысты қаржы тағайындалады. Ең көбі — лондондықтар (2200 доллар). Англияның қалған қалаларында оқитындар 1900 доллар алады. «Ойбой, көп ғой» демей күте тұрыңыз. Осы көп ақша Англиядағы ең төменгі жалақымен тең. Бұл қаржы Қазақстандағыдай емін-еркін өмір сүремін десеңіз, бір айға әрең жетеді. Ал «тарта жесеңіз тай» қалдырып, «қоя ішсеңіз қой» қалдыруға мүмкіндік бар.
Лондондағы ең қымбат нәрсе — үйді жалға алу құны. Шыны керек, ақшаңыздың көп бөлігі осыған кетеді. Бір бөлме құны кемінде 400 фунттан басталады (200 мың теңге). Ондай бөлмелерді қаланың сырт жағынан, 3-6 зонадан табасыз. Ал орталыққа жақын тұрғыңыз келсе, кемінде 600 фунт шығындау керек. Бұл көп бөлмелі үйдің бір бөлмесінің құны. Бір бөлмелік пәтердің ақысы бұдан да жоғары болуы мүмкін. (Мысалы бір досым орталықта студио пәтерді 900 фунтқа жалдап отыр). Бірақ бұл қиындықтан шығатын жол бар.
Сонымен, бірнеше қазақ бірігіп бір үйді жалдаған тиімді. Тіпті, бір бөлмеде 2 адамнан жатуға болады. Сонда жоғарыдағы 700-800 фунттың жартысын бөліп төлеуге мүмкіндік туады. Мысалы, былтыр біз 5 жігіт 3 бөлмелі пәтерде тұрдық. 3 бөлме деген аты ғана. Әйтпесе ең үлкен, Timur Matkassimov екеуміз жатқан бөлменің ауданы 2*3,5 метр болатын (7-8 шаршы метр ғой). Осы үш бөлмелі күркешеге біз 2000 фунт төледік. (Әлбетте, үш бөлмеге үш адам тұруға болатын еді. Алайда олай жасаған жағдайда мен Европаны аралауға ақшам жетпейтін еді).
Бұл әдісті Англияда тұратын студенттердің көбі жасайды. Ендеше, Англияға оқуға келейін деп жатқан студенттер де солай жасағаны абзал. Қазір Лондонда Пентонвил деген көше бар. Марина деген риэлтордың арқасында қазақтар пәтерді осы көшеден көптеп алады. Оны студенттер әзілдеп, «Қазақ ауылы» атап кеткен. Солар секілді бірнеше студент жиылып, бір пәтерді жалдасаңыз әжептеуір ақша үнемдеуге мүмкіндік бар.
Шығыныңыздың екінші көп бөлігі тамаққа кетеді. Көшеден шай алып ішкіңіз келсе, 500 теңге төлеуге тура келеді. Кофе 1,5 фунт (750 теңге). Дөнерді түріктерден 5 фунтқа (2500 теңге) аласыз. КФС да сол шама. Асханалардан бір түскі асты 10 фунтқа (5000 теңге) ішіп шығуға болады. Сонымен, күн сайын сырттан тамақ ішуге 10 фунт жұмсап отырсаңыз, бір айда 300 фунттың (150 мың теңге) төбесіне су құясыз. Үйге де азық-түлік алатыныңыз анық. Қалағаныңызды жеуге тырыссаңыз, оған да 250-300 фунт кетіп қалады.
Алайда бұл шығындарды үнемдеуге мүмкіндік бар. Сырттан айына бір рет болмаса, тамақ іше бермеңіз. Старбакс, Коста кедейлердің кофеханасы болғанымен, біз секілді студенттердің қалтасына ауыр тиеді. Сондықтан, мүмкіндігінше оларға аз барған жөн. Оның орнына үйден тамақ істеп, ыдысқа салып университетке апаруға болады. Шайды термосқа құйып алу да құпталады. Онсыз да университеттің көп студенті солай жасайды (арабтардан басқа). Бір бұрышта екі ұртыңыз бұлтыңдап тамақ ішіп отырған сізді көрген ешкім біздегідей «жынды ма?» деген ала көзбен қарамайды. Осылай жасасаңыз, кемінде 250 фунт үнемдейсіз (Бұл ақшаға 3 күнге Парижге барып қайтуға болады). Мысалы, мен тамақты үйден істеп ішемін. Айына ары-кетсе 60-70 фунтқа продукт алады екенмін. Яғни, мен кемі 300-350 фунт үнемдеп отырмын.
Продуктыны да қай жерден алуды, супермаркеттің бағасын, жеңілдіктерді біліп жүрген абзал. ASDA, Liddle супермаркеттері басқаларға қарағанда арзанырақ. Көкөніс, жеміс-жидек алу үшін жайма базарға барған тиімді (Camden town, Angel Market). Етті пәкістан, бангладештықтардан не түріктерден аласыз. Әйтпесе халал ет табу өте қиын. Бір жерден жиі-жиі алып тұрсаңыз, жақсылап танысып алуға болады. Соның арқасында жеңілдік жасап береді олар да. Кей дүкендерде 1 заттың құны 1,5 фунт болса, сол заттың екеуін 2 фунтқа алуға болады деген секілді жеңілдіктер де бар. Соларға да мән бере жүрген абзал. Сосын күн сайын 1 кг-нан 5 күн картоп алғаннан, 1 күні барып 5 кг алып кеткен арзанға түседі. Одан кейін, аста-төк тамақ сатып ала берсеңіз де, үнемдей алмайсыз. Күнде таңертең йогурт ішсеңіз де, ішпесеңіз де ештеңе өзгермейді. Міне, бір жыл болды күнде макарон жеп келемін. Өлген де жоқпын, біреуден кем де қалғаным жоқ.
Шығынның үшінші бөлігі жолға кетеді. Қаланың сыртқы зоналарында тұрсаңыз айына кемінде 150 фунттай жолға жұмсайсыз. Сондықтан оқитын университетіңізге жақын жерден, жаяу баруға болатындай қашықтықтан пәтер жалдаған тиімді. Үйді жалдаған кезде де осыны ескерген абзал. Алыс қашықтықтағы 400 фунттық үйден, университетке жақын 500 фунттық үй тиімді.
Шығынның тағы бір көп бөлігі киім-пиімге кетуі мүмкін. Әсіресе, қыздарда солай деп ойлаймын. Алайда менде бұған көп шығын кеткен жоқ. Жалпы өзімнің шопингке қатты құмар еместігім және Тараздағы көк базардан әкелген киімім бар, жалпы екі жыл Англияда жүріп 4-5-ақ киім алған шығармын. Шопоголик болсаңыз да, Англияда киім алуды аздап азайтқан дұрыс. Лондонда қызылды-жазылды арбайтын нәрсе көп. Алайда бәріне қызыға беру де қалтаға қиын тиеді. Қатты қызығып бара жатсаңыз, дүкендердің әсіресе брендтердің жеңілдік жасауын күтіңіз. Осы sale, clearance-тың арқасында жап-жақсы киімді арзан бағаға алуға болады. Мысалы, мен 8 фунтқа (4000 теңге) Colors of Benetton-ның футболкасын скидкамен алдым. Ал дәл сол футболка Қазақстанда 12 мыңға тұр. Былтыр бір досыма New Balance-тың екі кроссовкасын 100 фунтқа (сол кездегі курспен 30 мың теңге) әкеліп бердім. Ал Хан шатырда сол кроссовканың әрқайсы 50 мыңнан сатылып жатқан еді.
Жалпы Англиядағы өмір Англияда тұрып, айлықты сол жақтан алатындар үшін өте арзан. Алайда теңгесі жыл сайын девальвацияланатын қазақстандықтар үшін өте қымбат. Соны ескеру керек.
П.С. Биыл стипендиямды үнемдеп жұмсауымның арқасында әке-шешемді Англияға қыдыртуға мүмкіндік туды. Осы сапарда олардың қалтасынан көк тиын шыққан жоқ. Стипендияңызды үнемдеп жұмсай алсаңыз, тек ғана Англияда өмір сүріп қана қоймай, әке-шешеңізді қыдыртуға да мүмкіндік туады. Суретте ата-анам Лондондағы танымал Реджент стрит (Regent street) көшесінде.