Жақсы Ақпараттар Сайты

Жақсы Ақпараттар Сайты

Волонтерлар жылы, Президентке ұсыныс: Қазақстан мен Ресей жастары форумында не айтылды

Жаңалықтар

Волонтерлар жылы, Президентке ұсыныс: Қазақстан мен Ресей жастары форумында не айтылды

Волонтерлар жылы, Президентке ұсыныс: Қазақстан мен Ресей жастары форумында не айтылды

Қостанайда екі күнге созылған Қазақстан мен Ресей жастарының ынтымақтастық форумы мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Жаңадан ашылған Жастар сарайына Қазақстан мен Ресейден келген мыңнан астам жас жиналды. Олар мұнда көрме стендтерін ұйымдастырып, жастар жобаларының тұсаукесер алаңдарын құрды. Форум тақырыбы жастардың волонтерлік жобаларға қатысуына арналды. Ынтымақтастықты арттыруға мүдделі екі елдің қоғамдық ұйымдарының өкілдері өз жобаларын таныстырса, кейбірі халықаралық дәрежедегі бастамалар туралы ой бөлісті. Форум жұмысына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.

Қазақстандағы «Ұлттық еріктілер желісі» ұйымының төрайымы Вера Ким 2020 жылды Еріктілер жылы деп жариялауды ұсынды. Оның айтуынша, елде 200-ден астам волонтерлік ұйым тіркелген. «Қазақстанда еріктілер қозғалысы жақында ғана пайда болды. Біз мұны елдегі ауқымды іс-шаралармен байланыстырамыз. Осы уақыт ішінде біз еріктілердің өзіндік жобаларын жасадық. Бұған мемлекет жақсы қолдау білдіріп келеді. Сол себепті келесі жылды Еріктілер жылы деп жариялауды ұсынамын», – деді В. Ким. Қазақстан Президенті бұл ұсынысты толығымен қолдайтынын атап өтті. «Жас достар! Бүгін мен барлықтарыңызды осы залда қауыштырғаныма қуаныштымын. Сіздер – елдің болашағысыздар. Қазақстан – жастардың мемлекеті. Бізді әлемнің әр мемлекеті таниды, бізбен санасады. Бұл елдің тарихи жетістіктерінің бірі емес пе!? ҚР Президенті ретінде волонтерлардың қозғалысын әрқашан қолдайтынымды жеткіземін», – деді ол. Мемлекет басшысы 2016 жылы еріктілердің мәртебесін, құқығы мен міндеттерін және мемлекеттік қолдау шараларын бекітетін «Волонтерлік қызмет туралы» заң қабылданғанын атап өтті.  2017 жылы «ЭКСПО» халықаралық мамандандырылған көрмесі жастарды жаппай волонтерлік қозғалысқа тарту ісін бастап берді. Ал биыл Қазақстандағы волонтерлікті дамытудың жаңа кезеңі болады. Қасым-Жомарт Тоқаев Жастар жылы аясында өткізілетін негізгі іс-шараларға тоқталды.

«Жастардың бизнес-бастамаларын дамытуға арналған «Жас кәсіпкер» бағдарламасы экономиканың негізгі секторларындағы стартаптарға қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Қызметі мен білімі жоқ жұмысқа орналаспаған жастардың мәселесі шешілуде. Жұмыспен қамту, ең алдымен, еңбек тәжірибесі жоқ жастар жөнінде арнайы бағдарлама қабылдануда. Білікті жас мамандарды қолдау күшейе түседі», – деді Президент. Сонымен қатар, ол Қазақстан мен Ресейдегі волонтерлар қозғалысының болашағы туралы айта келіп, ерікті жастарды қолдау шараларын көбейтуді ұсынды. «Бүгін сіздерге, жас ұрпаққа бірнеше ұсыныс жасамақпын. Солардың бірі – волонтерлар қозғалысын дамыту. Біріншіден, ерікті жастарды кешенді түрде қолдау шараларын бекіту қажет. «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығын тағайындауды ұсынамын. Бұл сыйақы екі елдің үздік волонтерлік жобаларына тапсырылады. Осы арқылы олардың белсенділігін арттыруға жағдай жасаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Форум барысында РФ еріктілер орталықтары қауымдастығы кеңесінің төрағасы Артем Метелев Мемлекет басшысына арнайы ұсыныс жасады. «Ресейде өзінің іргелі жобаларымен танылған волонтерлер топтары бар. Біз оларды бір қауымдастыққа жинадық. Олардың көбі Қостанайға келіп, тәжірибесімен бөлісті. Мысалы, біздегі «Ерікті дәрігерлер» тобы медициналық персоналға едәуір көмектерін тигізіп жүр. Олар енді Қазақстанның медициналық ұйымдарымен меморандумға қол қоюға ниетті. Тағы сондай ілкімді жобалардың бірі – «Менімен бірге арманда». Мұнда жастар қауіпті ауруға шалдыққан жандарға көмек қолын созады. Міне, осындай бастамаларды Қазақстанда жасағымыз келеді. Екі елдің еріктілері тәжірибе алмасып, ортақ жобаларға жұмылсақ, волонтерлық саласын дамытуға үлес қосамыз. Қазақстан тарапынан қолдау болса, бағдарламаларымыз дайын», – деді ол Мемлекет басшысына қарата.

Өз кезегінде Қ. Тоқаев еліміздің озық ойлы жастары ғылымда, ІТ-технологияда, мәдениет, бизнес және спорт салаларында жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүргенін атап өтті. Сонымен қатар, еріктілер тобының жобаларын қолдайтынын жеткізді. Сондай-ақ шара аясында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев та бірқатар ой-пікірін, ұсынысын білдірді. Министр аталған форумның тәжірибе алмасуға және екі ел арасындағы ынтымақтастық пен достықты нығайту мәселелерін талқылауға қызмет ететініне сенім білдірді. «2019 жыл елімізде Жастар жылы деп жарияланды және осының арқасында біз жастардың қатысуымен ауқымды іс-шаралар өткізіп келеміз. Маған әр жерде осы Жастар жылына қатысты сұрақтарды қойып жатады. Расымен де, Жастар жылының міндеті қандай болмақ? Мемлекет жастарды қолдайды ма, әрине, қолдайды. Керісінше, тәуелсіздік алған жылдардан бастап жастар ел саясатының бел ортасында жүрді. Тіпті, қиындығы мол тоқсаныншы жылдары Елбасы «Болашақ» бағдарламасын бастап, жастарға жол ашты. Қазір осы бағдарламамен оқып келген жастар елдің әр түкпірінде жемісті еңбек етіп жатыр. Бұл сіздерге үлгі болуы тиіс», – деді ведомство басшысы. Ол волонтерлік жобаларды барынша қолдайтынын жеткізді. Себебі, бүгінде қоғамның жүйелі түрде дамуы үшін еріктілер қажет. «Олар өз ойларын ашық айта алады. Мәселен, ұлтымызда «Асар» деген әдемі дәстүр бар. Мұның мағынасы тереңде жатыр. Кез келген адамға көп болып, жұмыла көмектесу қай заманда да болған. Осы үрдісті тоқтатып алмауымыз керек», – деп түйді Дәурен Абаев. Кейін министр форум аясында өткізілген сенбілікке қатысты. Шараға атсалысқан топ Тобыл өзенінің жағалауын тазартты. «Қазақстанда 48 өзен болса, олардың тек екеуі санитарлық нормаларға сай келеді. Міне, бүгінгі акция аясында олардың саны үшке көбейді. Тобыл өзені Ресей мен Қазақстанды байланыстырып тұр. Таза су – таза өмірдің кепілі іспетті. Сол себепті барлығыңызды осы сенбілікке қатысуға шақырамын», – деген болатын министр. Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов форумға келген қонақтарға алғыс айтып, шараның маңыздылығына тоқталды. «Екі елдің көп жылдық ынтымақтастығы мен әріптестігінің арқасында бүгін біз маңызды іс-шараны ұйымдастырып отырмыз. Біздің жастарымыз дәстүр мен ұлт сабақтастығын сақтауда айрықша жұмыс атқарып келеді. Бүгінде Қостанай облысында 170 мыңнан астам жас өмір сүреді. Өз кезегінде облыста олардың жан-жақты дамуы үшін барлық жағдай жасалуда. Осы форумда өңірдегі тың жобалармен таныс боласыздар», – деді аймақ басшысы.

https://www.inform.kz/kz

Бөлісу:
Әрі қарай оқу
Сізге ұнауы мүмкін...

Жақсы Ақпараттар Сайты

Пікір үшін басыңыз

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.

Жаңалықтар айдарындағы жазбалар

Соңғы жарияланымдар

Жоғары