Бүгін облыс әкімдігінде алтыншы шақырылымдағы Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының кезектен тыс жетінші сессиясы өтті. Сессия жұмысына облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, облыстық мәслихат депуттары мен облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары және аудан, қала әкімдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Күн тәртібінде 7 мәселе қаралды. Атап айтқанда, алтыншы шақырылымдағы Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысын сайлау, «2016-2018 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу, «Оңтүстік Қазақстан облысындағы адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және сатуға қарсы күрес мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның дербес құрамын бекіту туралы» Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының шешіміне өзгерістер енгізу туралы және т.б. өзге де маңызды мәселелер қаралды.
Жиында алтыншы шақырылымдағы Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысына Қайрат Рахымұлы Балабиевтың кандидатурасы ұсынылып, депутаттар бір ауыздап қолдап, сайланды. Сондай-ақ, күн тәртібіндегі өзге де мәселелерге халық қалаулылары бірауыздан дауыс беру арқылы шешім қабылдап, олардың орындалуын мақұлдады.
Қайрат Балабиев 1965 жылы туған. Ұзақ жылдар прокуратура саласында қызмет еткен Қайрат Рахымұлы әр жылдары Шымкент қаласының прокуроры, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстары прокурорының орынбасары болған.
Сессияның күн тәртібінде сөз алған аймақ басшысы Ж.Түймебаев жаңа хатшыны қызметімен құттықтап, жұмысына табыс тіледі. Сонымен бірге, осы уақытқа дейін облыстық мәслихат хатшысының міндетін атқарып келген Әбілқасым Досболовқа алғысын білдірді.
Кезектен тыс отырыста облыс әкімі бүгінгі облыстық бюджетті нақтылау нәтижесінде, бюджет көлемі 12,6 млрд. теңгеге ұлғайып, 472 млрд. теңгені құрағанын, бұл өткен жылмен салыстырғанда 75 млрд. теңгеге артқанын айтты. Бұл қаржының бірінші кезекте әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталатынын жеткізген өңір басшысы аталған жұмыстар қорытындысымен облыс көрсеткіші оңды нәтижеге жетеріне сенім білдірді.
«Білім беру мекемелеріне жан басына шаққандағы қаржыландыруға, балабақшаларда 13500 орынға мемлекеттік білім беру тапсырыстарын орналастыруға және мұғалімдердің еңбек ақы шығындарына қосымша 7,3 млрд. теңге бағытталуда. «Өрлеу» жобасы арқылы аз қамтылған еңбекке қабілетті азаматтарды жұмыспен қамтуға, 18 жасқа дейінгі балаларға мемлекеттік жәрдемақы төлеуге 538 млн. теңгеге жуық қаржы қарастырылуда. Ауыл шаруашылығы тауарөндірушілерін мемлекеттік қолдауға жалпы 6,2 млрд. теңге бағытталуда. 7 білім беру нысанның құрылысын жалғастыруға 725 млн. теңге қарастырылуда», — деді Жансейіт Қансейітұлы.
Аймақтың денсаулық сақтау саласын дамыту жайы да ұмыт қалған жоқ. Салаға қатысты 3 нысанның құрылысын аяқтауға және 1 нысанның құрылысын жалғастыруға 298 млн. теңге бағытталатын болды. 21 тұрғын үйдің құрылысын жалғастыруға қосымша 950 млн. теңге бөлінсе, сумен қамтамасыз ету үшін 3 нысанның құрылысына 1,3 млрд. теңге және 2 кәріз нысанының құрылысына 781 млн. теңге жұмсалмақ. Ал газбен қамтамасыз ету үшін 7 нысанның құрылысын жалғастыруға және 1 нысанның құрылысын бастауға 598 млн. теңге бағытталуда.
Сонымен бірге, аймақ басшысы электрмен, жылумен қамтамасыз ету жұмыстарына, кәсіпкерлік саласына да қаражат қаралып жатқанын хабарлады.