Астаналық полицейлерге қылмыстарды ашуға, құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтауға қызметтік иттер де көмектеседі. Оларды Астана қаласының ІІД Кинологиялық қызмет орталығында дайындайды, деп жазады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Иттерді күшік кезінен бастап кезең-кезеңмен үйретеді. Алдымен олар атына, қарғыбауға және шылбырға дағдыланады. Кейіннен дербес бағдарлама бойынша түрлі бағыттарда жаттықтырылады. Орталықта иісшіл иттер із кесу, есірткі, жарылғыш заттарды іздеу, адамның иісін сәйкестендіру, адамдарды иісінің ізімен іздеу, сондай-ақ, шабуыл жасауға машықтанады. Иттер әртүрлі болады, ең бастысы, олардың жүйке жүйелері тұрақты болуы керек. Негізінен, неміс және бельгиялық овчаркалар, лабрадор, ротвейлер, спаниель тұқымындағы иттер қызметке тартылады.
Сабақтан кейін күн ыстық болғанда жануарлар орталық аумағында орналасқан бассейнге түседі. Кинологтар өз иттерін өздері бағып-күтеді. Төрт аяқты «жауынгерлер» құрғақ теңдестірілген қорекпен қоректенеді.
Қызметтік иттер нақты жұмыс істеу қабілеттілігі мен жағдайына қарай орта есеппен 8-10 жыл қызмет етеді.
Елордада жарылғыш заттың қойылғаны туралы ақпарат келіп түскенде серіктеріміз бірден аттанады. Бақытымызға орай, мұндай хабарлар көп жағдайда жалған болып шығады. Жалпы, жыл басынан бері қызметтік иттердің көмегімен 800 жуық қылмыс ашылды.