Домой Блог Страница 3

Астанада «Пиротехника» жедел алдын алу шарасы өтіп жатыр

Елордада Жаңа жыл мерекесі қарсаңында «Пиротехника» жедел алдын алу шарасының екінші кезеңі өтіп жатыр. Аталған шара Астана қаласының ТЖД мен ІІД бірлесіп ұйымдастырылды, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Рейд шаралары барысында пиротехникалық өнімдерді заңсыз сатудың төрт дерегі тіркелді.

Елорданың Орталық базарында тексерілген үш нүктенің біреуі ғана заңды түрде жұмыс істеген. Қалған екі сатушы өнімдерді рұқсат беретін құжаттарсыз және ашық ауада сатқан.

«Екі дерек бойынша әкімшілік сипаттағы шаралар қабылдайтын боламыз. Материалдарды сотқа жолдап, пиротехникалық бұйымдарды тәркілейміз», — деп атап көрсетті Астана қ. ІІД әкімшілік полиция басқармасының азаматтық және қызметтік қару-жарақ айналымын бақылау бөлімінің аға инспекторы Әділхан Башаев.

«Ережеге сәйкес, петардалар мен отшашуларды өрт сөндіретін бастапқы құралдары бар жабық нысанда сақтап, сатуға болады. Ғимараттың өзі автоматты өрт дабылымен блоктанып, ішінде жарық болуы тиіс», — деп нақтылады Астана қ. ТЖД бас маманы Айтбай Әбдірахманов.

ТЖД қызметкерлері пиротехника өнімдерін сатып алуда оның нұсқаулығымен танысуға кеңес береді, нұсқаулықтың болмауы тауардың сертификатталмағанын, демек денсаулық үшін қауіпті екенін білдіреді. Қаптаманың және өнімнің бүтіндігіне назар аудару қажет. Сондай-ақ, әрқашан қарапайым ережені есте ұстау қажет: петардаларды отшашуларды, зымырандарды ғимарат ішінде жағуға болмайды, және оларды балкондар мен лоджиялардан, жаңажылдық шыршалардың, тұрғын үй және шаруашылық нысандардың қасында пайдалануға болмайды.

Астанада Жаңа жыл түні мерекелік бағдарлама ұйымдастырылады

Қала тұрғындары мен қонақтарына Жаңа жыл түні керемет мерекелік бағдарлама ұсынылады, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

31 желтоқсанда сағат 21:00-ден 03:00-ге дейін «Хан Шатыр» СОСО мұз қалашығында, сондай-ақ көңілді ортада жаңа жылды қарсы алуға ниетті жандар қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен шоу-бағдарлама мен концерт тамашалайды. Елордада жаңа жыл түні Айқын Төлепберген, Әли Оқапов, Маржан Арапбаева, ағайынды Жүгінісовтер, «Орда» тобы, «Дабыл» тобы және т.б. әртістер өнер көрсетеді.

Еліміздің бас шыршасының жанында ашылған мұз қалашығында келушілерді көп қызық күтеді.

Сонымен қатар, жаңа жыл түні мерекелік отшашу ұйымдастырылады. 2017 жылы салют елорданың үш ауданында болады – «Хан Шатыр» СОСО жанында, Есіл өзенінің жағалауында, сондай-ақ, Абылай хан даңғылы мен А. Пушкин көшесінің қиылысындағы скверде. Коньки тебуді ұнататын жандар үшін жағалаудағы жаңа жыл түні ерекше болмақ. Мұнда қала тұрғындары үшін жаппай коньки тебу ұйымдастырылады.

Ақтөбеде 400 бала Президент шыршасына қатысты

ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына тұспа-тұс келген «ЭКСПО-ның жаңа жылдық алауы» атты Президенттік шыршаға 400 ақтөбелік оқушы қатысты. Мерекелік шара «Алтын сарай» кешенінде өтті.

Жаңа жылдық салтанатты шараға оқуда, спортта, шығармашылықта жетістікке жеткен дарынды, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған және көп балалы отбасынан шыққан сондай-ақ, мүгедек балалар қатысты. Ертегілік салтанаттың 400-ден аса қатысушысы Аяз ата мен Ақшақар, Алдар көсе, Микки Маус, осы жылдың иесі – маймыл секілді ертегі кейіпкерлерінің театрландырылған көріністеріне, конкурстар мен сұрақ-жауап ойындарының куәсі болды.

Балалардың бас шыршасы да биыл ерекше құлпырып, түрлі ұлттық нақыштағы ойыншықтармен жарқырап, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Шырша Ақтөбе облыстық білім басқармасы мен «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығы бірлесіп өткізген «Жаңа жылдық ойыншықтар» байқауында жеңімпаз атанған оқушылардың жұмыстарымен безендіріліп, ал «Аяз атаның сиқырлы жәшігі», «Жаңа жылдық шырша-2017» байқауларының қорытындысы бойынша үздік аталған жұмыстары залға және фойеге қойылды.

— Отанға деген махаббат, қажырлы еңбек, бірлік, кез-келген арманды шындыққа айналдыра алады. Бәріңіз де осындай керемет мерекеге лайықсыздар. Ең бастысы – қол жеткізген табыстарыңызда тоқтап қалмау керек. Тәуелсіз Қазақстанның жас азаматтары — сіздерді келе жатқан Жаңа жылдарыңызбен шын жүректен құттықтаймын,-деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің бейнебайланыс арқылы жолдаған құттықтауында.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та жиналғандарды құттықтады.

-Бізде үлкен нәтижелерге қол жеткізіп, өңірімізді республикалық және халықаралық деңгейде лайықты көрсеткен балалар баршылық. Мемлекеттің болашағы сіздердің қолдарыңызда. Біз өз тарапымыздан сіздердің балалық шақтарыңызды бақытты өткізіп, сапалы білім алып, спортпен айналысуларыңызға барлық жағдайды жасауға тырысамыз. Сіздерге зор денсаулық тілеймін. Сіздер еңбек етіп, Қазақстанды әлемге мәшһүр етулеріңіз қажет,-деді өңір басшысы.

Балаларға Президент атынан жазылған құттықтау хаттары, энциклопедия, планшет пен тәтті сыйлықтар секілді бағалы сыйлықтар табысталды.

Бас шыршаның қатысушылары алдында жас ақын, «Әбіш оқулары» өңірлік конкурсының облыстық кезеңінің жүлдегері, «Болашағым өзіңмен туған Отан» республикалық шығармалар конкурсының жүлдегері Айсұлтан Көпбергенов, «Күншуақ» республикалық және «Айналайын» халықаралық конкурстарының жүлдегері «Жайдарман» вокалдық студиясы, «Дарындылар ғаламшары» халықаралық конкурсының жүлдегері Ақмерей Әбдіраманова және басқалар өнер көрсетті.

Астанада еліміздегі ең ірі туберкулезге қарсы диспансердің құрылысы аяқталды

Астанада Қазақстандағы және ТМД мемлекеттеріндегі ірі туберкулезге қарсы диспансердің құрылысы аяқталды. Бүгін елорда әкімі Әсет Исекешев Мемлекет басшысының тапсырмасымен және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының стандарттарына сәйкес салынған емдеу мекемесінде болды, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Ірі медициналық мекеме Железнодорожный кентінде қырқыншы станцияға жақын орналасқан. Оның құрылысы 2008 жылы басталған.

Жаңа кешен төрт емдеу корпусынан тұрады: клиникалық-диагностикалық зертхана, бактериологиялық, тамақтану блогы, кір жуатын орын. Аурухана заманауи құрал-жабдықтармен жарақталған, соның ішінде: компьютерлік томография, рентген, шетелдік және жергілікті дәрігерлермен консилиум құруға, онлайн трансляция жүргізуге мүмкіндік беретін бейнеқондырғысы бар компьютерлік операциялық бөлмесі бар. Тағы бір артықшылық — 12 төсек орынға есептелген реанимациялық бөлімше, бұл елімізде жұмыс істейтін диспансерлердің ішіндегі ең үлкен бөлімше саналады. Сондай-ақ, науқастарды бөлек орналастыратын палаталар бар. Кешен 500 науқасты қабылдай алады, оларға 1000 үздік маман қызмет көрсетеді.

Атап өтерлігі, статистикаға сәйкес, Астанада туберкулезбен ауыратындар саны төрт есе азайған. 2008 жылы 100 мың адамға шаққанда 218 науқас болса, бүгінгі күні олардың саны — 58 адам.

Диспансерді аралау барысында Әсет Исекешев қысқа мерзімнің ішінде іске қосу-жолға қою жұмыстарын аяқтауды, абаттандыру және көлік қатынасы мәселелерін пысықтауды тапсырды.

Орыс драма театры мүгедектер қоғамының тәрбиеленушілеріне қайырымдылық ертеңгіліктер өткізеді

Осы аптада «Астана – мейірімді қала» акциясы аяқталады. М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры «Балам-ай» ҚҚ, №65 мектеп-гимназиясы, Астана қаласының мүгедек балалар қоғамы, «Балалар қоры» ҚҚ, Онкология және трансплантология Ұлттық ғылыми орталығы бүлдіршіндеріне қайырымдылық ертеңгілігін өткізеді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ «Астана – мейірімді қала» акциясы аясында әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары үшін 100 және онкологиялық ауруды емдеу курсынан өткен 50 балаға орындар бөлінген.

Көрсетілім 22 желтоқсаннан 6 қаңтарға дейін күнде сағат 10:00 және 15:00-де өтеді. Шарада Аяз ата мен Ақшақар, сондай-ақ, ертегі кейіпкерлері қатысатын бағдарлама қарастырылған. Келген қонақтар үшін түрлі ойындар, сайыстар және мерекелік безендірілген шырша айналасындағы билер болмақ. Көрермендер залында келгендерге арналған флешмоб және интерактивті ойындар ұйымдастырылады. «Незнайка және оның достарының оқиғалары» атты жаңажылдық ертегінің көрсетілімі өтеді. Гүл қалашығының көңілді тұрғындары басты кейіпкер Незнайка және оның досы – білгір Знайкамен бірге қиял әлемін саяхаттайды.

Астана әкімдігі ең үздік жаңажылдық бейнеқұттықтауға байқау жариялады

Келе жатқан жаңа жыл біреулер үшін шынымен де ертегіге айналады. Мереке қарсаңында Астана әкімдігі ең үздік жаңажылдық бейнеқұттықтауға байқау жариялады. Байқау Аяз Атаның атынан Инстаграмдағы (ayazata_official) ресми парақшада жүргізіледі, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Жарысқа ниет білдірген әр адам қатыса алады. Ол үшін елорда тұрғындарына арналған өз құттықтауын жүктеу қажет, ал сипаттамада «@ayazata_official» байқауы және #жаңажылыңменАстана2017 хэштегін қою керек. Қатысушының парақшасы байқау аяқталғанша ашық тұруға тиіс.

Бейнеқұттықтаулар 2016 жылдың 30 желтоқсаны сағат 23:59-ға дейін қабылданады. Ерекше идеяның авторы IPhone 7 иегері атанады, байқау қорытындысы 31 желтоқсан күні сағат 15:00-де «Хан Шатыр» СОСО-ында шығарылады.

Елорда экономикасы озық көрсеткіштермен дамуда

2016 жылдың 11 айында елорданың өнеркәсіп кәсіпорындары 368,2 млрд теңгенің өнімін шығарды, өсім көлемі 2,1%. Қала экономикасына 712,9 млрд теңге инвестицияланды, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 1,5%-ға жоғары. Қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Айжан Түгелбаева қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында осындай мәліметтер келтірді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Өңірлік жалпы өнімнің көлемі бойынша Астана республикада Атырау облысынан кейінгі екінші орында тұр. Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша, ол 2 148,8 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегіден 2,9%-ға көп.

А. Түгелбаеваның айтуынша, биылғы жылдың қаңтар-қараша айларында елордада 17,3 мың жаңа жұмыс орны құрылған. Бұл 2016 жылдың ІІІ тоқсанының қорытындысы бойынша жұмыссыздық деңгейін 4,6%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді.

Бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары жекелеген әлеуметтік-экономикалық индикаторлар бойынша жоспарлық көрсеткіштер ағымдағы жағдайды талдау нәтижелерін ескере отырып өзгертілгенін атап көрсетті.

Астанада елорданың үздік туристік символына ашық республикалық байқау басталды

Елорданың үздік дизайнерлері, сәулетшілері және суретшілері бас қаланың туристік символын жасауда шеберлік байқасады, аталған символ Астананы әлемдік сахнада таныстыратын болады. Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында журналистерге Ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Каналимов мәлім етті. Жобаның мақсаты — елорданың имиджін нығайтып, танымалдылығын арттыру, туристік тартымдылығын насихаттау.

Шараға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасының авторы, ғалым, архитектор Жандарбек Мәлібеков және «Санар» жобалаушы-өндірістік компаниясы» ЖШС басшысы Сағындық Жамболатов қатысты. Астана қаласының туристік символының үздік эскиз-жобасына ашық республикалық байқау бір ай бойы 26 желтоқсаннан 25 қаңтарға дейінгі аралықта өтеді. Аталған кезеңде халықтық дауыс беру арқылы және қазылар алқасының бағалауымен үш үздік жоба таңдап алынады. Байқауға қатысуға өтініштер жеке тұлғалардан да, заңды тұлғалардан да қабылданады, дейді ұйымдастырушылар.

Қазіргі уақытта жүлделі орындарды анықтайтын туристік символды әзірлеу бойынша жұмыс тобы құрылды. Сонымен қатар, байқаудың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында интернет-дауыс беру өткізу жоспарланған.

«Бұл — өте маңызды жоба. Символика осы қаланың ерекшелігін көрсетіп тұруы тиіс. Архитектор ретінде айта кетерім, қалаға ең алдымен заманауи архитектура қажет. Бізде жүйе бар, архитектуралық ансамбльдер бар, қаланың туристік тартымдылығы мен ерекшелігін солар айшықтап тұрады. Символ қаланың көрікті жерлерін, ландшафтының ерекшеліктерін, тарихын көрсетіп, сол уақытта заманға сай, жарқын, түсінікті болуы тиіс. Ал түстері қазақ халқының декоративті өнерінің түс пен композициялық дәстүрлеріне сүйенуі керек», — деп атап көрсетті архитектор Сағындық Жамболатов.

Байқаудың қорытындысы бойынша жұмыс тобының мүшелері 5-6 нобайды таңдап, ұялы қосымша және интернет арқылы ашық дауыс беруге ұсынады. Байқаудың ұйымдастырушылары оның жүлде қорын да жариялады: 1-ші орынның иегері 2 миллион теңге алса, 2-ші орынға  1 миллион, 3-ші орынға 500 мың теңге сыйақы қарастырылған.

Анықтама телефондары: +7 (7172) 556719, 556717. Сондай-ақ, эскиздерді uvp535@mail.ru электронды мекенжайына жолдауға болады.

Оқушылар сарайында елорда әкімнің атынан жаңажылдық шырша мерекесі өтті

Оқушылар сарайында елорда әкімі Әсет Исекешевтің атынан жаңажылдық қойылым өтті, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі. Шырша мерекесіне 300 бала шақырылды, олардың арасында мүмкіндігі шектеулі, ата-ана қамқорлығынан айырылған және жетім балалар, дарынды оқушылар бар.

Жаңажылдық шыршаға келгендер ертегіге саяхат жасады, балалармен бірге сүйікті мультфильмдердің кейіпкерлері көңіл көтерді. Ал арнайы құрылған ерекше декорациялар мерекеге ерекше сипат берді.

Мерекелік думан талантты режиссер, халық әртісі Талғат Теменовтың жетекшілігімен ұйымдастырылды. Залдағы  төрт сахнада шығармашылық ұжымдар өз өнерлерін ортаға салды. Шара LED-экрандар арқылы көрсетілді.

Балалар мен ата-аналарды келе жатқан Жаңа жылмен елорда әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев құттықтады.

«Балаларды, ата-аналарды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтаймын. Келесі жылы еліміздің алдында ауқымды міндеттер тұр. Жаңа жылда бәріміз сиқырға сенеміз, сендердің тілеген тілектерің орындалсын, сиқыр болсын. Баршаңызға бейбітшілік, жақсылық пен бақыт тілеймін», — деді ол.

Шараға келген әрбір бала ерекше костюмдер киіп, мерекенің көңілді өтуіне өз үлестерін қосты.

Астанада орнатылған сағат Гиннестің рекордтар кітабына енгізілуі мүмкін

Астанада Жаңа жыл қарсаңында Есіл өзенінде үлкен сағат орнатылды, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі. Циферблаттың диаметрі — 17 метр, жарық диодтар түнде әдемі композицияны құрайды. Конструкцияның ерекшелігі – ол өзенде орналасқан.

Сағаттың айналасындағы аумақ қыста демалуға лайықты орын. Мұнда елорда тұрғындары мен қонақтары үшін сырғанақтар мен ауданы 8000 шаршы метрлік үлкен мұз айдыны жасалды. Сағат нақты механизммен жабдықталған және Жаңа жыл түні Есіл өзенінің жағалауындағы отшашу түнжарымда басталатын болады.

Айта кетейік, Есіл өзенінде орнатылған жаңажылдық сағат әлемдегі осындай ең үлкен сағат болып табылуы мүмкін. Манхэттенның жанында (Нью-Джерси штаты, АҚШ) Гудзон өзенінде орнатылған баршаға танымал Colgate сағатының диаметрі — 15,24 метр.