Астана тұрғындарының көбею статистикасы

1578

Биыл Астана өзінің 19 жылдығын атап өтеді. Осы кезеңде қала қарқынды дамығанын байқау қиын емес. Елорданың кейбір көшелері қысқа мерзімде адам танымастай өзгеріске ұшырап жатады. Қала күніне орай «ҚазАқпарат» ХАА елордалық департаменттің статистикалық мәліметтеріне сүйене отырып, қала тұрғындары саны қалай өзгергендігі туралы материал даярлады.

17 жылда Астана халқы 545 мың адамға артты, яғни 1998 жылы 326 939 тұрғын болса, 2015 жылы қаладағы жан саны 872 319 адамға жетті. Алғашқы үш жылда қала тұрғындары жыл сайын 50 мыңнан астам көрсеткішке өсіп отырған. Тек 1999-2000 жылдар аралығында шаһар халқы 59 219 адамға артты.

Алайда 2001-2003 жылдары тұрғындар санының баяу қарқынмен өскені көрінеді. Статистикаға қарағанда осы кезеңде жыл сайынғы өсім шамамен 8,5 мың адамды құрады. 2004 жылдан бастап астаналықтар саны 19 мыңға жоғарылап, содан кейін 2007 жылға дейін қарқынды өсім байқалады.

2011 жылы елордалықтар саны 742 884-ке жетті. 2014-2015 жылдар аралығында қала тұрғындары санының өсімі біршама баяулады, яғни осы бір жылда қалалықтар саны 19 737 адамға артты.

Белгілі болғандай, 1998 жылы Астанаға 14 мыңға жуық адам қоныстанса, 1999 жылы 62 мыңға тарта адам келді. Сонымен қатар қаладан кетіп жатқандар саны да артуда. Мәселен, 1998 жылдан бері алғаш рет 2015 жылы шаһардан кеткендер саны көшіп келгендермен салыстырғанда асып түсті. Яғни 2015 жылы 31 008 адам келсе, 33 496 қаладағы тіркеуден шығып кетті.

Бұдан бөлек, 1998 жылға қарағанда, бала туу көрсеткіші 7,7 есеге артты. Аталған жылы елордада 3388 сәби өмірге келсе, 2015 жылы бұл көрсеткіш 26 079-ға жетті.

Автор: Руслан Ғаббасов