Бүгін I, II және III топтағы мүгедектігі бар адамдарға, сондай-ақ Астана қаласы Әлеуметтік қызмет көрсету орталығының әлеуметтік қызметкерлері мен зейнеткерлеріне 20 Astana Bike сертификаты табысталды, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі. Бұл құжаттың көмегімен Astana Bike пайдаланушы картасын тегін рәсімдеуге болады.
– Мүмкіндігі шектеулі жандарды Astana Bike жобасына тарта отырып, тең мүмкіндіктер қоғамына тағы да бір қадам жасамақпыз, барлық қала тұрғындарын диагнозына қарамастан белсенді өмір салтын ұстануға баулимыз, – дейді Samruk-Kazyna Trust қорының басқарушы директоры Лима Диас.
Салтанатты шара барысында әлеуметтік акцияға қатысушыларға сыйлықтар табысталды. Астана тұрғыны Нұрлан Төлеуов енді баласы Адиярмен бірге велосипед тебетінін айтып, өз қуанышымен бөлісті.
– Бізді шақырғандарына қуаныштымын. Көбі велосипедпен жүреді. Меніңше, бұл адамдар үшін ең жақсы жоба, өйткені, экология мен денсаулық жақсарады. Балам екеуіміз де енді велосипед тебеміз. Осындай тарту жасаған адамдарға алғыс айтамын, – дейді Нұрлан Төлеуов.
Еске салайық, қазіргі кезде Astana Bike жобасын пайдаланушылар саны велосипедтер мен станциялардан артық болғандықтан аталған жоба бойынша пайдаланушы картасын сату тоқтатылды.
Лима Диастың айтуынша, әзірге карталарды жандандыру жоспарда жоқ, басымдық жобаның сапасына беріліп отыр.
– Бүгінде басты міндетіміз пайдаланушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларға жол қозғалысы ережелерін үйрету. Маусым аяқталғанда оқыту іс-шаралары қолға алынбақ, қалалық ІІД бірге жұмыс істейтін боламыз. Қазіргі кезде жүргізушілер мен велосипедшілер үшін білім беру бағдарламасы әзірленіп жатыр, осылайша, жол қозғалысының барлық қатысушылары тартылады, — деді ол.
Айта кетейік, Astana Bike жүйесі елордада сәтті жұмыс істеп келеді, жоба жақында Шымкентте іске қосылса, қыркүйек айында Алматыда жүзеге асырылатын болады.