Домой Блог Страница 9

Талдықорғанда 16-17 желтоқсан күндері 33 сəби дүниеге келді

20161218142116Алматы облыстық перинаталдық орталықта 16-шы желтоқсан күні 13 сəби дүниеге келді. Оның 7-і ұл, 6-ы қыз бала. Ал мерекенің екінші күнінде 20 нəресте дүние есігін ашты. Олардың 13-і ұл бала. Алакөл ауданының тұрғыны Гүлнұр Байбатшанова егіз қыз балаларды дүниеге əкелді.

Айта кету керек, Талдықорған қаласында орналасқан перзентхана өңірдің 7 ауданы мен екі қаласына қызмет көрсетеді.

Орталықтың бас дəрігері Қанат Қалиханұлының айтуынша, биылғы жылы да табиғи өсім бар. Жыл басынан бері 5 мың 300-ден астам бөбек туып, олардың басым бөлігі ер бала болды. Жалпы бұл жерде 23 дəрігер жəне 154 орта буын мамандары жұмыс істейді.

ҚазАқпарат

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында ақтөбеліктер 5000 пәтер мен 6000 астам жер телімдеріне ие болды

photo_23052Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықтың әл-ауқатын арттыруға байланысты тапсырмасын жүзеге асыру бойынша Ақтөбе облысының басшылығымен бірқатар іс-шаралар атқарылуда, деп жазады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар құрылысы, жодарды жөндеу – бұл тек өңірде жасалып жатқан жұмыстардың бір бөлігі ғана. Осы жылы облыста «Қолжетімді баспана», «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында және «ТҚЖБ» салымшыларының арасындағы тұрғын үй құрылыс жинақ желісі бойынша 5000 астам жайлы пәтер кілттері табысталды.

Айта кетейік, соңғы 5 жылда барлық қаржыландыру көздері есебінен 2,3 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Яғни, 19 мыңнан астам отбасы баспанамен қамтылды. Облыстың тұрғын үй құрылысына барлық қаржыландыру көздерінің есебінен 163 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылды. Ағымдағы жылы 580 шаршы метрден кем емес тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда.

«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында 2016 жылы тағы да 23 блок-секциялы үйдің құрылысы басталды. Бұл дегеніміз жалпы аумағы 75,9 мың шаршы метр болатын 1278 пәтер. Үйлердің құрылысы 2017 жылы аяқталады.

Бұдан өзге, облыс тұрғындарына 6000 астам жер телімдері берілді.

Ақтөбе облысында Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мерекесі күні 59 сәби өмірге келді

20161217152034_img_095316 желтоқсан – Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы күні Ақтөбе облысының перзентханаларында 59 сәби өмірге келді. Оның 38-і ұл балалар, 21-і қыз балалар. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев перзентханада жатқан 12 ананы құттықтап, сыйлықтар табыс етті.

— Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстанда демографиялық ахуалды жақсарту үшін барлық жағдай жасалып отыр. Медицина саласы дамып, жаңа жұмыс орындары ашылуда, азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Елімізде бала туу көрсеткіші жақсы, халықтың өсімі жоғарылап келеді. Тұрғындар санының табиғи өсімін арттыру үшін 2017 жылы облыстық балалар ауруханасының қасында құны 10 млрд. теңге болатын заманауи перинаталды орталық ашылады, — деді Бердібек Сапарбаев.

Аймақ басшысы, сондай-ақ, облыстың ең түкпірінде тұратын әйелдерден бастап барлық жүкті әйелдердің денсаулығы туралы ақпарат жазылған бірыңғай мәліметтер базасын құру мәселесі қарастырылып жатқанын айтты. Орталықтандырылған база әйелдерге көмек көрсету туралы немесе аудандық, облыстық деңгейдегі арнаулы медициналық мекемелерге апару қажеттігі туралы жедел шешім қабылдауға ықпалын тигізуі тиіс.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, облыста халықтың өсімі көрсеткіші қалыпты. Перзентханалар мен босану бөлімдерінде күніге 70-80 сәби өмірге келеді, ал жылына 19-20 мың отбасы балалы болады. Сарапшылардың пікірінше, демографиялық ахуалдың жақсаруына көп жағдайда денсаулық сақтау саласын барынша қаржыландыру және аймақтағы перинаталдық көмектің деңгейін арттыру ықпал етіп отыр. 25 жылда Тәуелсіз Қазақстанның медицина саласы жаңа деңгейге көтерілді, жоғары жетістіктерге жетті. Біздің дәрігерлер 500 грамм болып өмірге келген сәбилерді аман алып қалуға қол жеткізді. Тәуелсіздік жылдары Ақтөбе облысында туу көрсеткіші 67,7 пайызға көбейген, халық саны – 15 пайызға, өмір сүру жасы 72 жылға артты.

Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап бала тууға қатысты берілетін бір реттік мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 20 пайызға көбейеді. Ана мен баланы қорғауға арналған шаралардың жоғары деңгейде жүргізілуі, тұрғындардың өмір сүру деңгейінің жақсаруы отбасыларға ұрпақ жалғастыру туралы шешімді сенімді түрде қабылдауға септігін тигізіп отыр. 1991 жылдан бастап мемлекеттік қазына есебінен облыста жалпы алаңы 61 млн. шаршы метр болатын 55 мың пәтер, 113 мектеп, 487 мектепке дейінгі мекеме, 700 спорт мекемесі, 122 денсаулық сақтау нысаны, 1000 шақырымнан астам автокөлік жолы салынды. 2016 жылы облыстағы барлық аудан орталықтарын газдандыру мәселесі толық шешілді.

ҚР Тәуелсіздігі күні мерекесіне арналған қайырымдылық акциясы аясында 20 мың ақтөбелік 160 млн теңгеден астам көмекке ие болды

20161217172215_img_1252Ақтөбе облысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасы бойынша өткізілген ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық тойына арналған қайырымдылық акциясының қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық тойы жылы 380-нен астам қайырымдылық шарасы өткізілді, осы шаралар барысында 20 000-нан астам адам жалпы сомасы 16 млн. теңгеден астам көмекке ие болды.

Соның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарына, аз қамтылған және көп балалы отбасыларға, мүгедек балаларға, жалғыз басты аналарға киім-кешек, азық-түлік, мүгедекр азаматтарға техникалық құралдар алуға, тұрмыстық жағдайды жақсартуға, үйлеріне газ кіргізуге, т.б. көмек көрсетілді. Жетім балалардың Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі есепшоттары 7 млн теңгеге толтырылды. Жеке және мемлекеттік ұйымдар 200 ақтөбелік азаматқа тіс протездерін салу үшін стоматологиялық көмек көрсетті. Ақтөбеде екі қайырымдылық дүкені ашылды, бұл дүкендер арқылы алты айдан кем уақыт ішінде аз қамтылған 4500 отбасы балаларына бастан-аяқ күздік және қыстық киімдер алды.

Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың бастамасы бойынша Қайрат Нұртас, «Музарт» және «Ағайынды Жүгінісовтер» секілді елімізге белгілі эстрада жұлдыздары қайырымдылық концерттерін өткізді. Енді міне бұл тізімге «Славян базары» халықаралық байқауының гран-при жүлдегері Димаш Құдайберген, әнші Ерболат Құдайберген мен «Алаш жолы» тобы да қосылды. «Қоныс» спорт сарайында өткен концертті облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та тамашалады.

Аймақ басшысы қайырымдылық шараларының қоғам үшін маңыздылығына, соның ішінде оның қоғамдағы бірлік пен татулықты сақтаудағы ролі туралы айта келіп, әншілерге осы игі іске атсалысқандары үшін алғысын білдірді.

Концерттен түскен қаражат тұтастай көмекке мұқтаж ақтөбеліктердің әлеуметтік мәселелерін шешу үшін жұмсалады. Нақтырақ айтсақ, 7 отбасына (оның ішінде ауылдық жерде тұратын отбасылар да бар) үйге су мен газ кіргізуге, қажетті дәрі-дәрмек пен киім-кешек алуға қолдау көрсетіледі. Қаражаттың бір бөлігі бірнеше жылдан бері мүгедектік арбаға таңылған ақтөбелік Виктория Квашаның далаға өз еркімен кіріп-шығуы үшін — ол тұрып жатқан үйге пандус қондыру үшін жұмсалады.

Ақтөбеде ірі кәсіпорындар ашылды

20161216120337_img_0555Ақтөбеде көліктік-логистикалық орталықтың ашылуы өтті, деп хабарлайды Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.

— Ақтөбе облысы Орталық Азияның ірі транзиттік тораптарының бірі болып табылады. КЛО ашылуы өңір экономикасының барлық салалары үшін өзекті болып табылады және «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің көліктік-логистикалық жүйесіне қызмет көрсетудің жалпы тізбегіне кіргізілді. Аумағы 15 мың шаршы метр болатын көліктік-логистикалық орталық Ақтөбе қаласында орналасқан және барлық қажетті инфрақұрылыммен жабдықталған. Кәсіпорында орташа еңбекақысы 100 мың болатын 250 жұмыс орын ашылды,-деді облыс әкімі маңызды жобаны жүзеге асырған компания басшылығына алғысын білдіре отыра.

Көліктік-логистикалық орталықтың басты артықшылығы оның әсіресе жаһандану жағдайында маңызы артқан қолайлы экономикалық-географиялық жағдайымен байланыстырылады. Нысанда тауарды тиеп, түсіретін темір жол торабы бар. КЛО жылына 70 583 тоннаға дейін жүкті қабылдап, өңдемек.

«Бизнестің жол картасы 2020» бірыңғай бағдарламасы аясында «Бектұрова Ж.А» жеке кәсіпкерлігіне орталық құрылысы үшін пайыздық мөлшерлеме мен субсидиялау түрінде 550 млн. теңге және құрал-жабдықтар сатып алуға 2070 млн. теңге көлемінде көмек көрсетілді.

Сонымен қатар, Ақтөбеде аумағы 16 000 шаршы метрді құрайтын «Шебер» гипермаркеті ашылды. Аталған жобаны қаржыландыруға 2,5 млрд. теңге бөлініп, 260 жұмыс орны ашылған. Жобаны жүзеге асыру барысында мемлекеттік қолдау аясында құны 630 млн. теңге болатын құрал-жабдықтарды сатып алып, айналымдағы қаржыны толтыру үшін несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау бойынша жағдайлар жасалды.

Жетісулықтар Тәуелсіздіктің 25 жылдығын қарсы алды

2f97e7b1d20e544bdecd8cbf2f1a7d1dТәуелсіздіктің 25 жылдық мерекесі Талдықорған қаласында 25 автокөлік қатысқан автожарыспен басталды. Мерекелік колонна қаламен жүріп өтіп, «Жастар» саябағына тоқтады. Облыс тұрғындарын мерейтойлық мерекемен облыс әкімі Амандық Баталов құттықтады.

Б. Римова атындағы облыстық драма театры дайындаған «Тәуелсіздік – елдік пен ерліктің іргетасы» атты театрландырылған көрініс қойылып, «Талдықорған әуендері» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің концерті ұсынылды. Жетісулықтарды құттықтаған облыс әкімі А. Баталов:

— Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары! Сіздерді Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Дәл осы күні 1991 жылдың 16 желтоқсанында республикамыз өзінің тәуелсіз, демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет ретіндегі мәртебесіне ие болды. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан әлемдік аренада өз ұстанымын нығайтып, бірлік пен өркендеудің символына айнала отырып, барлық бағытта толайым табыстарға қол жеткізді. Әрбір жетістігіміз бен әрбір жеңісіміз Тұңғыш Президентіміз – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты. Ал бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан – тұрақты дамуға қол жеткізген әлеуеті зор мемлекет.

Мұнан соң облыс әкімі Алматы облысының Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріне тоқталып, осы мерейлі датаға орай «25 жұлдызды күн» акциясы өткізілгенін де тілге тиек етті. Осы акция аясында ірі оқиғалар, әлеуметтік маңызы зор шаралар өткізілген. Олардың қатарында бір күнде 25 балабақшаның ашылуы, 25 кәсіпорынның іске қосылуы, облыстың 75 елді мекенін қамтыған «Скрининг» денсаулық көлігінің сапарын және басқа да маңызды істерді атап өтуге болады.

— Алда бізді жаңа мақсаттар мен үлкен жеңістер күтіп тұр. Мемлекет басшысының жүктеген міндеттерін толымды жүзеге асыра отырып, жетісулықтар еліміздің дамуына қомақты үлес қосатынына сенімдімін. Сіздерді Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен тағы да құттықтай отырып, баршаңызға зор денсаулық, ашық аспан тілеймін. Тәуелсіз еліміз өсіп, өркендей берсін! – деп А. Баталов сөзін қорытындылады.

Осы күні «Жастар» саябағында мерекелік концерт, спорттық жарыстар, көрмелер және басқа да қызықты шаралар өткізілді.

Талдықорғанның білім саласына 24 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалмақ

20161214201633Алдағы үш жылда Талдықорғанның білім саласына 24 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалмақ. Бұл туралы Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаев қалалық мәслихаттың кезекті ХІІ сессиясында айтты.

Жиында Талдықорған қаласының 2017-2019 жылдарға арналған бюджет жобасы бекітілді.  Жоспар бойынша 2017 жылы Талдықорған қаласында 2400 орындық 2 жаңа мектеп салынады. Тағы 2 мектеп күрделі жөндеуден өтетін болады.

Негізгі баяндаманы қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің жетекшісі Қайрат Мәженов жасап, үш жылдық бюджеттің жай-жапсарын баяндады. Бюджет жобасына қала әкімі аялдамаларды күтіп ұстау, саяжай массивтеріне ауыз су тарту, қаланы абаттандыру жұмыстарын жандандыру және көшелерді жөндеу, газ тарту жұмыстарын шапшаңдату туралы ұсыныстары енгізілді. Сондай-ақ, жиында Талдықорған қалалық мәслихатының хатшысы Қайрат Бұлдыбаев мәслихаттың 1 жылда атқарған жұмыстары туралы есеп берді.

ҚазАқпарат

Талдықорғандағы аккумулятор зауыты рекордтық өнім шығарды

20161214171212«Қайнар-АКБ» зауыты жыл басынан 1 млн 700 мың аккумулятор батареяларын өндіріп, халыққа ұсынды. Кәсіпорынның мұндай көлемге жетуінің басты себебі зауыт өніміне басқа мемлекеттерден сұраныс артқан. Бүгінде кәсіпорын шығарған аккумуляторлардың 70 пайызы экспортқа шығарылуда.

Қыркүйек айынан бастап зауыт Қытай Халық Республикасының нарығына шықты. Биыл сондай-ақ өндіріс орны еуропалық нарықта батарея сатуға Польшамен келісімге қол қойды. Ал 2017 жылы кәсіпорын Германияда өз өкілдігін ашуды жоспарлап отыр.

Астана қаласында 6 желтоқсанда өткен индустрияландыру күнінде «Қайнар-АКБ» ЖШС «Ұлы дала елі»  брендімен марапатталды. Бұл бренд Қазақстандағы ең үздік экспорттаушы компанияларға беріледі. Алдағы уақытта отандық тауар өндірушілер «Ұлы дала елі» атауымен бірігіп, әлем нарығында өз қолтаңбасын қалдырып отырады.

Келер жылы зауыт өндіріс көлемін 2 млн данаға жеткізуді көздеуде.

ҚазАқпарат

Сарыағашта 30 мың шақырым жол жөндеуден өтті

%d0%bc%d0%b0%d0%b4-%d1%83%d0%b95Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойын сарыағаштықтар ерекше қуанышпен қарсы алды.  Атап айтсақ, «Самал» мөлтек ауданында көше құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Салтанатты шарада сөз алған аудан әкімінің орынбасары С. Тасқұлов құрылысты мезгілінде аяқтаған мердігер компанияға алғысын білдірді. Кезең-кезеңімен жүргізілген құрылыс жұмыстарына облыстық бюджеттен 2 млрд 53 млн теңге бөлінгенін де айта кеткен жөн. Нәтижесінде Сарыағаш ауданында жалпы ұзындығы 30 мың 823 шақырымдық магистральді жолдар мен ішкі көшелер жөндеуден өткен.

Сондай-ақ осы күні Сарыағаш ауданы Жаңаталап елдімекенінде 75 орындық мәдениет үйі ел игілігіне тапсырылды. Мәдени ошақтың құрылысына облыстық бюджеттен 55 млн 80 мың теңге жұмсалған. Құрылыс жұмыстарын «Құрылыс –сервис СК» мердігер компаниясы жүргізіпті.

Мерекеге тарту болған мәдениет нысаны құрал-жабдық, компьютер, жиһаздармен толық қамтамасыз етілген. Мәдениет үйінің жанында заман талабына сай жабдықталған кітапханасы, оқу залы, жоғары жылдамдықта істейтін интернет, телефон байланыстары бар.

Сарыағаш қаласындағы күрделі жөндеуден кейін  жаңаша кейіпке енген  «Жеңіс» саябағы да мереке қарсаңында ел игілігіне тапсырылды. Ашылу салтанатында сөз алған Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары Қ. Қыстаубаев қала тұрғындарын мерейлі меркемен құттықтап, қаланы көркейту жұмыстары алдағы жылдары да жалғасатынын жеткізді.

  Саябақтағы қайта құрылымдау жұмыстарына аудан бюджетінен 78 млн 340 мың теңге жұмсалған. Құрылысы 2015 жылдың қазан айында басталған нысанның мердігері «АДТ сервис» ЖШС-гі.

Түркістандықтарға табиғи газ берілуде

dsc_4497Халықаралық маңызы бар «Бейнеу-Бозой» магистралды газ құбырының шарапатын көрушілер қатарында түркістандықтардың да саны артып келеді, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі. Соның ішінде көгілдір отынның келуін асыға күткен қала жұртшылығына ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекесі қарсаңында қуанышты хабар тарады.

Ол – қала тұрғындарын газбен қамтуға бағытталған бірінші кезең бойынша желілік газ құбырлары құрылысының аяқталуы болатын. Жобаны іске қосу үшін Түркістан қаласының әкімі Ә.Өсербаев, қалалық мәслихат хатшысы Ғ.Сәрсенбаев және «ҚазТрансГаз» АҚ Оңтүстік өндірістік филиалы басшысының орынбасары Е.Юсупалиев түркістандықтарға ыстық лебіздерін жеткізіп, газ құбырын іске қосты.

Құрылысы 2015 жылы басталған жобаға облыстық бюджет есебінен жалпы құны 1 млрд. 120 млн. теңге бөлінген. Қазіргі таңда шаһардағы «Сауран» ықшам ауданына толығымен газ тарату жүйелері жүргізіліп, жеке тұрғын үйлерге газ кіргізу жұмыстары жалғасуда. Жоба бойынша аталған ықшам аудан аумағындағы 7500 абонент табиғи газбен қамтылуы тиіс болса, бүгінгі күнге дейін 500-ге тарта абонентке табиғи газ кіргізілген. Алдағы күндері қалған абоненттерді газдандыру жұмыстары жалғасын таппақ.