Елордада 1 тамызда жыл сайынғы «Мектепке жол» республикалық акциясы басталды. Тоғыз күннің ішінде тұрмысы төмен отбасылардан шыққан 48 балаға 1 миллион 912 мың теңгенің көмегі көрсетілді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Биыл акция «Бақытты балалық шақ аумағы!» ұранымен өтеді. Шара аясында тамыз айының соңына дейін «Бірінші рет бірінші сыныпқа», «Отбасы отбасыға көмектеседі: баланы мектепке жинаймыз», «Балаларға бірге көмектесейік» атты қайырымдылық шаралар ұйымдастырылады.
Сонымен қатар, 20-21 тамызда орталық алаңда мектеп формасын, кеңсе заттарын, оқу әдебиетін және басқа да заттарды төмендетілген бағамен сатып алуға болады.
Айта кетейік, «Хан шатыр», «Сарыарқа», «Мега» сауда, ойын-сауық орталықтарында Орталық базарда, «Шанхай» базарында және «Жаннұр» сауда орталығында тұрмысы төмен отбасыларға көмектесу үшін киімдер, мектепке керек-жарақтар жинауға арналған контейнерлер орнатылған.
Жалпы, 2016 жылы тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балаларды жаппай оқыту қорына жергілікті бюджеттен 159 млн 557 мың теңге бөлінді.