Асыл тастардың ішінде де киелісі болады. Оны ұрлап немесе қолды болған тасты сатып алғандардың бәрі әр түрлі апатты жағдайларда өмірімен қоштасқан.
Мысалы, қазіргі Америкада сақталған «Хоуп гауһары» сондай тас. Ол ертеде Үндістан храмынан ұрланған екен. Ұрлаған ұрыны көшедегі құтырған иттер талап боршалап өлтіреді. Гауһардың алғашқы салмағы 212 карат болса, ұрланғаннан кейін 1668 жылы Француздың королі Людовик XIV сатып алып гауһарды өңдегенде 67 карат болыпты. Король де, мұрагерлері де соғыстан, автомобиль апатынан, кеменің суға батуынан қаза табады. Ақыры гауһар тасты 1863 жылы Лондонның банкирі Томас Хоуп сатып алды. Осы кезде тас салмағы 44,5 карат тартқан. Осы Хоуп қана Үндістан гауһарының қасіретінен аман құтылғанымен, немересі барлық байлығынан айырылып, кедейлікке ұшырапты.
Бұдан кейін гауһар тас Ресей князі Катиновскийге өтеді. Ол бір әйелге беріп, артынан әлгі сұлу актрисаны князь өзі өлтіреді. Князь да кешікпей анархистер қолынан өледі. Бұл туралы Владимир Мезенцев «Тас туралы ертегі» кітабында: «Қасірет тас қолдан қолға өтіп жүріп, Испаниядан бір-ақ шығады. Оны алған бай гауһар тасты өзімен бірге алып, 1909 жылы кемемен сапарға шығады. Жолда кеме суға батып, кемедегілер түгел балыққа жем болады. Алайда асыл тас су астында көп жатпай, «қалқып» шығады» – дейді. Гауһарды кемеден тапқан маржан іздеушілер американдық миллионер Маклинге сатады. Көп кешікпей оның кішкене баласын машина қағып өлтіреді. Оның әйелі тастың қасіретінен балам өлді деп ажырасып тынады. Бұдан кейінгі иегері француз Хотевил де әйелінен, бір баласынан айырылса, бір баласы суқараңғы соқыр болады.
Бұдан кейін бұл тасты Америка жерінде бір алаңғасар кемпір 40 мың долларға сатып алады. Кемпірдің есі ауысады. Ол тасты алты немересіне қалдырады. Бірақ кемпірмен аттасы Эвелин Маклин де құпия жағдайда өледі.
Бұл тас қазір Америкада сақтаулы. Оның шынында қасірет тас екеніне жұрттың көзі жеткендей. Ол тасты негізгі иесі Үндістанға қайтармаса, Американың жағдайы нашар болуы мүмкін деген де сөз бар.