Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІ — ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 25 НЕГІЗІ» атты 25 жұлдызды күн акциясы бастау алды, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Жұлдызды 25 күннің бірінші күні — «Қазақстан Республикасының Конституциясы» деп аталып, Шымкент қаласындағы «Көрме» орталығында «Тәуелсіздік жетістіктері» атты таныстырылымдық көрме кешенінің ашылуымен басталды.
Шараға қатысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев барша оңтүстікқазақстандықтарды Тәуелсіздік тойымен құттықтап, еліміздің жеткен жетістіктері мен Ата Заңның мән-мағынасына тоқталды.
«Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің тарихы тереңде жатыр. 1991 жылғы 16 — желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңы қабылданды. Тәуелсіздік — біздің ұрпаққа берілген үлкен бақыт, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткен ірі жеңістерге дәлел болатын мысалдар өте көп. Мәселен, ширек ғасырда Қазақстанда азаматтық қызметкерлердің жалақысы 17,6 есеге өссе, Қазақстандықтардың күтілетін өмір сүру ұзақтығы 4,4 есеге ұлғайды. 25 жыл ішінде Қазақстанда баланың тууына орай төленетін жәрдемақы 7 есе көбейді. Соңғы 17 жылда жұмыссыздық көрсеткіші 2,7 есеге азайды. Бұл Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салихалы саясатының арқасында қол жеткізген белестер», — деді Ж.Түймебаев.
«Тәуелсіздік жетістіктері» атты таныстырылымдық көрме еліміздің ширек ғасырда қол жеткізген жоғары көрсеткіштері — «Қазақстан 2050» стратегиясы, Елордасы — Астананың дамуы, индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы, «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясы, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі сынды 14 тақырыптық бөлімнен тұрса, қалған 12 бөлім Оңтүстік Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері мен шағын және орта бизнестің дамуы, тұрғын үй құрылысы, ауыл шаруашылығы мен білім, мәдениет, спорт және туризмнің дамуына арналды.
Сонымен бірге, шара аясында егіз туылған нәрестелердің ата-аналарына туу туралы куәліктер беріліп, қоғам өміріне етене араласып, белсенді көзге түсіп жүрген 16 жасқа толған азаматтарға жеке куәліктер тапсырылды. Ал мереке қарсаңында шаңырақ көтеріп, отбасын құрған жас жұбайларға неке куәлігі табысталды.
«Қазақстан Республикасының Конституциясы» жұлдызды күніндегі шаралар мұнымен бітпейді. Кешке дейін аудан, қалалардағы кітапханаларда «Жеті Жарғы» кітап көрмелері ұйымдастырылып, мәдениет мекемелерінде зиялы қауымның қатысуымен «Мемлекеттілік тарихы» жобасы өтпек. Сондай-ақ, жастарға арналған «Жанұя» қысқаметражды фильмінің тұсаукесері өтсе, білім беру ұйымдарында «Айбарлы Ата заң» тақыбырында ашық сабақтар ұйымдастырылады.
Тәуелсіздік жылдарында өңір экономикасына 3 трлн. 300 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Сондай-ақ, осы жылдар ішінде 347 денсаулық сақтау нысаны, 491 мектеп, 1491 балабақша пайдалануға берілді. Ал өнеркәсіп өнімінің көлемі 24,1 млрд. теңгеден 670,4 млрд. теңгеге артса, ауыл шаруашылығы 20,0 млрд. теңгеден 426,9 млрд. теңгеге өскен. Сонымен қатар, 25 жылда өңір халқының саны 1,8 миллионнан 2,8 миллионға жетіп, 1 миллионға артқан. Ширек ғасырда 2001 жылы бүкіл мемлекетіміздің бюджеті 508 млрд. теңге болса, бүгінде тек Оңтүстік Қазақстан облысының бюджеті 550 млрд. теңгеге жетіп отыр.
Айта кету керек, қарашаның 21 мен желтоқсан айының 15 күні аралығында өтетін «ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІ — ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 25 НЕГІЗІ» атты 25 жұлдызды күн акциясы «Қазақстан Республикасының Конституциясы», «Мемлекеттік рәміздер», «Мемлекеттік шекара», «Мемлекеттік тіл», «Жаһандық бастамалар», «Азаматтық қоғам», «Бірегейлік және бірлік», «Ұлттық валюта», «Ядролық қарусыз әлем», «Ғылым мен жаңа технологиялар», «Қазақстан Республикасының Президенті институты», «Отбасылық құндылықтар», «Ұлт саулығы», «Спорт жетістіктері», «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы», «Мәдениет және руханият», «Нұрлы жол», «Нұрлы Болашақ», «Білім», «Әлеуметтік жаңғырту», «ЭКСПО «жасыл» технологиялары», «Индустрияландыру», «Қуатты Қазақстан – қуатты өңірлер», «Астана», «Мәңгілік Елдің» мәңгілік құндылықтары» сынды түрлі атаулармен Тәуелсіздік жетістіктерін баяндайтын 80-ге жуық тағылымы мол жиын, мерекелерімен жалғасын табады.