2016 жылы Астана қаласында 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамту деңгейі 84,2% (2015 ж. 64,5%) жетті. Бұл туралы брифинг барысында БАҚ өкілдеріне Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев мәлімдеді.
Оның айтуынша, Астанада жаңа мемлекеттік балабақшаларды қолданысқа берудің арқасында мектепке дейінгі ұйымдарда орындар тапшылығы азайтылып отыр. 2016 жылы 2 балабақша пайдалануға берілді: Көктал ауданында санаторлық үлгіде (200 орынға шақталған №85 «Мейіржан» балабақшасы) және 240 балаға арналған №91 «Еңлік». 2015 жылы 2 340 орынға шақталған 10 балабақша ашылды, деп жазады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Бүгінгі таңда елордада 49 472 баланы қамтитын түрлі үлгідегі 260 мектепке дейінгі мекеме жұмыс жасайды. Оның ішінде: 95 мемлекеттік; 2 ведомстволық; 115 жекеменшік; 48 шағын орталық. 3-тен 6 жасқа дейінгі балалар арасындағы балабақшаға кезек 25 550 баланы құрайды.
2016 жылдың 1 қазаны бойынша Астанада 6 жасқа дейнгі балалардың саны 87 947 жетсе, оның ішінде 78 606 бала мектепке дейінгі мекемелерде орын алуға кезекке қойылған. Жылда туу көрсеткішінің және көші-қон үрдістерінің артуына байланысты мектепке дейінгі жастағы балалардың қатары көбейіп келеді. Күн сайын мектепке дейінгі мекемеден орын алуға кезекке 90 бала тіркеледі.
Сондай-ақ, Қасымхан Сенғазыев 2017 жылдан бастап балабақшаларға жолдамалар электрондық түрде www.e.astana.kz сайты арқылы берілетінін хабарлады. Оның айтуынша, бұл мөлдірлікті қамтамасыз етеді. Ата-аналар үйлерінен шықпай-ақ, балабақшаларға арналған жолдамаға ие болады.
Электрондық жүйе пилоттық түрде іске қосылған. Оған сәйкес жолдамалар мемлекеттік тапсырысы бар жекеменшік балабақшаларға берілуде. Жолдамаларды мемлекеттік балабақшаларға беруге қатысты ата-аналардың дерекқорын өзектендіру мәселесі пысықталу үстінде. Ересек топтардағы балалар мектептерге барғаннан кейін бос орындарды бөлу жұмыстары жүргізіледі.