Домой Блог Страница 64

Астананың үш мыңнан астам әлеуметтік қорғалмаған тұрғыны жеңілдікпен санаториялық-курорттық ем алды

c-1Елордада халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарына ерекше назар аударылады. Жыл басынан бері 3373 адамға жеңілдікпен санаториялық-курорттық ем көрсетілді, соның ішінде 1349 зейнеткер, 208 ҰОС ардагері және оларға теңестірілген тұлғалар, 1816 мүмкіндігі шектеулі адам бар.

Қызметтер 2015 жылдың қазанынан бастап көрсетілуде: жасы бойынша зейнеткерлерге жолдама құнының 35%, ал зейнетақының ең төменгі көлемін алушылар қатарынан жасы бойынша зейнеткерлерге жолдама құнының 25%-ы төленеді, деп жазады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Өткен жылдың сәуірінен бастап Астанада күніне бес реттік тамақтануы бар 540 кереует-орынға есептелген қарттарға, мүгедектерге және мүгедек балаларға арналған Оңалту орталығы жұмыс істеп келеді. Орталық Щучинск-Бурабай курорттық аймағында экологиялық таза орман алабында Қатаркөл көлінің жағалауында орналасқан.

Жыл басынан бері Астанада 44 аз қамтылған отбасыға қаржылай көмек көрсетілді

cЕлордада «Өрлеу» жобасы аясында атаулы әлеуметтік көмек беру жалғасуда. Жыл басынан бері 44 аз қамтылған отбасыға (242 адам) ақшалай көмек көрсетілді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Жұмыспен қамтудың белсенді шараларына жәрдемдесуге 44 адам (ШАК алушылар арасында еңбекке қабілетті халық ішінен немесе 91,6%) тартылды, оның ішінде «Жұмыспен қамту  2020 жол картасы» бағдарламасына қатысатын 42 адам (87,5 %) тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылды.

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 84-ші қадамын іске асыру шеңберінде Астана қаласында 2015 жылғықыркүйектен бастап әлеуметтік келісімшарт негізіндегі «Өрлеу» жобасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама атаулы әлеуметтік көмектің тиімділігін арттыруға және әлеуметтік қолдаудың белсенді шараларын пайдалану және масылдықтың алдын алу арқылы әлеуметтік көмек көрсету жүйесін жаңғыртуға бағытталған.

Толық ақпарат алу үшін Астана қаласының жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасына (Иманбаева көшесі, 16 мекен-жайы бойынша) келу керек.

Білім министрі «Жас Алаштың» ресми хатына «бейресми» жауап берді

3fc59c9cbf89424f132dac3af877b56d_resize_w_520_h_ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев «Жас Алаш» пен «Трибуна» басылымдары бас редакторларының Алматыда өтетін басқосуға шақырған хаттарына әлеуметтік желі арқылы жауап берді, деп хабарлайды. 22 қазанға жоспарланған басқосу мектептерінде оқытудың үш тілде жүргізілу мәселесіне арналмақ.

Таяуда ҚР Білім және ғылым министрлігіне «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай мен «Трибуна» газетінің бас редакторы Жанболат Мамай аттарынан Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевті Алматыда өткізілетін басқосуға шақыру хаты келіп түсті. 22 қазан күніне жоспарланған бұл жиында республикамыздың мектептерінде оқытудың үш тілде жүргізілу мәселесі талқыланбақ.

Осы хатқа жауапты БҒМ Фейсбук әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында жариялады.

«Құрметті Рысбек Сәрсенбайұлы, Жанболат Мамай!

Ең алдымен, Алматыда ұйымдастырып жатқан жиындарыңызға ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевті шақырған хатыңыздың назарсыз қалмағанын жеткізгіміз келеді.

Бүгіндері біздің тәуелсіз елімізде қазақ тілін – мемлекеттік тілді дамыту мәселесі кім-кімді де бей-жай қалдырмасы анық. Сіздердің тараптарыңыздан осы бағытта үнемі көтеріліп жүрген мәселелер жайында хабардармыз. Білім саласының жағдайына байланысты өз көзқарастарыңызды білдіріп, ашық және жариялы түрде алаңдаушылық білдіргеніңіз – құптарлық жайт деп білеміз. Дегенмен, мемлекет атынан білім және ғылым саласын дамыту міндеті жүктелген министрлік ретінде Сіздердің келтіріп жүрген кейбір дәйексіз пікірлеріңізбен келісе алмаймыз.

Сондықтан да, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Сіздермен пікір алмасып, бүгінгі күні білім саласында өткізіліп жатқан реформа мен оның аясында енгізіліп жатқан көптеген жаңашыл үдерістер жөнінде толыққанды ақпарат беріп, міндет-мақсаттарын түсіндіруге мүдделі.

Осы тұста тағы бір айта кетерлік жайт бар. 22 қазан күні ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің қызметтік күнтізбесінде бірқатар мемлекеттік маңызы бар іс-шараға қатысу жоспарланып қойылған. Олардың бәрі де Астана қаласында өтетіндіктен, белгіленген күні министрдің Алматыдағы кездесуге қатысу мүмкіндігі болмайтынына түсіністікпен қарайсыздар деп үміттенеміз», — деп жазылған хат мәтінінде.

Есесіне, әріптестерімен бірге талқылап, бір шешімге келер деген ниетпен министрлік тарапынан өзекті тақырыпты талқылау бойынша екі ұсыныс жасалады.

«1. Сіздер қарсы болмасаңыздар, Алматыда өтетін шараға мемлекеттің білім саласын дамыту саясатын қолдап, реформаларды іске асыруға белсене атсалысып жүрген бір топ мамандар, лауазым иелері және азаматтық қоғам өкілдері қатысуға дайын.

2. 26 қазан күні Астанада білім ұйымдарында қазақ тілін оқыту, оның қолдану аясын барынша кеңейту арқылы мемлекеттік тілді дамыту мәселелері талқыланатын дөңгелек үстел отырысы өткізілмек. Сіздерді осы іс-шараға қатысуға шақырамыз.

ҚР Білім және ғылым министрі Е. Сағадиев сіздермен аталған басқосу аясында кездесуге дайын екендігін жеткіземіз», — деп жазды ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз хатшысы Ә. Әлібекова.

Түймебаевқа мембағдарламалардың орындалу барысы баяндалды

0

Оңтүстік Қазақстан облысының әкiмi Жансейiт Түймебаевтың төрағалығымен аудан, қала әкiмдерi және облыстық басқармалар басшыларының қатысуымен селекторлық мәжiлiс өттi, деп хабарлайды ҚазАқпарат okg.kz. сайтына сілтеме жасап.

Күн тәртiбiне сәйкес, облыстың 2016 жылдың 9 айындағы әлеуметтiк-экономикалық даму қорытындысы, «Нұрлы жол» және «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламаларының орындалу барысы талқыланды.

Бiрiншi мәселе бойынша сөз алған облыстық экономика және бюджеттiк жоспарлау басқармасының басшысы Р.Мүлкеманов, есептi мерзiм iшiнде өнеркәсiп өнiмiнiң көлемi 574,2 млрд. теңгенi құрап, ауыл шаруашылығының жалпы өнiмi 319,6 млрд. теңгеге, құрылыс жұмыстарының көлемi 125,3 млрд. теңгеге жеткенiн баяндады. Дегенмен, басқарма басшысының айтуынша, өңiрге инвестиция тартуда нәтиже төмен. Яғни 9 айда негiзгi қорға 240,8 млрд. теңге инвестиция бағытталып, 2015 жылдың тиiстi кезеңiмен салыстырғанда ол 82,4 пайызды құрады.

Күн тәртiбiндегi екiншi мәселе аясында облыстық құрылыс басқармасының басшысы С.Полатов биылғы жылға жоспарланған 14 нысанның 7-еуiнде құрылыс жұмыстары өндiрiстiк кестеге сай жүрiп жатқанын жеткiздi. «Нұрлы жол» мемлекеттiк бағдарламасы бойынша 9 жобаны iске асыру жоспарланғанын айтқан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы М.Марайым бөлiнген қаржының 96 пайызға игерiлiп, белгiленген жұмыстар жыл соңына дейiн толық орындалатынын баяндады.

Селекторлық отырыста «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасының орындалу барысы бойынша баяндама жасаған облыстық жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасының басшысы Ә.Темiрбаева жыл басынан берi 54570 адамға бағдарлама қатысушысы ретiнде қолдау көрсетiлгенiн хабарлады. Оның iшiнде, 19965 адам өздiгiнше жұмыспен қамтылып, жылдық жоспар 113 пайызды құраған.

Баяндамашыларды мұқият тыңдаған облыс әкiмi күн тәртiбiнде қаралған әрбiр мәселе бойынша сала жетекшiлерiне нақты тапсырмалар жүктедi. Жансейiт Қансейiтұлы экономикалық индикаторлар бойынша жұмыстардың тиiстi деңгейде орындалып, облысқа қаржы тартуда инвесторларға жағдай жасалу қажеттiгiн атап өттi. Құрылыс нысандарын салып, коммуналдық жүйелердi реттеуде мерзiмiнен кешiккен мердiгерлердi анықтап, жалпы тiзiмнен шығаруды жүктедi. Сондай-ақ, жұмыспен қамту мәселесiнде берiлген тапсырмалар орындалмай жатқан аудан, қалалардың тiзiмiн жасап, әкiмдiктiң аппаратына берудi мiндеттедi.

Елордада жаңа өнер галереясы ашылды

Астанада «Құланшы» қазіргі заманғы өнер орталығы мен Форте банктің қолдауымен ForteBank Kulanshi Artspace жаңа өнер галереясы ашылды, онда әлемнің түкпір-түкпірінен белгілі суретшілердің туындылары мен инсталляцияларының көрмелері өткізіліп тұрмақ.

Шараға ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев, елорданың шығармашылық зиялы қауымы мен бизнес қауымдастығының өкілдері қатысты, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Бастамашылар бұл галерея елорда өнерін жаңа деңгейге көтеріп, ағартушылық жұмыстың пәрменді құралына айналарына сенеді.

— Астана тұрғындарының атынан «Құланшы» қазіргі заманғы өнер галереясына және Форте банктің басшылығына осы жобаны іске асырғандары үшін алғыс айтамын, бұл жоба бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің айқын үлгісі болып табылады. Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде мемлекет басшысының күш-жігерінің арқасында Қазақстан озық мемлекеттердің қатарына қосылып, әлемдік аренада танымал болды. Өркениетті әлемде қазақ жерінің байлығы мен қазақ халқының қонақжайлылығы туралы білмейтін ел жоқ. Және қазір өзімізді мәдениеті бай, шығармашылық әлеуеті зор мемлекет ретінде танытатын уақыт келді, — деп мәлім етті Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев.

Галереяны іске қосу аясында қазақстандық бейнелеу өнерінің «Мәңгілік мұра» атты көрмесі ашылды. Экспозицияға Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінің үздік суретшілерінің туындылары енгізілді. Авторлардың айтуынша, Орта Азия елдері мәдениетінің мұндай синтезі бүкіл әлем бойынша өнерсүйер қауым үшін таптырмас олжа, және елорда тұрғындары мен қонақтарының көңілінен шығары анық.

Авторлар Париждегі Лувр, Лондондағы британдық мұражай және Тейт галереясы, Мәскеудегі Третьяков галереясы және әлемнің түкпір-түкпірінен келетін миллиондаған туристер сүйіп баратын басқа да мәдени нысандар сияқты Астанадағы картина галереясы да Қазақстан өнері мен мәдениетінің символына айналатынына сенімді.

«Мәңгілік мұра» көрмесі 2016 жылдың 1 желтоқсанына дейін жалғасады. Жұмыс уақыты күн сайын сағат 10:00 — 20:00 аралығында өтеді.

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына – 25 тал

04d12eb169b19c11d08c38557866e1ccАлматы облысының кәсіпкерлері «Даму» қорының қызметкерлерімен бірлесіп Талдықорғандағы «Жастар» саябағында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай 25 түп емен отырғызды, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

«Бизнес аллеясы» акциясына «Бизнестің жол картасы — 2020» бизнесті дамыту мен қолдаудың бірыңғай бағдарламасы негізінде мемлекеттік қолдауға ие болған Start-up кәсіпкерлері қатысты. Олардың барлығы да – «Даму» қорының клиенттері. Олардың арасында балаларды жан-жақты дамыту орталығын ашқан «Долженко Ирина Анатлоьевна» ЖК, фитнес-орталық ашқан «Черноиванова Ирина Игорьевна», сол сияқты «Белгібаева Дина» ЖК, «Арлен» балабақшасы»  және «Микронет» ЖШС-лары бар.

Кәсіпкерлер мен қор мамандары Тәуелсіздіктің 25 жылдығы жалпыхалықтың мереке деп есептейді. Сондықтан бұл айтулы мерекеге әрбір азамат үлес қосуға талпынады.

— Бұл — мерейтойға деген біздің ортақ сыйымыз. Біз жетісулық кәсіпкерлермен бірлесіп, Тәуелсіз Қазақстанның өзінде мықты 25 түп емен отырғыздық. Бұл ауқымды акция біздің шағын шаһарымызды көркейтуге қосқан үлесіміз болсын, — деді «Даму» қорының аймақтық филиалының директоры Бақыт Мұсаев.

Жалпы, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында «Талдықорған – бақ қала» акциясының жалғасы ретінде облыс орталығында тағы 250 000 ағаш көшеттері отырғызылатын болады.

Алматы облысында жылдың 9 айы қорытындыланды

1b99efd804b59bea5d4f2f5189ad287dАлматы облысының 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы және IV тоқсанға арналған міндеттер туралы мәселе бүгін облыс әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен өткен әкімдік отырысында қаралды.

Негізгі баяндаманы облыс әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашов жасады.

Л. Тұрлашовтың айтуынша, облыстың 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінен барлық салада өсім байқалды.

Мәселен, ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 404,5 млрд. теңгені құрады, нақты көлем индексі – 101,6%. Дәнді масақты дақылдар, картоп, көкөніс, бақша, жеміс-жидек, жүзімді жинау аяқталды. Жүгері, күріш, майлы дақылдар мен қант қызылшасын жинау жалғасуда. Барлығы 773,2 мың тонна астық бастырылды немесе өткен жылға қарағанда — 108,4%.

Шағын және орта бизнес саласында жұмыспен қамтылғандар саны өткен жылға қарағанда 30,0 мың адамға артып, 281,9 мыңды құрады. Шағын және орта бизнес субъектілерінен бюджетке 36,9 млрд. теңге түсті, жергілікті бюджет көлеміндегі үлесі 2015 жылдың сәйкес кезеңінде 27% болса, қазірге кезде 37%-ті құрайды.

Жалпы биылғы жылы кәсіпкерлікті қолдауға 15,4 млрд.теңге көзделді, бұл 2015 жылдан 2,7 есеге (5,6 млрд. теңге)  көп. Оның ішінде «Бизнестің жол картасы – 2020» аясында жалпы 32,8 млрд. теңге несие сомасына 225 жоба қамтылды.

Мұнан кейін Лаззат Махатұлы әлеуметтік салаға тоқталып, онда 52 объект салынатынын, оның ішінде «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 27 мектеп және 3 балабақшаның құрылысы жүріп жатқанын атап өтті. Денсаулық сақтау саласында күрделі жөндеу жоспарланған 13 объектінің 6-уы аяқталды, қалғандары бойынша жұмыс кесте бойынша жүргізілуде.

Оң өсім құрылыс саласында, инвестиция тарту ісінде, орталықтандырылған су жүйесімен қамтуда да байқалады.

Баяндамасының соңында Л. Тұрлашов жыл соңына дейін атқарылатын міндеттерге тоқталды. Атап айтқанда, «Нұрлы жол», «Балапан», «Бизнестің жол картасы — 2020», «Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламаларының шеңберінде ауқымды жұмыстарды жалғастыру қажет. Өнеркәсіп саласындағы жұмысқа екпін қосу керек. Жылыту маусымы тұрақты бақылауда болуы тиіс. Әлеуметтік маңызды азық-түлік бағасы үнемі қадағалануы керек.

Жиын соңында облыс әкімі А. Баталов:

Расында да облыс бойынша барлық саладағы көрсеткіштер ойдағыдай. Сіздерге Текелі қаласы мен Жамбыл ауданын үлгі етіп айта аламын. Бұл өңірлер осы уақытқа дейін айтулы жетістіктерге жетіп, алдыларына қойылған міндеттерді абыроймен орындап келеді. Жыл соңына дейін одан да биік көрсеткіштерге жетуге мүмкіндіктері бар. Міне, осылай жұмыс жасау керек, қолда бар мүмкіндіктерді тиімді пайдалана білу керек, Мемлекет басшысы қойған міндеттерді кешенді түрде орындауда бастамашы болу қажет. Әсіресе «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында берілген қаржының дер кезінде мақсатты игерілуіне  ерекше назар аударуымыз қажет, — деді.

Сонымен қатар А. Баталов облыстың алдында өңір бойынша Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған шараларды өткізу міндеті тұрғанын да атап өтті. Сондықтан барлық бағытта белсенді әрі сапалы жұмыс істеуге шақырды.

Алматы облысының бюджетіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді

be3431ec45cb4a0458d629ee4fdaa3caКеше облыстық мәслихаттың кезектен тыс IX сессиясы өтті. Сессияның күн тәртібінде Алматы облыстық мәслихатының 2015 жылғы 14 желтоқсандағы «Алматы облысының 2016-2018 жылдарға арналған облыстық бюджеті туралы» № 51-287 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселе қаралды.

Негізгі баяндаманы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Н. Сатыбалдина жасап, бірнеше функционалдық топ бойынша көзделген шығындар туралы хабарлады.

Баяндамашының айтуынша, Заңға сәйкес республикалық бюджеттен қосымша 9,5 млрд. теңге сомасында нысаналы ағымдағы трансферттер бөлінген. Жалпы облыс бюджетінің параметрлері 7,8 млрд. теңгеге көбейген.

Балқаш, Панфилов, Талғар аудандары мен Талдықорған қаласы  маңындағы өзендерде жүргізілетін төтенше жағдайлардың алдын алу шараларына жалпы сомасы 235 млн. теңге, білім саласында оқушыларды тасымалдау, мектептер мен балабақшалардың, Оқушылар сарайының  материалдық-техникалық базасын нығайту, білім беру нысандарына жөндеу жүргізу, сұйық отын сатып алу және басқа да жұмыстарына жергілікті бюджеттен 1 070,5 млн. теңге, республикалық бюджеттен 1104, 8 млн. теңге қарастырылған. Сонымен қатар денсаулық сақтау, әлеуметтік көмек көрсету, мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістік салаларының да бірқатар шараларына көлемді қаржы жұмсалмақ.

Ауыл шаруашылығында басқа мәселелерді айтпағанның өзінде Көксу қант зауытына дейін қант қызылшасын тасымалдауға – 175,6 млн. теңге жергілікті бюджеттен көзделіп отыр.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында жолдарды жөндеу мен елді мекендерді абаттандыру шараларын аяқтауға – 833,3 млн. теңге бөлінеді.

Н. Сатыбалдина басқа да функционалдық топтар бойынша көзделген шығындар туралы толық баяндап, депутаттарды облыстық мәслихаттың 2016 жылғы облыс бюджетіне өзгерістер енгізу туралы шешімінің жобасын түсіндіріп берді.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Амандық Баталов:

— «Нұрлы жол» және басқа да мемлекеттік бағдарламалар бойынша бөлінген қаражатты мақсатты пайдаланып, қаржының игерілмей қалуына жол бермеуге тиіспіз. Әзірге алға қойған жоспарларымыз ретімен орындалып келеді. Жыл соңына дейін қарқынды жұмыс істеуіміз керек.

Осында отырған аудан, қала әкімдерінің ең бірінші жұмысы – Тәуелсіздіктің 25 жылдығын лайықты атқару. Осы мерейлі дата аясында жаңа өнеркәсіп орындарын ашу, жаңа балабақшалар ашу, су құбырларын іске қосу сияқты ауқымды шаралар жоспарланып отыр. Дегенмен күнтізбелік шаралармен шектелмей, одан тыс тағы қандай ауыз толтырып айтатын іс-шаралар бар ойларыңызда, ұсыныңыздар, — деді.

Жалпы, облыс бюджеті қазір 410,9 млрд. теңгені құрап отыр.

ОҚО-да ІІ республикалық журналистер форумы өтті

ea2dae9c-76ac-4be8-a990-d62cb48bf8fcШымкентте «Жаңа ақпараттық саясат: бағдар мен болашақ» ІІ республикалық журналистер форумы өтті, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Өңірлердің бұқаралық ақпарат құралдарының басын қосқан шараға облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, «Түркістан» газетінің бас редакторы Пәттеев Шамшидин, «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газетінің директор- бас редакторы Жүсіп Нұртөре, Түркия Республикасы «ЖиҺан» ақпарат агенттігінің Қазақстандағы өкілі Иылдыз Доған,  «Жас Қазақ» газетінің бас редакторы Срайыл Смайыл, «Қаламгер — Медиа» орталығы ЖШС атқарушы директоры Әшімжан Жанарбек, «Хабар 24» телеарнасының шеф-редакторы Қожаев Шалқар сынды бірқатар республикалық, облыстық және аудан, қалалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен ұстаз-ғалымдар, халықаралық ақпарат агенттіктерінің өкілдері қатысты.

Форумның ашылу салтанатында сөз алған аймақ басшысы Ж.Түймебаев ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өтіп жатқан бүгінгі басқосу – Елбасымыз Н.Назарбаев айқындап берген «100 нақты қадам – Ұлт жоспарын» орындау мақсатындағы маңызды жиынның бірі екенін атап өтіп, болашақ пен ақпараттық саясатқа жаңаша бағдар көрсетуде осынау журналистермен болатын диалог алаңының маңызды екенін жеткізді. Сөз соңында форум жұмысына сәттілік тілеп, ел дамуына өз үлестерін қосып отырған барша журналистерге алғысын білдірді.

Шарада «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газетінің директор- бас редакторы Жүсіп Нұртөре аталған форум ақпараттық ілгерлету бойынша республика көлемінде өткізіліп отырған екінші жиын болып табылатынын атап өтті. «Бұл аймақ басшылығының және өңірдегі журналист қауымдастығының жаңа ақпараттық саясатқа ерекше мән маңыз беріп отырғандығын аңғартады»,-деді Жүсіп Нұртөре.

Сонымен қатар, форумға қатысушылар «Тәуелсіздік құндылықтарын қалыптастырудағы БАҚ-тың маңызы», «Медиакеңістіктегі бәсеке, дәстүрлі БАҚ-тың болашағы» тақырыптары бойынша баяндама жасап, пікір алмасты. Ақпараттық саясаттың болашағы туралы ойларын ортаға салды.

ОҚО әкімі БАҚ басшыларымен кездесті

b0611128-f849-457f-abe5-4d131ec0c1e4Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев «Жаңа ақпараттық саясат: бағдар мен болашақ» тақырыбындағы ІІ республикалық журналистер форумына қатысушы республикалық және облыстық БАҚ өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Шығармашылық өкілдерімен болған кездесуде әкім басылым — мемлекетіміздің тыныс-тіршілігі мен айнасы екенін айтып, республикалық форумға арнайы келгендері үшін алғысын білдірді. Сонымен бірге, алдағы жұмыс жоспарларымен бөлісті.

Өз кезегінде, қаламгерлер де аймағымыздың күннен-күнге дамып келе жатқан үлгілі өңір екенін тілге тиек етіп, Күнгей өлкенің игі бастамалардың ордасы, еңбекқор өлке екенін атап өтті. Оңтүстіктің ақпараттық кеңістігі дамыған аймақ екеніне тоқталған қарымды қаламгерлер біздің облыстан үйренер істің көп екенін айтты.

Жиын соңында Жансейіт Қансейітұлы БАҚ өкілдеріне шығармашылық табыс тілеп, бүгінгі форумда талқыланған мәселелер қоғамдағы күрделі проблемаларды шешуде септігін тигізеріне сенім білдірді.

Айта кету керек, Оңтүстік Қазақстан облысы БАҚ саны жағынан республикада екінші орында. Қазіргі таңда облыста 239 БАҚ жұмыс жасаса, оның 171-і газет, 38-і журнал, 13-і телеарна, 4-і радио және 13-і интернет сайт.