«Аялаған Астана – 2016» конкурсының жеңімпазы Жанель Сәдуақас жас орындаушылардың «Балалар Жаңа толқыны» халықаралық байқауына Қазақстанның атынан қатысады, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Байқау тамыздың 11-і мен 13-і аралығында «Артек» балалар лагерінде өтеді, әлемдік музыка сайысында 11 мемлекеттен 8-ден-12 жасқа дейінгі балалар шеберлік байқасады.
Жанель Сәдуақас «Айгөлек», «Жұлдызды жол», «Лина Арифулинаның балалар караокесі» және «Аялаған Астана — 2016» сынды көптеген музыкалық байқауларда топ жарған. Жас әнші оқудан бос уақытында ән айтып, фортепианода ойнайды, кітап оқиды, би билейді, ат спортымен, семсерлесумен, сурет салумен айналысады, кесте тігіп, дәмді тағамдар әзірлейді.
Еске салайық, өткен жылдары «Аялаған Астана» байқауында көкшетаулық Болат Батырбаев, астаналық Мұхаммедәлі Жүгінісов пен алматылық Данэлия Төлешова жеңімпаз атанған болатын. 2013 жылы Болат Батыржанов «Балалар Жаңа толқыны» байқауының сәнді қатысушысы деп танылса, 2014 жылы Мұхаммедәлі Жүгінісов лауреат атанды. Ол байқауда 3-орын алды. Ал Данэлия Төлешова көрермендер көзайымы сыйлығына ие болды.