Солтүстік Қазақстан облысына Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың басшылығымен жетісулық делегация тобы келді.
Ең алдымен, қонақтар «Green park» демалыс кешенімен танысты. Аталған демалыс орны өткен жылдың желтоқсан айында ашылған болатын. «Green park» алаңында монша, амфитеатр, балалар ойын алаңы орналасқан, ал қыста келушілер мұнда шаңғымен, конькимен сырғанай алады.
Әрі қарай делегация тобы Спорт сарайына барды. Мұнда Алматы облысының өкілдері жеңіл атлетика манежі мен мұз алаңымен танысып, солтүстікқазақстандық спортшылардың дайындық барысын бақылады.
Конференция залында қос облыстың екіжақты кездесуі өтті. Қонақтарды қарсы алған өңір басшысы Ерік Сұлтанов өңіраралық қатынастардың маңызына тоқталды.
«Осындай кездесулер табысты әрі нәтижелі болмақ. Мен бүгін Солтүстік Қазақстан және Алматы облыстары арасында екіжақты ынтымақтастықтың жаңа кезеңі басталатынына сенімдімін. 2015 жылы біз Қазақстанның барлық өңіріне 39 млрд. теңгенің өнімін тасымалдадық. Шамамен, осындай мөлшердегі өндіріс тауарлары республика өңірлерінен бізге жеткізілді», — деді Ерік Сұлтанов.
Алматы облысына Солтүстік Қазақстан облысынан кондитерлік, нан-тоқаш, макарон өнімдері, сондай-ақ, теле-радио қабылдағыштар тасымалданады. Өткен жылы эскпорт көлемі 3711,9 млн. теңгені құрады. Осы жылы Алматы облысына 7,6 мың тонна астық және бұршақ дақылдары, 113 тонна тұқым жеткізілген.
«Біз Алматы облысының өндірістік кәсіпорындарымен ынтымақтасуға дайынбыз. Әзірге бұл салада тауар айналымы реттелмеген. Бүгінгі кездесу кәсіпкерлер арасында байланыс орнатуға мүмкіндік береді деген сенімдемін. Ауыл шаруашылығы саласында өзара ынтымақтасудың тамаша мүмкіндіктері бар. Біздің өңір тек қана өсімдік шауашылығы ғана емес, мал шаруашылығы, қайта өңдеу саласында да үлкен әлеуетке ие», — деп атап өтті Ерік Хамзаұлы.
Өз кезегінде Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Жетісу өңірінің ерекшеліктеріне тоқталып өтті.
«Біз соя, сірне, жүгері, қант қызылшасы сияқты дақылдар өндірісінде көш басындамыз. Қант зауыттарын қалпына келтірдік. Биыл 6,8 гектар жерге қызылша отырғыздық, 22-24 мың тонна қант алуды жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, алма бақтарын да қайта дамыттық. Біз қос облыстың өзара тиімді ынтымақтастығының көптеген мүмкіндігін көріп отырмыз», — деді Амандық Баталов.
Сондай-ақ, Алматы облысының әкімі өңірде фармацевтика, аккумулятор өндірісі, шағын және орта бизнес, мал шаруашылығы мен туризм салаларының жақсы дамып келе жатқанын атап өтті.
Екіжақты ынтымақтастық болашағы туралы Солтүстік Қазақстан облысының индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Жанат Сәдуақасов баяндады. Ол бәсекеге қабілетті солтүстікқазақстандық зауыттар мен кәсіпорындар туралы толық ақпарат беріп өтті.
«Екі өңір арасындағы тауар айналымы шамамен, бес миллиард теңгені құрайды. Біздің өндірістік кәсіпорындарымыз машина жасау, металл өңдеу саласының өнімдерін кең ауқымда жеткізіп, ынтымақтастық мәселелерін талқылауға әзір. СҚО-ның ауыл шаруашылығы құрылымдары мен өңдеу кәсіпорындары Алматы облысына картоп, жұмыртқа, ұн, макарон өнімдерін, ірімшік, май, шұжық жеткізуге дайын», — деді Жанат Сәдуақасов.
Тақырыпты Алматы облысының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Маржан Мұрат жалғастырды. Мекеме басшысы облыстың 30-дан астам өндірістік кәсіпорындары өз өнімін СҚО-ға жеткізетіндігін, ал Солтүстік Қазақстан облысынан 40-тан астам тауар түрі Алматы облысына тасымалданатынын жеткізді.
«Біз өңіраралық қатынастарды дамытуға, Алматы облысы мен Солтүстік Қазақстан облысында өндірілетін өнімнің барлық түрі бойынша кәсіпкерлер арасында өзара сұхбат алаңын құруға барынша қолдау көрсетеміз», — деді Маржан Мұрат.
Өндірісті дамыту мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласындағы ынтымақтастық жөнінде солтүстікқазақстандық «Сүтөнімі» ЖШС директоры Роза Сүлейменова мен Алматы облысының Балқаш ауданындағы «Жақсылық» шаруа қожалығының басшысы Жақсылық Үшкемпіров айтып өтті.
Кездесу соңында қатысушылар ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, сауда-экономика, ғылым мен техника және өзге де салалар бойынша алты меморандумға қол қойды.
Бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында Ерік Сұлтанов Алматы облысының өндіріс, ауыл шаруашылығы, туризм саласындағы әлеуетінің ауқымды екенін атап айтты.
«Біз СҚО-ға Алматы облысынан көкөніс пен жеміс тасымалдаудың мүмкіндігі зор. Біздің облыстың көлік логистикасының бірлескен жұмысқа пайдасы тиеді. Алдағы уақытта екіжақты тауар айналымы еселене түсетініне сенімдімін», — деді өңір басшысы.
Амандық Баталов қос өңір ынтымақтастығын арттырып, екіжақты тауар айналымын жандандыру қажеттігін жеткізді.
«Біз СҚО-ның өндірістік кәсіпорындарына сірне немесе талдықорғандық аккумуляторларды және басқа да заттарды тасымалдай аламыз. Ең алдымен, біз Солтүстік Қазақстан облысынан ұн жеткізуге тәуелдіміз. Бұдан бөлек, біздің өңір осында құрастырылатын ауыл шаруашылығы техникаларына мұқтаж. Бүгінгі кездесу қос облыс ынтымақтастығының бастамасы ғана деп ойлаймын», — деді Амандық Баталов.
Екіжақты ынтымақтастық кездесуінен соң қонақтар Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпорындарын аралады. Бірінші нысан «ҚазТехМаш» машина жасау зауыты» ЖШС болды. Мұнда ауыл шаруашылығы техникалары, соның ішінде «SAMPO Asia» комбайндары, шөп шабатын машиналар, тіркемелер, тырмалар, сұрыптауыштар жасалады.
Алматы облысының әкімі Амандық Баталов солтүстікқазақстандық техникалар бағасының қолжетімділігін атап өтті.
Әрі қарай делегация тобы «Петромали компани» ЖШС-на барды. Мұнда Алматы облысының өкілдері астық өңдеу мен ұн өндіру барысымен танысты. Диірмен айына 2 мың тоннаға дейін ұн шығара алады. Айта кету керек, компания өз өнімін Қырғызстан, Ресей, Ауғанстан елдеріне тасымалдайды.
«Зенченко және К» командиттік серіктестігі мен «Қазетөнім» ЖШС-да қонақтар «СҚО-да жасалған» маркасының өнімімен танысты.
Астық өңдеу жұмысымен танысу «ТНС-Экспорт» ЖШС-да жалғасты. 2014 жылы инвесторлар мұнда 8 млрд. теңге құйған болатын. Алдағы уақытта кәсіпорын негізінде майэкстракциялық зауытын салу жоспарланған.
Компанияның негізгі қызметі – астық қабылдау, кептіру, сақтау, тиеу және жөнелту. Биыл мұнда 30 мың тонна астық әкелінді және Иран, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей мемлекеттеріне экспортталады.
«Абылай хан резиденциясы» мұражай кешенінде қонақтарға ұлы қолбасшы, мемлекет қайраткері Абылай хан және ғимарат тарихы туралы мәлімет берілді.
Бұдан соң Алматы облысының өкілдері Н. Погодин атындағы орыс драма театрының 130-шы мерейтойлық маусымының салтанатты ашылуына қатысты.
Жұмыс сапарының екінші күнінде Жетісу өңірінің делегация тобы «Зенченко және К» КС-де болды.