Домой Блог Страница 4

Шымкентте 90 отбасыға пәтер кілті табысталды

    Кеше Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев мемлекеттік қызмет және мәдениет саласында еңбек етіп жүрген 90  қызметкерге  пәтер кілтін салтанатты түрде  табыстады, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі. Бұл пәтерлер сала мамандарына қызметтік міндеттерін атқару кезеңінде пайдалануы үшін беріліп отыр.
   Игі шара барысында облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы Елбасымыздың жолдауында міндеттелген тапсырмалар  аясында  алдағы жылдары да халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасатынын жеткізді.
   «Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу аясында жаңа пәтерге қол жеткізіп отырсыздар.  Осы сәт сіздердің өмірлеріңіздің жарқын кезеңі болсын. Жаңа жылда  жаңа қоныстарыңыз жайлы да, берекелі болуына шын жүректен тілектеспін»,-деді облыс әкімі.
    Шымкенттегі әкімшілік-іскерлік орталығында орналасқан 5 қабатты 2 тұрғын үйдің жалпы ауданы 6024 шаршы метрді құрайды. Облыс бюджетінен  717,5 млн теңге бағытталған тұрғын үйдің құрылысын «ҚазмедеоГранд» ЖШС жүргізген.
   Айта кетейік, былтырғы жылы облысымызда мемлекеттік және бюджеттік сала мамандарына  51 қызметтік пәтер берілді. Сондай-ақ,  2015-2016 жылдары Шымкентте «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» және «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламалары аясында 80 тұрғын үй пайдалануға беріліп,  5420 отбасы қоныс тойын тойлады.

«Жанұя» бейне фильмінің тұсаукесері өтті

Шымкенттегі Жастар ресурстық орталығында «Жанұя» фильмінің тұсаукесері өтті.  Оңтүстік Қазақстан облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының тапсырысымен түсірілген кино туындының режисері — «Майдангерлер», «Өтелмес борыш», «Жастық шақ»», «Жаңғырық» фильмдерімен танымал Серік Таласов.  Кино желісінде  қазіргі қоғамда орын алған отбасыдағы келеңсіз жағдайлар суреттеліп, үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіру сынды жалпы тәрбиелік ұғымдар  көрініс тапқан.
Бейне фильмнің кастингі биылғы жылдың 1 тамызында өткізіліп,  200-ден аса актерлік қабілеті бар жастар рөл сомдауға іріктеп алынды.
Фильмнің түсірілімі Шымкент қаласында өтті. Жаңа кинода белгілі актерлер Ержан Жарылқасын, Ақмарал Маханова, Ғалымжан Қалыбаев,  Олжас Бекбауов рөлдерді сомдайды.
Тұсаукесер рәсімі барысында фильмнің жарыққа шығуына үлес қосқан шығармашылық топ облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың арнайы алғыс хатымен марапатталды.

Алматы облысының әкімі ардагерлермен кездесу өткізді

Жылдағы дәстүр бойынша облыс әкімі Амандық Баталов Жетісу өңірінің ардагерлерімен Жаңа жыл қарсаңында кездесу өткізді. Шараға саналы ғұмырын облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына арнаған азаматтар қатысты.

Алматы қаласында өткізілген кездесуде облыс әкімі А. Баталов облыста Тәуелсіздіктің 25 жылдығы шеңберінде өткізілген шараларға, «25 жұлдызды күн» аясында атқарылған істерге, 2016 жылы өңірдің жеткен жетістіктеріне тоқталды.

— Құрметті ардагерлер! Біздің тірегіміз де, мақтанышымыз да — Сіздер. Сіздермен кездесіп, әңгімелесу біз асыға күтетін ерекше оқиға. Сіздердің елжандылықтарыңыз, өмірлік ұстанымдарыңыз, көп жылдық тәжірибелеріңіз еліміздің, оның ішінде облысымыздың өркендеуіне әлі де қызмет ететініне сенімдімін. Жаңа 2017 жылмен шын жүректен құттықтап, Сіздерге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін, — дей келе облыс әкімі А. Баталов ардагерлерге естелік сыйлықтар табыс етті.

Өз кезегінде ардагерлер облыста атқарылып жатқан жұмыстар туралы пікір алмасып, өз ұсыныстары мен тілектерін білдірді.

Шымкентте заманауи «Saukele» конференц залы ашылды

Бүгін Шымкентте заманауи технологиялармен жабдықталған BALLROOM «Saukele» конференц залы ашылды. Сыйымдылығы 700 адамды қамтитын залда халықаралық және жергілікті деңгейде конференциялар мен презентацияларды, инновациялық көрмелерді өткізуге мүмкіндік мол.
Шымкент қаласының туристік орталық ретінде оң имиджін қалыптастыруда маңызы ерекше ғимараттың ашылу салтанатына Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев қатысып, туризмді дамыту бойынша тағы да бір қадам жасалғанын атап өтті, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
   «Оңтүстіктің туристік саласын дамыту мақсатындағы жұмыс үш бағытта жүргізіліп отыр. Бірінші — қызмет көрсету сапасын жақсарту және туристерді тарту. Екінші — шағын туристік инфрақұрылымды дамыту. Үшінші — туристік жобаларды алға жылжыту. Біз бұл бағыттағы кез-келген жаңашыл жобаны қолдауға әзірміз»,- деді әкім.
   Аталған конференц залда «KEBET» заманауи конференц жүйесі мен «Dynacord Cobra-2» саз жүйесі орнатылған. Мұнда 50 азамат жұмыспен қамтылып отыр.
   Сонымен қатар, осы күні аймақ басшысы «Grand Shymkent hotel» қонақ үйінің қасынан салынатын Аквапарктың капсуласын салу рәсіміне қатысты.
   Айта кетейік, Қазақстанның туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі Тұжырымдамалық жобасында  6 туристік кластер құру көзделсе, соның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысы «Ұлы Жібек Жолын қайта жаңғырту» кластеріне енгізілді.
   Аталған жобаға Түркістан қаласы, Отырар мен Сарыағаш аудандары, «Ақсу – Жабағылы» және «Қаратау» қорықтары мен  «Сайрам – Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі туристік нысандары кіріп отыр.

Өңірдің дамуына ЖОО-лар да жұмылдырылады

Оңтүстік Қазақстан облысының  әкімі Жансейіт Түймебаев өңіріміздегі жоғары оқу орындарының басшыларымен кездесу өткізді.

 Кездесудің мақсаты – өңірімізде жоғары білікті маман даярлау ісін жандандыру, жоғары оқу орындарындағы материалдық, техникалық базаны нығайтып, ғылым мен өндіріс орындары арасында маңызды байланыс орнауына ықпал жасау. Ғылым мен жоғары технологияны өңірлік экономикадағы инновациялық сектордың басым жағына қарай бағыттап, ерекше дамыған ғылыми-білім инфрақұрылымын қалыптастыру.

 «Бірінші кезекте еліміздің инновациялық экономикасына күш салатын мамандар даярлау ісіне мән беруіміз қажет. Өйткені экономика мен өнеркәсіптің  алға басуы ғылым  мен мамандардың біліктілігіне байланысты. Сондықтан облысымызда қолға алынған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының ауқымды жобаларын іске асыру үшін техникалық білімді, кәсіби біліктілігі мен машықтануы жан-жақты, білімді мамандарға сұраныс аса жоғары болып отыр» , — деді Жансейіт Қансейітұлы.

  Кездесу барысында аймақ басшысы нано технологияларды ғылыми негізде дамытып, инновациялық өнім шығаратын тәжірибелік өндірістерді құру мәселесін де сөз етті.  Өйткені қазіргі заманға сай мамандарды дайындау инновациялық бағытқа арналған білім бағдарламалары мен жаңадан жабдықталған зертханаларда білім алуға негізделіп отыр.

  Облыс әкімі ректорларға жоғары оқу орындарының ортақ технобағын құру жөнінде кеңес беріп, осы мақсаттағы ұтымды ұсыныстар мен идеяларды әзірлеуді жүктеді. Сондай-ақ кездесу барысында шетелдік жоғары оқу орындар арасында өзара тәжірибе алмасу жөніндегі ынтымақтастықты нығайту мәселесі де қозғалды.

  Кездесуде сөз алған Қ. Ясауи атындағы ХҚТУ-дің басшысы ғылыми зерттеу бағында өсірілген 6 мың дана көшетті облыстағы көгалдандыру жұмыстарына әзірлеп отырғанын жеткізді.

  Айта кетейік, бүгінде  облысымызда 12 жоғары оқу орны бар. Оның 4-і мемлекеттік, 8-і жекеменшік.  Оларда  66513 шәкірт білім алып жатыр.

ОҚО-да аудандарды дамытудың жаңа концепциясы жасалды

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың тікелей бастамасымен әрбір ауданды жекелей дамытудың жаңа концепциясы дайындалып жатыр. Барлық саланы қамтитын жобаны облыстық әкімдікте алғаш болып Төлеби ауданының әкімі Б.Парманов таныстырды. Ауданның 2017 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму концепциясында барлық сала негізінен 3 бағытқа біріктіріліп, дамытылмақ. Облыс әкімінің орынбасарлары мен тиісті басқармалардың қатысуымен жасалған ауқымды құжат аудан халқының әлеуметтік, тұрмыстық, қауіпсіздік, білім беру, денсаулық сақтау, сәулет, коммуналдық, кәсіпкерлік сынды өзге де шаруашылық салаларында кездесетін өзекті мәселелердің толық шешімін табуға бағытталған.

Бүгінгі өткен жиында аймақ басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық потенциалдарын толық іске асырып, халықтың әл ауқатын арттыру негізінде жасалған даму тұжырымдамасы ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және өнеркәсіп пен туризм саласы сынды 3 бағыт бойынша іске асырылатынын атап өтті. «Оңтүстік өңірі аграрлы аймақ болған соң концепцияның маңызды және үлкен бағытының бірі ауыл шаруашылығы саласын дамыту болып табылады. Бұл бағытта су шаруашылығын, өсімдік шаруашылығын, мал шаруашылығын, үй шаруашылығын және сервистік қызмет көрсету қолға алынады»,-деді әкім.

Ауыл шаруашылықтың дамуына негізгі серпіліс беретін фактордың бірі жерлерді заманауи үнемдеу және жаңа технологияны қолдану арқылы суландыру. Өз кезінде бұл қарқынды технологияларды пайдалана отырып бау, жеміс-жидек, көкөніс өнімдерін өндіруге, өнімділігі жоғары мал азықтық дақылдарын дайындауға, елді мекендерді ағын сумен толық қамтуға мүмкіндік береді. Мәселен, аудандағы суармалы жерді толық сумен қамту үшін үш кезеңде жұмыс жүргізіледі. Бірінші 9 каналды су құбырына ауыстырып жерлерді тамшылатып суғару жүйесіне көшіру. Екінші кезеңде 23 каналға лоток салу немесе бетонмен қаптау жұмыстары жүргізілсе, үшіншіден су деңгейінен биік орналасқан жерлерді су сорғыштар арқылы суландыру. Нәтижесінде суармалы жер көлемі 16000 гектарға жетсе, жеміс-жидек 2200 гектардан 10 мың га дейін ұлғайады. Ал өнім көлемі 12 мың тоннадан 60 мың тоннаға өседі деп күтілуде.

Ал өсімдік шаруашылығын дамыту мақсатында ауданда 158,5 гектарға жаңа бау егілсе, оның 108 га қарқынды бау болмақ. Сонымен қатар, мал шаруашылығын дамыту бағытында мал бордақылау және ет өнімдерін қайта өңдеу, сүт фермаларын дамыту және сүт өнімдерін қайта өңдеу мен қымыз өндіру кластерін құру жұмыстары жүргізіледі. Мал бордақылау бағытында келер жылы жоба құны 125 млн. теңге болатын 3 агроқұрылым яғни, 670 бастық мал бордақылау алаңы іске қосылады. Сүт фермаларын дамыту және сүт өнімдерін қайта өңдеу бойынша 36 млн. теңгеге 135 басты сүт фермасы ал, тәулігіне 2 тонна сүт өнімдерін қайта өңдейтін цех іске қосу жоспарлануда. Келер жылы сауынды бие басын көбейтіп, өндірілетін өнім көлемін 2610 тоннаға дейін жеткізу мақсатында 75 азамат 454 млн. теңге көлемінде несие алуға ниет білдірген. Тұжырымдаманың екінші бағыты кәсіпкерлік және өнеркәсіп салаларын дамыту мақсатында 2017 жылы 104 жоба іске асырылады. Индустриалды — инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде келер жылы жоба құны 1 млрд. 100 млн. теңгеден асатын 3 жобаны енгізу жоспарланып отыр.

Оңтүстіктің туристік индустриясын дамыту үшін концепцияның үшінші бағытында ауданда туристік демалыс аймақтарын дамыту көзделген. Бұл бағытта ауданда эко туризм, зиярат ету, сауықтыру, жоғары сервистік қызмет пен көпшілікке арналған демалыс орындар салынбақ. Атап айтқанда, замануи «Қасқасу» тау-шаңғы курорты, «Тау самалы» демалыс аймағы мен тау шаңғы базасы және саумалмен емдеу орталықтарының құрылысы жүргізіледі. Тау шаңғы спорты өңірдегі отандық туризм индустриясында бәсекеге қабілетті және қызмет сапасын жақсартуға, яғни өңірдің қарқынды дамуына импульс береді, жаңа жұмыс орындар ашылады, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытумен бірге Оңтүстік Қазақстан облысының инвестициялық тартымдылығын арттыруға үлесін тигізеді. Жыл бойы туристік қызмет көрсететін халықаралық деңгейдегі тау шаңғы курорты аумағында қонақ үйлер, мейрамханалар, арқан жолы, бассейн және т.б. нысандар салу жоспарланған. Ал «Тау самалы» демалыс аймағында салынып жатқан этноауылдарда салт дәстурге сәйкес киіз үйлер безендіріліп, ұлттық қолөнер бұйымдар жасалынып, ұлттық тағамдар дайындалады. Бұл бағытта тұрғындарды ұйымдастырып, несиелер алу жолдары қарастырылуда. Ауданда ең алдымен туристтік сервистік қызметтерді жақсарту қажет. Осы жұмыстар нәтижесінде туристік демалыс аймақтар санын 48 -ден 60- қа көбейтіп, келуші туристер саны 26 мыңнан 55 мың адамға өсіру жоспарлануда. Сондай-ақ, концепцияда ауданның инфрақұрылымын дамыту мен абаттандыруына баса көңіл бөлінген. Облыс әкімдігінде өткен кеңейтілген мәжілістің күн тәртібінде Жаңа жыл мерекесі қарсаңында қоғамдық қауіпсіздікті сақтау жайы мен қысқы жылыту маусымының өту барысы қаралды.

Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен Шымкентте мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.  Бір тәулікте 600  адамның құжатын рәсімдеп бере алатын орталықта 120 адам қызмет етеді. Енді тұрғындар автокөлік құралдарын тіркеу және жүргізуші куәлігін алуға қатысты барлық мемлекеттік қызметтерді бір мезетте бір кешеннен ала алады. Мамандандырылған ХҚКО-да теориялық және тәжірибелік емтихандарды тапсыру процестерін автоматтандыру адами факторларды толықтай жойып, оны барынша айқын етуге мүмкіндік береді. Мұнда азаматтардың уақыты үнемделіп, бар-жоғы екі сағаттың ішінде ауқымды жұмыстарды жүзеге асыруға болады.
    Орталықтың қызметімен танысқан өңір басшысы Жансейіт Қансейітұлы: «Оңтүстік Қазақстанда 500 мыңға тарта автокөлік бар. Биылғы 11 айдың өзінде 52 мыңға тарта адам жүргізуші куәлігін алған. Осындай үлкен көлемдегі жұмысты жеңілдетіп, жүйелендіру үшін ашылған Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы қызмет түрлерін жылдам әрі ыңғайлы уақытта рәсімдеп алуға мүмкіндік береді»,-деді.
   Электронды бақылау жүйесі қосылған ХҚКО толық автоматтандырылған. Мұнда жүргізуші куәлігін алу үшін арнайы медициналық тексеруден өтуге болады. Куәлік алуға ынталылар сынақты осы жерден тапсырады. А, А1, В, В1, С, С1, D, D1 категориялары үшін көлік жүргізудегі тәжірибелік емтиханды тапсыруға 3 жеңіл автокөлік, жүк көлігі, 2 автобус және 2 мотоцикл бөлінген. Сынақ нәтижесін техника бақылап бағалайды.
Облыста бүгін бұдан өзге бір мезетте бірнеше жаңа ХҚКО іске қосылды.
     Сайрам ауданының Қарасу ауылы, Рахимов көшесі, 1079 мекенжайында орналасқан мамандандырылған ХҚКО секторында автоәуесқойлар өз көліктерін тек қайта тіркеулеріне болады.
254 мыңнан аса тұрғыны бар Енбекші ауданында № 8-ХҚКО ашылды. Мұнда халыққа мемлекттік қызметтің 530 түрі көрсетіледі. Оның 315-і электронды, 215-і дәстүрлі мемлекеттік қызметтер түрлері болса, 53-і қосымша жоспарланған пилоттық қызметтер. Бүгінде бұл мекемеде 25 қызметкер жұмыс істейді.
     Төлеби ауданында ашылған халыққа қызмет көрсету орталығы Леңгір қаласы, Қапал батыр көшесі, 20 мекенжайында орналасқан және 600 ш.м. жерді алып жатыр. Бұл республика бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында ашылған,  бюджеттік қаражатқа емес, жеке кәсіпкердің қаражатына салынған алғашқы ХҚКО. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жалға төленетін қаражатты қарастырмайды, бұл дегеніңіз «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы тек коммуналдық төлемдерді жүзеге асыратын болады.
Айта кетейік, ХҚКО-лар аптаның алты күнінде, жексенбіден басқа күндері сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін үзіліссіз жұмыс істейді.

Елбасының сыйлығын оңтүстікқазақстандық 4 мың бала алды

Оңтүстік Қазақстан облысында «ЕХРО-ның жаңа жылдық алауы» Қазақстан Республикасы Президентінің жаңа жылдық шыршасы өтті. Мерекелік шараға қатысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев балаларды мерекемен құттықтап, Елбасының атынан 200 балаға планшет пен жылы сырт киімдер табыстады.

   Сонымен қатар, әкім осындай сыйлықтарды мерекеге қатысқан Қазақстанның  11 миллионшы  қазағы  Қазығұрт  ауданының  тумасы  Әбдірахым  Мұхтар   мен  17  миллионшы  азаматы   Сайрам  ауданынан  келген  Есқараев  Алтынбекке сыйлады.

   «Жаңа жыл – бұл бәріміз үшін ерекше мереке. Мұндай ұмытылмас сәттерде біз өткен жылға алғыс айтып, болашаққа жақсы жоспарлар құрып, қиялға ерік береміз. Сендер бір жасқа есейдіңдер. Саналарың өсіп, білімдерің тереңдеді. Үлкен өмірге қанат қағып келесіңдер. Бүгін де сендер күткен жылдан ең қымбат тілектеріңді тілейсіңдер. Жақсылыққа сеніңіздер. Ешуақытта армаңдарыңыз алдамасын. Адамдар шын тілеп, сол үшін талмай ізденсе, білім алса арманы орындалады. Сендер де алға қойған мақсаттарыңа жету үшін талпыныңдар»,-деді аймақ басшысы.

   Жаңа жылдық шыршаға қатысқан балаларға телеэкран арқылы Мемлекет басшысының арнайы құттықтауы көрсетіліп, «Балаларды ғылымды біліп тануға жетелейік» кітабы мен түрлі тәттілер үлестірілді. ЭКСПО-2017 жаңа жылдық алауымен басталған шырша мерекесі театрландырылған қойылыммен  жалғасты.

   Елбасының балаларға арнаған жаңа жылдық сыйлығын аудан, қаладағы жетім, ата – анасының  қамқорлығынсыз  қалған  балалар мен мүмкіндігі  шектеулі  және әлкуметтік аз  қамтамасыз  етілген  және  көп  балалы  отбасы  балалары  арасынан  оқуда  жетістіктерге  жеткен  4 мыңға жуық белсенді жасөспірім алып отыр.

   Айта кетейік, екі күн бұрын облыстың аудан, қалаларынан жиналған балалар Шымкент қаласының көрікті жерлері мен тарихи орындарына саяхат жасады.

   2016 жылды оңтүстікқазақстандық оқушылар толымды жетістіктермен қорытындылап отыр. Олар халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауына және спорт пен өнер сайыстарына қатысып, облыстың 150-ге жуық оқушысы жеңімпаз атанды.

Президенттік шырша мерекесінің балаларға тартуы

Талдықорған қаласындағы «Жастар» Спорт сарайында Президенттік шырша мерекесі өтті. Оған облыстың түкпір-түкпірінен жетім балалар, аз қамтылған, көп балалы және толық емес отбасыларынан шыққан балалар – жалпы саны 200 озат оқушы қатысты.

Балалар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнеқұттықтауын тыңдағаннан кейін облыс әкімі Амандық Баталов та құттықтау тілегін білдірді.

— Бүгінгі Презииденттік шыршаға облыстың әр түкпірінен келдіңіздер. Барлығың талантты, ақылды, үздік оқушысыңдар. Елдің болашағысыңдар, мемлекеттің ертеңгі тірегісіңдер. Сол үшін жақсы оқып, талапты болуларың қажет. Біз сендерге үлкен үміт артамыз. Жаңа жылда арман-тілектерің орындалып, қуаныштарың көбейе берсін, — деді облыс әкімі А. Баталов.

Балаларға Президенттің атынан Жаңа жылдық сыйлықтар тапсырды.

Аяз Ата мен Ақша қарды космостан күтіп алған балалар Жаңа жылдық шыршаның шамын жақты, ойын ойнап, шыршаны айналып ән салды. Ескі Мешін жылын шығарып сап, жаңа Тауық жылын қарсы алды.

Мерекеде отандық өнерпаздармен қатар, украиналық және беларуссиялық акробаттар өнер көрсетті.