Жылумен қамту кәсіпорнын кеңейту және қайта жөндеу аясында ЖЭО-2 аумағында №7 қазандық агрегатын іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі. Сенімділігі мен қауіпсіздігін тексеру үшін қондырғы толық іске қосылады. Тиісті тексеру жұмыстары қондырғыны сенімді әрі қауіпсіз пайдалануға кедергі келтіретін жобаның және құрастырудың барлық кемшіліктерін анықтауға және жоюға септігін тигізеді.
Бір айға созылатын іске қосу-реттеу жұмыстары кезінде резервті отын – мазут пайдаланылады, сондықтан ЖЭО №2 құбырынан атмосфераға «қара түтін» тарауы мүмкін.
Бұл ретте елордадағы экологиялық ахуалдың нашарламайтынын айта кеткеніміз жөн. «Астана-Энергия» АҚ қоршаған ортаны қорғау зертханасының мәліметінше, санитарлық-қорғау аймағындағы шекарада атмосфералық ауаға шығарылатын зиянды заттардың нормадан асып кетуі тіркелмеген.