Жақсы Ақпараттар Сайты

Жақсы Ақпараттар Сайты

Алматы облысында үш мектептің аты өзгертілді

Жаңалықтар

Алматы облысында үш мектептің аты өзгертілді

Биылғы соңғы қоңырау Алматы облысында ерекше аталып өтті. Олай дейтініміз, дәл сол күні үш бірдей мектепке ел-жұрты ұлықтаған тұлғалардың есімдері берілді. Аталған игі шараларға облыстық мәслихат хатшысы Сұлтан Дүйсембінов пен Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Бинәлі Ысқақ қатысты.

Ақши ауылындағы көпжылдық тарихы бар білім шаңырағы енді Бөлек батыр атындағы орта мектебі болып өзгертілді. Қазақтың хас батыры осы өңірде туып-өскен. Атасы Сартай батыр сияқты Бөлек те ел намысы үшін күрескен ер еді. Жоңғар шапқыншылығы кезінде атамекенді жаудан қорғап, көзсіз ерліктерге барды. Ол туралы талай-талай жыр-дастандар сыр шертеді. Батырдың дулығасы бүгінде ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайында сақтаулы тұр.

Мектеп фойесіндегі бұрыш Бөлек атамызға арналыпты. Онда батырға қатысты көптеген деректі кездестіресіз. Білім ғимараты атына заты сай көз тартады. Мұндағы кабинеттер заманауи құрал-жабдықтармен жасақталған. Оқу орнында 734 бала білім алуда. Солардың 35-і алтын ұя – мектебінен түлеп ұшып, болашаққа қадам басқалы отыр. Осынау киелі шаңырақта кезінде халқымыздың дарынды перзенттері ақын Тұманбай Молдағалиев пен қолөнерші Дәркембай Шоқпарұлының оқығаны да зор мақтаныш.

«Бөлек батыр атындағы орта мектеп» деп жазылған тақтаның ашылу рәсімінде сөз сөйлеген бабамыздың ұрпағы, ауданның  Құрметті азаматы Махмұт Андақбай қария жиналған қауымға әулетінің атынан зор ризашылығын білдірді. «Ер есімі – ел есінде» – деген осы.

Сол күні Таусүгір ауылында да дәл осындай қуанышты шара өтті. Мектепке азаттықты аңсап өткен алаш қайраткері Садық Аманжоловтың есімі берілді.

Баршаға белгілі, биыл Алаш қозғалысына – 100 жыл. Осынау айтулы мерейтойға орай еліміздің түкпір-түкпірінде мазмұнды шаралар жалғасын тауып жатыр.
Жастайынан оқу-білімге зерек болып өскен Садық Аюкеұлы Қазан қаласындағы император университетін тамамдаған. Заңгер мамандығын алып шыққан жас дарын мемлекеттік қызметтерді абыроймен атқарды.

1917 жылы Орынборда бірінші жалпыхалықтық жиналыста қазақ зиялылары Садық Аманжоловты Бүкілресейлік құрылтайға депутат етіп сайлады. Ол Жетісу өңірінде Алашорда жасақтарын құруда үлкен еңбек сіңірген. Кеңестік кезеңде Алашорда қатарында болғаны үшін жазықсыз жазаланып, қызыл империяның қуғын-сүргініне ұшырады. Денсаулығынан айырылған арыстай азамат 1941 жылы мәңгілікке көз жұмды. Енді, міне, ел тәуелсіздігінің арқасында атамыздың есімін ұрпақтары ұлықтап, өзі туып-өскен өңірдегі орта мектепке беріп отыр. Мұндай шешімге жұртшылық шын жүректен риза болды.

Достық ауылындағы жаңалық та тұрғындарды елең еткізді. Аталған елді мекендегі орта мектеп бұдан былай Социалистік Еңбек Ері Алтынбике Бертаеваның атымен аталады. Ол кісі сұрапыл соғыстың қиын кезеңдерін бастан кешірген қайсар ұрпақтың өкілі. Еңбекке жастайынан араласты. Кекңшарда жарты ғасырға жуық алдыңғы қатардағы еңбеккер атанды. Звено жетекшісі ретінде әріптестерін іскерлікке баулыды. Қиындыққа мойымаған асыл ананың ерен еңбегі мемлекет тарапынан ең жоғары марапатқа ие болды. 1966 жылы Алтынбике Бертаеваға Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.

Салтанатты жиында облыстық мәслихат хатшысы Сұлтан Дүйсембінов ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың құттықтау хатын оқып, жиналғандарға Үкімет басшысының ыстық сәлемін жеткізді. Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Бинәлі Ысқақ аталған тұлғалардың рухы жас ұрпақ санасының жаңғыруына күш беретінін айтты.

Бөлісу:
Пікір үшін басыңыз

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.

Жаңалықтар айдарындағы жазбалар

Соңғы жарияланымдар

Жоғары