Француздық метрикалық СИ жүйесіне әбден етіміз үйренгені сондай, көз көрмес базғы заманды да таразымен, кірдің тасымен және сызғышпен елестетеміз. Дәл сол уақытта қазақтар «өлшем бірлік» деп аталатын тұрмыстық қажеттілікті әдеттегідей қағілездік пен тапқырылық танытып, салмақ пен көлемді қапелімде қасыңнан табыла қоятын заттармен өлшеуге дағдыланған.
Жалпы номадтық тірліктің — барды мейлінше ұқсатуға, әмбебаптыққа тәрбиелегенін қазақтың әрбір жиһазынан, әрбір көруге болады.
Далаграмм мен далакилограмм
«Неғылған батпан құйрық?» деген мәтелді білетін боларсыздар. Ендеше сол батпан — «үлкен, мол» деген мағына береді. Себебі батпан деп — 100 килә және одан артық салмақты айтқан. Палуандар әдетте ауырлық көтеруді батпаннан бастайтын болған.
«Бір көтерім», «бір арқалық» деген салмақ — қазіргіше 50 килограмм шамасында. Сірә, қап тасу сияқты жұмыстардан қалыптасса керек.
Одан кішісі — атақты пұт. Пұт 16 килограммға тең. Сонда, Дінмұхамед Қонаев еліміздің қамбасына бір емес, бірнеше рет тапсырған миллиард пұт астығы — 16 млн тоннаға тең боп шығады.
«Бір пітірлік», «пітірбидай» — қазіргі 3 килограмм. Діни мазмұнын аңғарып-ақ тұрсыздар.
Дәрі-дәрмегі бар, тұзы бар, басқасы бар — ыдыс-аяқ айналасындағы тұрмыстық күйбеңде қадақ деп аталатын өлшем бірлік көп пайдаланылған. Қадақ қазіргі метрикалық жүйемен 750 граммға тең. «Қаладан бір қадақ набат ала кел!» — XX ғасыр басындағы отанасының жолға шыққан отағасына әдеттегі тапсырмасы.
«Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады» деген мәтелдегі батпанды біз білдік. Ал мұндағы мысқал — қазіргі 1 грамм. Айтпақшы, тіпті арнайы жабдық жасалып өлшенген өлшем — тап осы мысқал. Бекзадаларда, сұлтандарда мысқалмен өлшейтін арнайы жабдықтар болған. Әдетте бағалы металдарды өлшеу үшін пайдаланылған.
Мысқалдан төмен өлшемдермен бабалардың не өлшегені бізге белгісіз. Әйтеуір нанотехнологиямен айналыспағаны анық қой. Бірақ одан төмен өлшем бірліктердің бірқатары болған. Біршымшым. Аты айтып тұр. Сұқ саусақ пен бас бармақты бүрістіріп шымшып, ұшына ілгенің — біршышмшым. «Қорасаннан келген мынабір тұздықты тек біршымшым сал!» деді бәлкім, дала аспазы айтулы тойда қазан басындағы жігіттерге. «Тұзы аздау екен, тағы біршөкім салшы» деді сосын ол, тағы бір қазанның қасына келіп. Біршөкім — алақанның бетінде шашып алмай ұстап тұратындай құмдауыт заттың өлшемі (тұз, бұрыш, топырақ, т.с.с.).
Құрақ көрпе сияқты, тұрмыстық мәдениеттің шедеврі бар халықта өлшем бірлік үшін оймақтың қолданылмауы мүмкін емес. Ендеше қазіргі «оймақтай ой» деген тіркестің мәнінде аса дәл өлшем жатыр.
Бұған қоса, сұлының бидайындай ғана «тырнақтай» деген де өлшем болған. Көбірек алу үшін бас бармағыңыздың тырнағын сайламай-ақ қойыңыз, біздегі деректер — тек шынашақтың тырнағын ғана, ал кейбіреулер тіпті — торғайдың тырнағын айтқан дейді. Кім білген.
Далалитр мен далакуб
Көлемді өлшемей тірлік жоқ. Ендеше, еуропалықтардағыдай — орталықтандырылған өлшем жүйесі болмағанымен, кез келген қазақтың үйінен табылатын қарапайым затты эталон қылу арқылы, даланың о шеті мен бұ шетінде біршама бірдей көлемдік жүйе қалыптасқан.
Саба десе қымыз дейсіздер бірден. Ендеше сол саба — шамамен 25 литрге тең болған. Әдетте жылқының терісінен тігілген үлкен торсық.
Соның арасында бізге «бірқұлақ су» деген көлемдік бірлік құпия боп қалып отыр. Қазіргіше — 4 текшеметр. Құпиясы сол: онымен не өлшеген?
Ал ең қызық өлшем бірлік ол — шүйке. Шйүке деп әдетте қолды бір салғанда жұлып алатын түйенің шудасын әлде ешкінің түбітін айтады. Қызық деп отырғанымыз: ол салмақты да, көлемді де білдіруі мүмкін.
Сіз қандай қазақы өлшемдерді білесіз? Келесі кезекте ұзындық өлшемдері.
Ерлан Оспан, jas.kz