Домой Блог Страница 67

Созақта өнеркәсіп өнімінің көлемі ширек ғасырда 283 есеге өскен

img_5478Бұл туралы бүгін ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Тәуелсіздік жетістіктерін баяндаған Созақ ауданының әкімі М.Исаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, Тәуелсіздік алған 1991 жылы  ауданда халық саны 45 мың 400 адамды құраса, бүгінде бұл 61 мың 337 адамға жетіп, 16 мыңға өскен. Ал осы жылдар ішінде ауданның жалпы өңірлік өнімі 1,5 млрд-дан 214 млрд. теңгеге жетіп,139 есеге өскен. «Тәуелсіздігімізді алған 25 жылда еліміз Елбасының сарабдал саясатының арқасында өркендеп, көркейді. Соның ішінде Созақ ауданында да 25 жылда атқарылған ауқымды жұмыстар көп. Осы жүйелі жұмыстардың арқасында ауданға ширек ғасырда 23 млрд. 642 млн. теңгеге жетіп, 576 есеге өскен. Сонымен қатар, өнеркәсіп өнімінің көлемі 1995 жылы 708,1 млн теңге болса, 2016 жылы 200,4 млрд. теңгеге жетіп, 283 есеге өскен»,-деді аудан әкімі.

Брифингте мәлім болғандай бүгінде аудан көлемінде құрылыстық, өндірістік және тау кен өндірісінде қызмет көрсету бағытындағы бірқатар ірі кәсіпорындар жұмыс атқарып келеді. Жоғарыда аталған өнеркәсіптік кәсіпорындардың жігерлі жұмыстарының арқасында өнеркәсіп өнім көлемі артып келеді. Сонымен қатар, аудан өнеркәсібі тек ғана уран өндіруші кәсіпорындарына тәуелді болып қалмау мақсатында Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасын жүзеге асыру үшін ауданның индустриялды аймағы құрылды. ИА жалпы құны 866,6 млн. теңгені құрайтын 4 жоба іска қосылса, алдағы уақытта жалпы құны 5 550 млн. теңгені құрайтын 1 жобаны іске қосу жоспарлануда. Бұдан бөлек ауданның Индустрияландыру картасы аясында жалпы құны 18 583 млн. тг. құрайтын 2 жобаны жүзеге аспақ.

ОҚО әкімі түрік кәсіпкерлерімен кездесті

turik_kezdesuОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев түркиялық «Эксперт пейзаж» компаниясының жетекшісі Билал Тарик Дедемен кездесті. Басқосуға облыс әкімінің орынбасары С.Тұяқбаев пен аталған түрік компаниясының өкілі Алабажак Чинан қатысты. Екеуара әңгімеде тараптар бауырлас елдердің түрлі салалардағы ынтымақтастық жұмыстарын сөз етіп, алдағы уақытта да бұл үрдістен жаңылмауға уағдаласты, деп жазады ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Оңтүстік Қазақстан облысының инвестициялық әлеуетімен танысқан қонақтар облыс жетекшілігіне абаттандыру жұмыстарымен айналысатын «Эксперт пейзаж» компаниясының ландшафтты дизайн қызметін ұсынды. Өз кезегінде, өңір басшысы аталған ұсынысты оң қабылдап, компанияның қызметін облыстағы көріктендіру жұмыстарына пайдалану үшін облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы мен облыстық кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасына туризмді дамыту бағыты бойынша тиісті ұсыныс енгізуді жүктеді. Айта кетейік, «Эксперт пейзаж» компаниясы Түркияның Анталия қаласындағы абаттандыру жұмыстарының 40 пайызын жасап келе жатқан белді серіктестік.

Астанада Рақымжан Қошқарбаевтың ескерткіші ашылды

c-2Бүгін Астанада Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевқа арналған ескерткіштің ресми ашылуы өтті. Қазақ жауынгері 1945 жылдың 30 сәуірінде Қызыл әскер сарбазы Григорий Булатовпен бірге Рейхстаг ғимаратына Жеңіс туын тіккен.

Ескерткіш Б. Момышұлы және Р. Қошқарбаев даңғылдарының қиылысында орналасқан. Жобаға сәйкес, мүсіндік композицияның биіктігі — 6 метр, ал гранит тұғырдың биіктігі  4,5 метр. Ескерткіштің авторы «Қазақ Елі» монументін жасауға қатысқан белгілі мүсінші Асқар Нартов.

«Бүгін қазақ жауынгері Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігін мәңгілік ету үшін осы монументті ашып отырмыз. Оның есімі өскелең ұрпақтың жадында ерліктің символы ретінде сақталуы керек, сол себепті Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында елордада аты аңызға айналған нағыз жауынгерімізге арнап ескерткіш орнатылды», — деп атап өтті салтанатты шара барысында сөз сөйлеген Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев.

Салтанатты шараға Рақымжан Қошқарбаевтың қызы — Әлия, оның немерелері, сондай-ақ, лейтенант Қошқарбаев туралы кітаптың авторы — Қасым Аппасұлы қатысты.

Монументті орнатуға елорда әкімдігі бастамашы болды, ескерткішті дайындаған және орнатқан — «BI-Group».

Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігін көп жылдар бойы кеңестік тарихшылар мойындамай келді. 2007 жылы ғана Екінші дүниежүзілік соғыста Берлинде Рейхстагты басып алу кезінде Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовтың бірінші болып ту тіккендері туралы ресми түрде мәлімдеме жасалды. Осы ерлікті жасаған кезде Қошқарбаев небәрі 21 жаста болған. 2001 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен Рақымжан Қошқарбаевқа қайтыс болғаннан кейін «Халық қаһарманы» атағы берілді.

astana.gov.kz.

От жағу маусымында абай болыңыз, ағайын!

img_5560Алматы облысы бойынша жыл басынан бері осы кезге дейін 1034 өрт тіркелген. Салдарынан 22 адам қаза болған, 46 адам әртүрлі дәрежеде жарақат алған.

Соның ішінде тұрғын үй секторларында тіркелген оқиға саны — 731, ал оның салдарынан 43 млн. 987 мың теңге материалдық шығын келген. Мұнда да адам қазасы орын алған. Өкінішке қарай, ата-ана қарауынсыз қалған екі бала отпен ойнап көз жұмған. Бұл туралы Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері мәлімдеді.

Тұрғын үй секторларында адам өліміне әкеліп соқтыратын негізгі себептер пештерді пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі және электр қондырғыларын техникалық пайдадалану ережелерін ерен санамау, мас күйінде төсекте жатып темекі шегу сияқты қам-қарекетсіздіктер болып отыр.

Бүгінгі таңда тұрғындардың улы газдан улану себептері жиілеп барады деп дабыл қағып отыр мамандар. Былтырғы от жағу маусымының басынан және аяқталғанға дейін 363 адам улы газбен уланған, оның 133-і бала. 23 адам қаза тапқан, оның 4-уі балдырған.

Ал, ағымдағы жылдың басынан бері тұрғын үй секторларында 246 адам уланып, оның ішінде 13-і өмірімен қоштасқан. Бұл көрсеткіштер былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 25%-ға өскен.

— Жылу беру маусымы басталар алдында пештер тексеріліп, түтіндіктері тазаланып, сылануы керек. Пештерді жөндеу және қалауды тек қана осы жұмысты атқаруға арнайы лицензиясы бар тұлғаларға немесе ұйымдарға сеніп тапсыруға болады. Пештер, түтін шығаратын мұржалар ағаш шатырларымен қиылысатын орындары кірпішпен жуандалып қалануы керек. Пеш қабырғаларының жуандығы туралы да ұмытпаған жөн. Айналып келгенде мұның бәрі баршамыздың амандығымыз үшін, — дейді Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызметі басқармасының бастығы Ю.Чернышов.

Астанада қызметтік міндетін орындау барысында қаза тапқандарға арналған ескерткіш ашылды

19 қазанда қазақстандық құтқарушылар кәсіби мерекелерін атап өтуде. Осыған орай Астанада қызметтік міндеттерін орындау барысында қаза тапқандардың құрметіне ескерткіштің ашылуы өтті, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі. Олар үшін үлкен қауіп-қатермен байланысты жұмыс өздерінің жеке тыныштығы мен амандығынан жоғары тұрды. 1996 және 2010 жылдардың ақпан айы қала тұрғындарының есінен әлі күнге кеткен емес, ол кезде тілсіз жау өтпен күрес қызметінің бес қызметкерінің өмірін қиған еді. 1996 жылы Мичурин атындағы совхозда көпқабатты тұрғын үйдің жертөлесіндегі өртті сөндіру кезінде Александр Величкин және Геннадий Винокуров қаза тапты, ал 2010 жылдың 17 ақпанында елордадағы ғимараттардың бірінде шыққан өртпен күресте Валерий Зайцев, Саят Абеев және Руслан Кәкішевтер көз жұмды.

«Өткенді білмей, болашақ болмас. Біздің батырларымыз туралы жылы естелік біздің жүректерімізді мәңгілік сақталады. Олар кәсіби парыздарын бәрінен де жоғары қойып, жанкештілік танытты», — деп атап өтті өз сөзінде Астана қ. ТЖ Департаментінің бастығы Барат Дұзақбаев.

Осы күні батырлардың есімдерін еске алу үшін олардың туған-туыстары мен достары келді. Кәсіби салқынқандылық, қаймықпас рух  құтқарушылардың ең басты айрықша қасиеттері осы. Олар өте қарапайым, олардың ерліктері көпшілікке белгісіз, бірақ еңбектері құрметке лайық, өткені олардың бірінші кезектегі парызы — адам өмірін құтқару.

ОҚО әкімі сауда-көрме орталығын құруды ұсынды

06df2e5d-889f-454e-adfc-d61e34793551Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Шымкенттегі өнеркәсіп орындарын аралау жұмыстарын одан әрі жалғастырды.

Ең алдымен, өңір басшысы Gold маркалы алюмин профильдерін шығаратын «Gold Aluminum» ЖШС-інде болып, зауыттан шығарылып жатқан өнімдерді аралап көрді. Жылдық қуаттылығы 6 мың тоннаға дейін жететін зауытта өндірілетін өнімдердің 20 пайызы Ресей мен Қырғызстанға экспортталады. 200-ге жуық адамды жұмыспен қамтыған кәсіпорында шығарылатын өнімдер нарықта ең төмен бағамен ұсынылады.

Мұнан соң облыс әкімі Ордабасы ауданы, Бадам елді мекеніндегі аумағы 200 гектардан асатын «Бадам» қазақ-түрік индустриалды аймағына барып, ондағы іске асырылып жатқан жобалардың жұмысымен танысты. Болашақта мұнда тракторлар мен эксковаторлар, құрылысқа қажетті заттар мен лифт, бау-бақшаға арналған арбалар, доңғалақтар, сонымен бірге, кеңсе және үй жиһаздарын шығаратын 17 жоба бойынша өнеркәсіп орындары жұмысын бастамақ. Айта кететін жайт, мұнда бюджеттік 1 теңгеге 26,2 теңге жеке инвестиция тартылған.

Осындай өнеркәсіп орындарының бірі – ауыл шаруашылығы техникалары мен тракторлар шығаратын «Kaz Kioti» зауыты. Бір жылда 1600 дана техника шығаруға қауқарлы серіктестікте 300 адам жұмыс істейді. Өткен жылы жұмысын бастаған зауытта бүгінге дейін 167 трактор жасап шығарылып, облыстағы шаруашылықтармен қатар, көрші Таразға саудаланған. Болашақта мұндағы техникалар Ресей асуы да мүмкін.

Индустриалды аймақтағы тыныс-тіршілікке қанық болған аймақ басшысы Ж.Түймебаев ондағы кәсіпорындардың кестеге сәйкес мерзімінде тапсырылуы қажеттігін ескертіп, ондағы инфрақұрылым жайын ретке келтіруді міндеттеді. Сондай-ақ, Шымкент қаласының орталығында орналасқан кәсіпорындарды шаһар маңына көшіріп, сауда айналымын жақсарту мақсатында аймақаралық əріптестікті нығайту керектігін айтты. Сондай-ақ, ол осы мәселе жөнінде Үкіметке «Шымкент сауда-көрме орталығын» құру идеясын ұсынғанын жеткізді.

Өнеркәсіп орындарымен танысу кезінде Жансейіт Қансейітұлы «Бөрте Милка» сүт тауарлы фермасында болды. Жыл басында ашылған шаруашылықта асыл тұқымды сүтті бағыттағы «Гольштейн» тұқымынан қазіргі таңда 272 бас сауын сиыр бар. Күніне 30 литрге дейін сүт беретін фермада жылына 6-7 мың литр ағарған алу көзделуде. Ол үшін таяуда тағы да 200-ден астам ірі қара әкелу жоспарлануда. Сүт тауарлы ферманың барлық жабдықтары швейцариялық құрылғылармен қамтамасыз етілген.

Сапар барысында облыс әкімі аумағы 112 га болатын сауда-логистикалық орталығында болды. Бұл орталықта шаршы метрі 242,5 мың  құрайтын  8 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Мұнда «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында «Батыс Қытай — Батыс Еуропа» халықаралық автодәлізіне қосатын жол, темір жол тұйығы, қуаттылығы 10 МВт болатын электр стансасы, орталықтандырылған газ және су құбырларының құрылыстары жүргізілген.

Заманауи кешендегі салынып жатқан құрылыстардың жұмысымен танысқан аймақ басшысы сауда-логистикалық орталығы ауыл шаруашылығына бейімделген Оңтүстік өңірінің экономикасына оң ыпқалын тигізіп,  облыс өнімін дүниежүзілік нарыққа шығаруға зор мүмкіндік беретінін атап өтті. Сонымен қатар, тиісті мекеме басшыларына аталған орталықтың аумағын  ұлғайтуды жүктеді.

Астана Италия балетінің жұлдыздарын қабылдайды

c-52016 жылдың 29 қазанында елордалық театрдың Үлкен залы сахнасында «Астана Опера» театрының артистері мен неаполитандық Сан-Карло театрының белгілі артистерінің қатысуымен Гала-балет ұсынылады. Концерт «Астана Опера» Симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өтеді. Дирижері  Арман Оразғалиев.

Сан-Карло театры атынан 6 солист келеді, олардың арасында Антонелла Альбано, Маурицио Личитра және Сальваторе Мандзо сияқты балет жұлдыздары бар.

«Біз Сан-Карло театрындағы достарымызды көретінімізге қуаныштымыз, олар бұған дейін театрымызға бүкіл кордебалет құрамымен келіп, «Жизель» балетін қойған. Артистер үшін мұндай кездесулер өте маңызды, өйткені өзара тәжірибе алмасып, жағымды сезімнен қуат аламыз, ал, оның бәрі кейін біздің көрерменге беріледі, — дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тайыр Ғатауов.

«Астана Опера» әртістері де елорда тұрғындары мен қонақтары үшін бірқатар тосын сый дайындап қойған. Гала-балет бағдарламасы аясында таяуда ғана Балет әртістерінің ІІІ халықаралық байқауының жеңімпазы атанған Бақтияр Адамжан мен Серік Нақыспеков өнер көрсетеді. «Астана Опера» театры балетінің жаңа солисті Олжас Тарланов П. Чайковскийдің «Аққулы көл» балетінде алғаш рет Зигфридтің рөлін сомдайды, онымен бірге балеттің жетекші солисі Әйгерім Бекетаева сахнаға шығады, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

ОҚО-да өнеркәсіп өнімінің көлемі тоғыз айда 4,9 пайызға артты

zavod_0Оңтүстік Қазақстан облысында атқарылған жүйелі жұмыстар мен жасалған іс-шаралардың нәтижесінде 9 айдағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші жоғары болып отыр. Мәселен  өнеркәсіп өнімінің көлемі тоғыз айда 4,9 пайызға артып, 574,2 млрд. теңгені құрады, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі. Өнім көлемінің өсуі негізінен 104,5 пайызы тамақ, 117,5 пайызы мұнай өңдеу болса, 127,3 пайызы фармацевтикалық, ал 115,4 пайызы өзге металл емес минералды өнімдер мен 107,4 пайызы металлургия өндірісі есебінен орын алып отыр.
Ал, ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 319,6 млрд. теңгені құраса, оның ішінде мал шаруашылығында – 150,3 млрд. тг, егін шаруашылығында — 168,6 млрд. тг. өнімі өндірілді.
Сонымен қатар, жыл басынан бері  құрылыс жұмыстарының көлемі 125,3 млрд. теңгені құрап,  385,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10 пайызға артты.
Ал 9 айда негізгі қорға 240,8 млрд. теңге инвестиция бағытталып, 2015 жылдың  тиісті кезеңіне 82,4 пайызды құрады.
Сондай-ақ, облыста 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасы қабылданды. Айқындалған 83 индикаторлардың ішінде 11-і биылғы жылдан бастап, алғаш рет Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі мен облыс әкімі арасында түзілген Меморандумның  индикаторлары болып табылады. Жыл соңына дейін белгіленген индикаторларға қол жеткізілетін болады.
Айта кетейік, 2015 жылдың қорытындысымен жалпы өңірлік өнім бойынша республикада тұрақты 5 орында орналасқан.

Астанада навигация маусымы аяқталды

c-4Астанада Есіл өзенімен навигация маусымы аяқталды, деп жазады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

«Есіл-Астана» ҚКҚК ақпараты бойынша, жазғы маусымда кәсіпорын 20 мыңға жуық жолаушыға қызмет көрсеткен. Бұл ретте 5 жолаушы теплоходы қатынады.

Бұдан бөлек, жалпы сомасы 2 млн. 977 мың теңгеге теплоходтар жалға берілді.

Өзенмен серуендеу маусымын 2017 жылғы мамырдың ортасында бастау жоспарланып отыр.

Астана қаласының әкімдігі МЖӘ жобалары бойынша жеке әріптестерді таңдау бойынша конкурс жариялады

c-32016 жылғы 18 қазанда Астана қаласының әкімдігі, 010000, Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі, 11 мекен-жайында орналасқан «Астана қаласының Білім басқармасы» ММ атынан келесі жобалар бойынша:

1. «Астана қаласындағы балабақшалар кешенінің құрылысы және пайдалануы, Жұмабаев көшесінен батысқа, Сарайшық көшесінен оңтүстікке қарай 240 орынға арналған балабақша»;

2. «Астана қаласындағы балабақшалар кешенінің құрылысы және пайдалануы, Қорғалжын тас жолынан оңтүстікке қарай 240 орынға арналған балабақша»;

3. «Астана қаласындағы балабақшалар кешенінің құрылысы және пайдалануы, Е51 және Е49 көшелері арасындағы Е70 көшесінің бойында орналасатын 240 орынға арналған балабақша»;

4. «Астана қаласындағы балабақшалар кешенінің құрылысы және пайдалануы, Сығанақ және Бейсекова көшелеріндегі ауданда «Е33, Е34 және Е18 көшелеріндегі қиылысындағы ауданда орналасқан 240 орынға арналған балабақша»;

5. «Астана қаласындағы балабақшалар кешенінің құрылысы және пайдалануы, Сығанақ және Бейсекова көшелеріндегі ауданда «Е33, Е44 және Е20 көшелеріндегі қиылысындағы ауданында 240 орынға арналған балабақша»;

6. «Астана қаласындағы балабақшалар кешенінің құрылысы және пайдалануы, Е51, Е54, Е77, Е79 жобалық атауларымен көшелер квадратындағы 240 орынға арналған балабақша»;

7. «Астана қаласындағы балабақшалар кешенінің құрылысы және пайдалануы, Сауран және Қабанбай батыр көшелері арасындағы 240 орынға арналған балабақша»;

8. «Астана қаласындағы балабақшалар кешенінің құрылысы және пайдалануы, №200 және №312 көшелеріндегі ауданда 240 орынға арналған балабақша»;

9. «Астана қаласындағы балабақшалар кешенінің құрылысы және пайдалануы, № 29 және ю 36 жобалық атауларымен көшелер қиылысы ауданда 360 орынға арналған балабақша»;

10. «Астана қаласындағы балабақшалар кешенінің құрылысы және пайдалануы, Хусеин бен Талал және № 36 көше қиылысындағы ауданындағы 360 орынға арналған балабақша» құрылысы мен пайдалануға беру жөніндегі жеке әріптестерді таңдау бойынша конкурс жариялайды.

МЖӘ жобасының объектілері: Астана қаласының аумағында орналасқан жер учаскелері және салынуы тиіс балабақшалар.

Конкурсқа Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік туралы» Заңының 32-бабында көрсетілген біліктілік талаптарына және концессионерді таңдау жөніндегі конкурстық құжаттамаға сай келетін барлық әлеуетті жеке әріптестер жіберіледі.

Конкурсқа қатысу үшін конкурсты ұйымдастырушыға ұсынылатын қажетті құжаттар тізімдемесі және әлеуетті жеке әріптестерге қойылатын талаптар конкурстық құжаттамада көрсетілген.

Төменде көрсетілеген мекен-жайлар бойынша: конкурс өткізу туралы осы хабарландыру жарияланған кезден бастап, сағат 8.30-дан 13.00-ге және 14.30-ден 18.00-ге дейін Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі, 11 үй, № 717 кабинет мекен-жайы, немесе Достық көшесі 13, «Нұрсая-2» ТК, «Астана Innovations» АҚ (бірінші 5 нысан бойынша), № 215 кабинет мекен-жайы немесе Темірқазық көшесі 65, «Астана» АҚ НК ӘКК № 11 кабинеттерден (соңғы 5 нысандар бойынша) конкурстық құжаттама көшірмесінің пакетін алуға болады.

Конкурстық құжаттама көшірмесінің пакеті тегін беріледі.

Жеке әріптестер конкурсқа қатысуға арналған конвертке жапсырылған конкурстық өтінімді Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі, 11 үй, №407 кабинет «Астана қаласының Білім басқармасы» ММ мекен-жайына қолма-қол тапсырады.

Біліктілік талаптарына сай жеке әріптестің әлеуетті сай екендігін растайтын құжаттарды ұсынудың ақырғы мерзімі 2016 жылдың 28 қараша, Астана қаласының уақыты бойынша 13.00-ге дейін.

Конкурсқа қатысуға арналған конкурстық өтінімдерді ұсынудың ақырғы мерзімі 2016 жылдың 20 желтоқсан, Астана қаласының уақыты бойынша 13.00-ге дейін.

Конкурстық өтінім салынған конверттерді ашу Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі, 11 үй, 702-кабинет мекен-жайы бойынша 2016 жылғы 20 желтоқсанда Астана қаласының уақыты бойынша 15.00-де жүзеге асырылады.

Анықтамалық ақпаратты «Астана Innovations» АҚ Әлия Бикеевадан 8 (7172) 578952, +77015545251 телефондары, «Астана» ӘКК ҰК»АҚ Әлия Масаковадан 8 (7172) 278544, +77054008756 телефондары бойынша алуға болады.

astana.gov.kz