Домой Блог Страница 33

Финляндия аспаздары жетісулық қыз-келіншектермен тәжірибе бөлісті

20161123124737Алматы облысының кәсіпкерлері тәжірибе алмасып жатыр.  Оларға Финляндия елінің аспаздары  нан пісіруден бастап, түрлі тәтті тоқаш өнімдерін дайындаудың тың әдістерін үйретуде.

Фин кулинарлары нан өнімдерін тек ұннан ғана емес, оған түрлі қоспалар қосып пісіру құпияларымен бөлісті. Тәжірбие алмасуға Алматы облысының әр өңірінен 40-қа жуық қыз-келіншек қатысуда. Жаңа тәсілдерді меңгерген олар, өз ауылдарындағы әріптестерімен бөлісетін болады.

Шараға ұйытқы болған Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасының айтуынша, шеберлік сабағы алдағы уақытта да ұйымдастырылады. Мақсат  —   тұтынушыларға барынша жоғары деңгейде қызмет көрсетіп, денсаулыққа пайдалы тағамдар ұсыну.

inform.kz

Алматы облысының шенді-шекпенділері партаға отырды

20161123130835Алматы облысының аудандары мен қалаларының жұмыспен қамту бөлімдері басшылары, сондай-ақ ауыл әкімдері партаға қайта отырып, тест тапсырып жатыр. Мақсат — әкімдердің «Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасын білу деңгейін тексеру.

Барлығы 400-ден астам мемлекеттік қызметші сынақтан өтетін болады.

«Жалпы ауыл әкімдерінің дайындығы жаман емес. Барлығы «Жұмыспен қамту жол картасын» жетік меңгерген, біледі — қандай бағыттардан тұрады, мақсаты қандай. Ал бүгінгі шараның мақсаты жұмыссыз жүрген азматтарды жұмыспен қамту және жұмыссыздық деңгейін төмендету болып табылады», — дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әлия Есімжанова.

Айта кетелік, биыл өңірге «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында 19 млрд теңге бөлінді. 41 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды.

inform.kz

Астанада тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктер талқыланды

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында С. Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінің студенттері Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшелерімен кездесті, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Спикерлер құрамына Светлана Жалмағанбетова, Оразгүл Асанғазы, Ләззат Сүлеймен, Сабила Мұстафина және Елена Тарасенко енді. Шара Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Кездесу барысында спикерлер студенттерге жеке өмірлік тәжірибелері, тәуелсіздік жылдарында мемлекеттің қалыптасуы, елорданы Астанаға ауыстырумен байланысты тарихи фактілер, сондай-ақ мемлекеттік тілді дамытудың маңыздылығы туралы баяндады.

«Қазіргі кезде елорда тұрғындарының 75% қазақ тілділер. 90-шы жылдары қазақ тілінде сөйлейтіндер саны 14% құраса, бұл үлкен жетістік», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Оразгүл Асанғазы.

Жыл басынан бері отбасылық құндылықтарды, жастарды патриоттық тәрбиелеуді кеңінен дәріптеу және салауатты өмір салтын насихаттау аясында 400 астам шара ұйымдастырылды.

Елорда әкімдігі Астанада туризмді дамытудың жаңа тұжырымдамасын қабылдады

cБиыл елордада еліміздің бас қаласында туризмді дамытудың жаңа тұжырымдамасы қабылданды, онда оқиғалық, іскерлік және медициналық туризмге ерекше көңіл бөлінген. Бағдарлама туралы толығырақ және Астананың ЭКСПО халықаралық көрмесіне дайындығы туралы елорда әкімдігінде өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігінің индустрия департаментінің директоры Марат Иғалиев мәлімдегендей, елордада туристік кластерді дамытудың перспективалары зор.

«2013 жылы Астанада ЭКСПО көрмесін өткізуді ескере отырып 2017 жылға дейін туризм саласын дамытудың шеберлік жоспары әзірленген болатын. Сондай-ақ, біз Астанада 2020 жылға дейін туризмді дамыту тұжырымдамасын таныстырдық, келесі жылы қаланың бренді таңдалады», — деп атап көрсетті Марат Иғалиев.

18 жылда Астанада қонақ үйлер саны 40 есеге артқан, шетелдіктердің қалаға келуі 50 есеге көбейген, ал ішкі туризм 43 есе өскен.

«Егер Астананы 1000 тұрғынға шаққанда келетін туристер саны бойынша салыстыратын болсақ, біз Сеул, Стамбул сияқты қалалармен бір қатарда тұрмыз. Қалада бізге болашақта туризмді дамытуға көмектесетін маңызды алғышарттар бар. Біз іскерлік, оқиғалық және медициналық туризмді дамытуға басымдық бермекпіз. Қазір Астанада кең ауқымды оқиғаларды өткізу үшін сыйымдылығы әр түрлі құрылыстар жетерлік. Оқиғалық туризмді дамыту үшін қажет негізгі және басымдықты қадамдардың бірі MICE туризм бойынша ірі халықаралық қауымдастықтарға кіру болып табылады», — Астана қаласының инвестициялар және даму басқармасының басшысы Әлішер Әбдіқадыров.

Туристердің тұрақты ағымын қалыптастыру үшін маусымдық шаралар өткізу жоспарланған, мысалы қыста — Қар және мұз фестивалі немесе көктемде — Квадрокоптерлер жарысы бойынша Ашық чемпионат және т.б. Сондай-ақ, «Астана» Халықаралық қаржы орталығын құру мен медициналық кластерді дамыту туристер ағынын арттыруға серпін береді. Астанада ең озық медициналық құрал-жабдықтармен жарақталған заманауи медициналық орталықтардың желісі құрылып, дамып келеді, оның базасында шетелдік пациенттерді тартып, оларға қызмет көрсетуге болады. Бүгінгі күні елорданың бірнеше кардиологиялық клиникасында 17 мыңнан аса күрделі және бірегей операция жасалған.

Сондай-ақ, қазіргі уақытта елордада ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.

«Астана Конвеншн Бюро» ЖШС-інің директоры Санияр Айтекенов Астанада туристерді тарту үшін қандай жұмыс жүргізіліп жатқанын айтып берді —  жаяу жүргіншілерді бағдарлау жүйелері — пилон нұсқағыштар құрылды, қызыл түсті туристік автобустар бағыты ашылды, ақпараттық дүңгіршектер іске қосылды. Қызмет көрсету саласының сапасын көтеру мақсатында Recommended by EXPO-2017 Астана қаласының әріптестік бағдарламасы жұмыс істейді, оған қонақ үйлер, хостелдер, қоғамдық тамақтану нысандары, қызмет көрсетуші кәсіпорындар және көлік компаниялары қатысуда.

«Ағылшын тілін оқытуға баса назар аударылуда. Аталған бағдарламаға қатысқан жүзге жуық адамның 50% курстан өтті, сондай-ақ, ағылшын тілінен дайындықтан өтуге арналған ақпараттық орталықтар бар, олар біздің қызметкерлерді ақысыз негізде оқытуға дайын. Сондай-ақ, егер адам такси шақырып, оған түсініксіз тілде сөйлесе, турист call-орталыққа хабарласса, операторлар оған сөздерді аударып береді», — деді Санияр Айтекенов.

Брифингтің соңында елорданың туристік дестинация ретінде ғана емес, тұрғындар үшін жайлы қала ретінде де дамып келе жатқаны атап көрсетілді.

«Қазақстан Халық Банкінің» Шымкентте жаңа ғимараты ашылды

600_164Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев «Қазақстан Халық Банкі» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Александр Павлов пен басқарма төрағасы Үміт Шаяхметовамен кездесті, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Тараптар, өзара әңгімеде Оңтүстіктің әрбір үшінші тұрғыны аталған банктің клиенті екенін алға тартып, оның елдің экономикасы мен халықтың әл-ауқатын көтерудегі үлесіне тоқталды.

«Қазақстан Халық Банкінің» елге қызмет көрсету жөнінен көшбасшы банктердің бірі екеніне тоқталған өңір басшысы бүгінгі ашылатын жаңа ғимараттың заман талабына сай қызмет ететініне сенім білдірді. Өз кезегінде, мәртебелі меймандар да аймақ басшысына алғысын білдіріп, екіжақты бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

Мұнан соң, олар Шымкент қаласындағы «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-ның жаңадан ашылған Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының жаңа ғимаратын пайдалануға беру шарасына қатысты.

«Қазақстан Халық Банкінің» бүгінгі ашылған жаңа ғимараты ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына жасалған әдемі сый деп есептеймін. Бүгінде халқымызға 40-тан астам филиалдары арқылы қызмет етіп жатқан банк ұжымы әрбір тұтынушыға лайықты қызмет көрсетеді деп ойлаймын. Қаржылық институттардың ішінде абыройлы көш бастап тұрған «Халық Банкіндегі» қызмет көрсету түрлерінің көбейіп, сапасы артарына кәміл сенімдімін», — деді құттықтау сөзінде Ж.Түймебаев.

Қазіргі таңда Банктің Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалдарында 700-ге жуық мамандар еңбектенуде. Қызметкерлердің еңбек жағдайларын барынша жақсарту үшін және аймақтағы бизнестің даму сұраныстарына сай келуі үшін банктің топ-менеджменті филиалдың жаңа офиске көшуі туралы шешім қабылдады. Соңғы 12 жылда 8 аймақтық филиалдарында, атап айтқанда, Ақтөбе, Қарағанды, Астана, Қостанай, Семей, Павлодар, Өскемен және Шымкент қалаларында жаңа ғимараттардың құрылысы жүргізілді.

Халық банкінің филиалы Оңтүстік Қазақстан облысында бизнестің көп бағыттары бойынша көшбасшылардың қатарында. Филиалдың депозит портфелі 23,8 млрд. теңгеге жуық, аймақ бойынша комбанктер арасында депозиттік портфель бөлігі — 8,5%. Аймақтық бөлімшелердің ссудалық портфелі- 45,6 млрд теңге, филиал несие портфелі бөлігі бойынша көшбасшы қатарларында — 23,13%. Қазақстан Халық Банкі Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 2300 компанияға жуық жалақы жобалары бойынша қызмет көрсетеді. Төлем карталарының айналыс саны — 444 136. Халық банкі 40 өкілдіктерден тұратын кең ауқымды желісі Оңтүстік Қазақстан облысының шалғай аудандарындағы клиенттерге банктік қызметтердің қөлжетімді болуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, банк дистанциондық сату каналдарын қарқынды дамытуда — облыста 176 банкомат, 32 банктік киосктер және 42 төлем терминалдары орнатылған. Халық банкі аймақтағы қазақстандық азық-түлік, құрылыс материалдар өндірушілердің, тоқыма өнеркәсіптерін қарқынды несиелендіруде. Филиалдың ШОБ бөлімінің жалпы портфель көлемі- 15 млрд. теңге, соның ішінде 5 млрд. теңге ШОБ қолдау үшін мемлекеттік бағдарламар бойынша.

2016 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша «Қазақстан Халық Банкі» қазақстандық коммерциялық банктер арасында кірісі мол банк болып табылды. Банктің Қаржылық институты Fitch Ratings-дан BB; Standard&Poor`s-дан BB және Moody’s Investors Service-тен Ва2 халықаралық рейтингтік агенттіктерден берілген, қазақстандық Екінші деңгейлі банктер арасындағы рейтингі ең жоғарылардың бірі болып табылады.

2016 жылдың шілде айында «Euromoney» халықаралық басылымында Халық банкі үздік қаржылық институты деп танылды. Ал осы жылдың қыркүйек айында «Қазақстан Халық Банкі» АҚ қайырымдылардың рейтингіне еніп, қазақстандық коммерциялық банктерінің арасында 1-ші орынды иеленді. Сонымен қатар, Vlast интернет-журналының нұсқасы бойынша «Елдің 25 ірі қайырымдылық жасаушылары» рейтингіне кірді.

ОҚО: Шардараның балығы шетелге сатылуда

20161121163808Шардараның балығы шетелге экспортталып жатыр, деп хабарлады аудан әкімдігінің баспасөз қызметінен. Шағалалы Шардарада балық өндірісі өркендей түсті.

«Хамит» балық өңдеу компаниясы су жануарының сүбе етін Грузия, Германия, Украина Республикаларына және Ресей Федерациясына жөнелтуде. Балық шабағын кәсіпорын сырттан тасымалдайды. Тауарды тереңдетіп өңдейтін зауыт соңғы үлгідегі қондырғылармен жабдықталған. Өндіріс орны 200 жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып отыр. Зауыт жылына  3 мың  тоннаға  дейін  өнім  өндіруге  қауқарлы.  Мұнда  қос  бірдей желі жұмыс істейді.  Алдымен, балық  сүйегінен  ажыратылады, сосын сүбе еттен филе  жасалады.  Тіпті,  қалдығынан  ұн  да шығарылады  екен.  Тиімділігі  сол,  шикізат  қалдықсыз  өңделеді.

«Сапалы  өнімге  сұраныс  та жоғары», — дейді цех басшысы. «Хамит»  селолық  тұтынушылар  кооперативі  жылына  өндірген  өнімінің  70 пайызын шетелге жөнелтеді. Қазір зауыт  балықтың  сүйектен  ажыратылған  таза  еті  мен қақталған түріне басымдық берген.  Кәсіпорын өз өнімін Еуроодаққа кіретін мемлекеттердің нарығына шығаруға арнайы рұқсат алған еліміздегі  10 балық өңдеуші  зауыттың бірі. Зауыт негізінен  көксерке мен  алабұғаның  таза  етін  экспорттайды.  Қақталған қаракөз  бен  табанға да сұраныс жоғары. Сондықтан өндіріс басшылығы балық шабағын Қарағандыдан тасымалдап, оны қолдан өсіріп жатыр. Соның  арқасында Ресей, Беларусь елдерімен қатар, Германия мен Францияға дайын өнімдерін экспорттауға көшті.

Алматы облысы: «25 жұлдызды күн» аясында еріктілер қарттарға қамқорлық үлгісін көрсетті

20161122171950Алматы облысы Сарқан ауданының «Жас Отан» белсенділері мен «Парыз» жастар қоғамдық бірлестігінің еріктілері соғыс ардагерлері мен жалғыз басты қарттардың ауласын қардан тазартып, түрлі жұмыстар бойынша көмек көрсетуде. Шара Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «25 жұлдызды күн» республикалық акциясы аясында өтіп отыр.

«Ардагерлерді ардақтайық» атты науқан Алматы облысы Сарқан ауданының барлық елді мекендерінде ұйымдастырылуда. Шара барысында аудан еріктілері Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жалғыз басты қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың ауласын қардан тазартып, шаруашылық бойынша әртүрлі көмектер көрсетуде. Осылайша, 1 апта ішінде 40-қа жуық үйдің ауласы қардан тазартылған.  Бұл шара қыс соңына дейін жалғасын таппақ.

Еске сала кетейік, Алматы облысында Тәуелсіздіктің 25 жылдығын кең көлемде атап өтудің кешенді жоспары әзірленген болатын. Мерекенің негізгі бағдарламасына қосымша айтулы күнге айшықты реңк беретін 25 ірі шара облыс тұрғындарына ерекше сый болмақ.

«25 жұлдызды күн» 21 қарашадан басталып, 15 желтоқсанға дейін жалғасады. Ал мерейтойлық шаралар әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық салаларын қамтиды. Атап айтқанда, жұлдызды күндер аясында заманауи кәсіпорындардың ашылуы, жаңа жұмыс орындарының құрылуы, түрлі қайырымдылық шаралары, тұрғын үйлерді және басқа да әлеуметтік маңызды нысандарды пайдалануға беру, спорттық жарыстар, кітаптардың, деректі фильмдердің тұсаукесерлері және басқа да шаралар бар.

ҚазАқпарат

Оңтүстік Қазақстандағы жолдардың қысқа дайындығы пысықталды

dsc_9765Облыс әкімі Ж.Түймебаев Оңтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен кездесті. Онда қысқа дайындық барысы мен төтенше жағдайлардың алдын алу жайы қаралды, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Кездесу барысында ОҚО Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы азаматтық қорғау подполковнигі Н.Дербісов аталған департаменттің жедел-қызметтік жұмысын баяндады.

Оның айтуынша, 10 айда облыс аумағында 1070 табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар мен оқиғалар тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,4 пайызға төмен. Ал дабыл бойынша Төтенше жағдайлар департаментінің  күштері 5953  рет шыққан. Оның ішінде: 111 рет авариялық-құтқару, 60 рет іздестіру-құтқару жұмыстары болса, 106 адам құтқарылып, төтенше жағдайлар аймағынан 1276 адам эвакуацияланды, ал  9 адамға медициналық көмек көрсетілді.

Жиында қыс мезгіліндегі төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша да атқарылған жұмыстар жайын баяндаған азаматтық қорғау подполковнигі «Қыс-2016» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуын өткізу кезінде облыс бойынша республикалық және облыстық маңызы бар жолдарға қызмет көрсететін жол техникаларының дайындығы тексерілгенін атап өтті.

«2016 жылғы 21  қарашада мамандар облыстық жолдардың қауіпті учаскелерін қарап шықты.   Бәйдібек ауданындағы «Ұланбел-Созак-Шаян-Екпінді» облыстық жолының 606-шақырымында «Одаман бұлақ» асуы, Қошқарата-Жарыкбас-Бірлік» жолының 128-шақырымында «Шыбықбел» асулары орналасқан. Бұл бекеттер толығымен төсек орындарымен және көмірмен қамтамасыз етілген. Әрбір пунктке 10 тоннадан көмір жеткізіледі. Жолдарда «Жылыту бекеті» белгілері орнатылған», — деді Н.Дербисов.

Жалпы, қыс мегілінде 4330,3 шақырым облыстық жолдарға қызмет көрсетіледі. Оның ішінде 1943,3 шақырым жолдар бірінші кезекте қардан тазаланса, 433 шақырым жол қауіпті учаскелер аймағына кіреді.   Сондай-ақ, қауіпті жолдардың төрт бағытында ОҚО ТЖ департаментінің жоғары өтімді техникасы бекітілген, олардың жалпы саны 63 бірлікті құрап отыр.

Ал, облыс бойынша 7 асу, 10 жылыту бекеттері бар. Олардың дайындығын ТЖ қызметкерлері жол қызметінің өкілдерімен бірлесіп тексереді.

Қысқа дайындық барысын тыңдаған облыс әкімі қыс мезгілінде инертті материалдар қорының жеткілікті болуын және техникалардың үнемі дайындықта тұруын жүктеді. Сонымен қатар, облыстық асуларда орналасқан жылыту пункттерінде қатты отынның жеткілікті көлемде қамтылуын қадағалауды облыс әкімінің орынбасары Ж.Бөкенбаевқа тапсырды.

Сондай-ақ, әкім Оңтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы азаматтық қорғау подполковнигі  Н.Дербісовке қыс мезгілінде метеорологиялық құбылыстарға дайын болуды, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бағытындағы жұмыстарды күшейтуді міндеттеді.

Аймақтардан келген мұғалімдерге елорда мектептерінің инновациялары таныстырылды

Осыдан екі жыл бұрын елордада Астананың мектептерін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне дайындау туралы шешім қабылданды. Өткен жылдан бері қалада Қазақстанның барлық аймақтарынан келген мұғалімдер үшін екі апталық семинарлар өткізіліп келеді, онда елордалық әріптестері өз жетістіктерін таныстырады, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі. Бүгін 60-тан аса педагог №3 мектеп-гимназияға барды.

«Біз түрлі бағыттарда халықаралық тәжірибеде бар жұмысты көрсетеміз. Сингапурда, Жапонияда, Кореяда және басқа елдерде де осының бәрі бар, бірақ олардың жүйесі басқа да, біздікі — басқа. Бүгінде Астанадағы мектептер ISO халықаралық стандарттары бойынша тұтастай сапа жүйесін енгізуде. Астана мектептерінің тәжірибесі бойынша ШҚО, СҚО, Қарағанды, Атырау облыстарының білім беру мекемелері жұмыс істейді», — деп мәлім етті профессор Федор Вассерман. Ол — елорданың 50 мектебінде енгізілген «Биоинформатика және синергетика» технологиясы бойынша сапаны басқару жүйесінің авторы. Аталған технологияның әлемде аналогтары жоқ, ол кез келген мектептің сапасын тез арада және тиімді түрде көтеруге көмектеседі.

«Біз осыдан үш жыл бұрын жұмысқа кірістік, қазірдің өзінде нәтижелер бар. Тиімділігі келесіде — әрбір сыныпта қабілеттері бар оқушылардың белгілі саны анықталады, және мектепке оларды жоғалтып алмау міндеті қойылады», — дейді автор.

Болашақта семинарларға халықаралық қоғамдастық өкілдерін шақыру жоспарланған.

Аймақтардан келген мұғалімдерге №3 мектеп-гимназияның үлгісінде аталған технологиялардың сабақта қалай енгізілетіні көрсетілді, сондай-ақ, мектеп оқушылары да қонақтарға өз жобаларын таныстырды. Олардың ішінде дауыспен берілетін бұйрықтарды танитын, амандасып, билей алатын робот; оқушылар жасаған бағдарламашыларға арналған оқу құралы; биогаз қондырғысын қосу арқылы «Родина» агрофирмасының сүт өндірісінің жеке циклының таныстырылымы және т.б. бар.

«Өмір бір орында тұрмайды, мектептер де технологиялардан қалмауға тиіс. Біздің мұғалімдер түрлі курстарға барады, балалар информатиканы бесінші сыныптан бастап тереңдеп оқиды, қазір робототехника қосылды. Оқушылар байқауларға белсенді түрде қатысады, олар жалқау емес, гаджеттерді тым көп пайдаланбайды, егер олардың күш-қуаттарын дұрыс бағыттаса, керемет нәтижелер шығады», — дейді №3 мектеп-гимназиясының директоры Елена Шеверняева.

Атап өтерлігі, ЭКСПО-2017 көрмесі өтетін күндері елорданың 40 мектебінде «Болашақ энергиясы» тақырыбы бойынша көрме алаңдары орналастырылады, онда білім ордаларының жеке жетістіктері паш етіледі.

ОҚО-да 25 жұлдызды күннің екіншісі ұлттық рәміздерді ұлықтауға арналды

600_163Оңтүстік Қазақстанда «Ұлы дала елі — Тәуелсіздіктің 25 негізі» 25 жұлдызды күндерінің екіншісі – «Мемлекеттік рәміздер» күні ретінде аталып өтті, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Осыған орай, бүгін Шымкенттің белсенді жастары ерекше флешмоб ұйымдастырды. Қала орталығындағы іргелі оқу орнының бірі М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың 250 студенті қатар тұрып «Мен Қазақстанды сүйемін» деген жазу құрастырды. Мұндай шаралар барлық аудан, қалалардағы оқу орындарында ұйымдастырылды.
Сонымен бірге, «I LOVE KZ» жалпыұлттық флешмобы аясында әлеуметтік желі белсенділері мен қолданушылары Қазақстан туымен селфи жасап, рәміздер күнін ұлықтауды одан әрі жалғастырды.
Облыс көлемінде бастау алған 25 жұлдызды күннің екінші таңын бір мезетте 600 мыңға жуық жас әнұран айтып атырды. Мектептер мен жоғарғы оқу орындарында ұйымдастырылған ұлттық рәміздерімізді ұлықтау шарасы кезінде бір ғана Кентау қаласының өзінде көпшілікке көлік пен төрге ілінетін мыңға тарта ту таратылды.
Егеменді елдігіміздің нышанына айналған рәміздерді құрметтеу шаралары мұнымен аяқталған жоқ. Облыстағы барлық аудан, қалаларда «Мемлекеттік рәміздерге құрмет» атты жастар арасында дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, «Мен қазақстандықпын» шығармалар байқауы өтті.