Жақсы Ақпараттар Сайты

Жақсы Ақпараттар Сайты

Жетісулық делегация Қостанай облысында болды

Жаңалықтар

Жетісулық делегация Қостанай облысында болды

Жетісулық делегация Қостанай облысында болды

Алматы облысының делегациясы облыс әкімі Амандық Баталовтың жетекшілігімен Қостанай облысында жұмыс сапарымен болып қайтты. Сапар барысында Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтің бастауымен делегация өңірдің бірқатар өнеркәсіптік және мәдени нысандарын аралап көрді.

Сапар алдымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жаңғыртылып, айналасы абаттандырылған ұлы ағартушы, педагог Ыбырай Алтынсариннің кесенесіне барудан басталды. Өңірдегі қалақұраушы іргелі кәсіпорындардың бірі «Баян Сұлу» АҚ кондитерлік фабрикасының жұмысына да жетісулықтар қызығушылық танытты. Мұнда жылына 80,4 мың тонна тәттілер шығарылады. Фабрикаға Алматы облысынан қант жеткізуге жасалған келісімді кездесудің маңызды нәтижесі ретінде атап өтуге болады. Еске салсақ, биылғы жылы Алматы облысы рекордтық көрсеткіш – 399 мың тонна қант қызылшасын жинап, одан 40 мың тонна қант алуды жоспарлап отыр. Мемлекет басшысының елдегі қант дефицитін жою жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында өңірдің қажеттілігін қанағаттандыра отырып, облыстың қантты өзге өңірлерге де жөнелтуге мүмкіндігі бар. Ендігі жерде жетісулық қант фабрикадан шығатын қостанайлық конфеттердің және басқа да тәттілердің құрамына қосылатын болады. Ал бүгінге дейін Алматы облысы аталмыш кәсіпорынға сірне жеткізіп келген.

Амандық Баталов атап өткендей, Алматы облысында, соның ішінде «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-да «Баян Сұлу» өнімдерін саудалайтын сауда нүктелерінің болуына көмек көрсетілмек.

– Талдықорғандағы жаңа шағын ауданда өздеріңіздің фирмалық дүкендеріңізді ашсаңыздар болады. Шағын, жинақы, қызықты сәулеттік шешімі бар нысанда сапалы, экологиялық таза отандық өнімдер саудаланып жатса құпа-құп. Біздің облыстың тұрғындары сіздердің кәмпит, вафлилеріңізді қуана-қуана сатып алады, – деді А. Баталов.

Мұнан соң жетісулықтардың назарына жаңа спорт нысаны ұсынылды. Атамыш нысан жуырда іске қосылады. 3 мың адам сиятын «Тобол Арена» футбол манежі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде 4 млн. 262 мың теңгеге салынған. Жасанды шөп жабындысы төселген стадион алаңы УЕФА стандарттарына сай. Оған қоса манеж көп функционалды кешен ретінде ойластырылған. Бірінші кезекте ол футболдан және мини-футболдан, сол сияқты регбиден түрлі деңгейдегі оқу-жаттығу ойындарын өткізуге арналған. Концерттік бағдарламаларға да лайықтала алады.

Амандық Баталов осындай спорт нысанын Талдықорғанда да салу керектігін айтып, спорт мекемесінің құрылысын жоғары бағалады. Талдықорған қаласының әкімі Дастан Шалтабавқа осы мәселені зерттеп, облыс орталығында жастарды спортқа, соның ішінде футболға тартудың, саламатты өмір салтына үндеудің алғышарты ретінде осындай құрылыс нысанын салуды ойластыру қажеттігін тапсырды. Ресми делегация атбасын тіреген тағы бір спорттық нысан – Қостанай қаласының орталық стадионы. Ол өткен жылы жаңғыртылып, 10 мың орынға дейін кеңейтілген.

Қостанайдағы жалпы алаңы 400 га болатын индустриалды аймақта өнеркәсіп саласындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға барлық жағдай жасалған. Аймақ жобасы 4 кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде 120 га жерде машина жасау кластері дамытылуда. Мұнда инвестор ретінде ресейлік «Композит Групп» холдингі шаруасын дөңгелентіп отыр. Атап айтқанда МТЗ маркалы тракторлар құрастыру, тоңазытқыш жүйесіне арналған жабдықтар шығару қолға алынған. Жобаның құны 2,3 млрд. теңге, 150 жұмыс орны құрылған, жобалық қуаты – жылына 3 мың МТЗ тракторларын өндіруге және 100 мыңға дейін жылуалмастырғыш шығаруға қауқарлы. Жетісулық шаруаларға лизингіге беру үшін тракторлар сатып алу Алматы және Қостанай облыстарының арасындағы маңызды келісімшарттардың бірі болды.

Қонақтарға индустриалдық аймақ барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілгені, онда бюджет қаржысына инвесторлар үшін қажетті ғимарат салынып жатқаны, ол ғимарат 2 % қайтарымдық негізде берілетіні айтылды. Кеңсесі, қонақ үйі бар. Қазіргі кезде ресейлік және қытайлық инвесторлармен белсенді жұмыс жүріп жатыр.

«Қостанай» ИА жұмысымен танысқан Амандық Баталов «Талдықорған» индустриалды аймағында да осындай тындырымды жұмыстар атқарылуы қажеттігін айта келе, облыстық кәсіпкерлік басқармасы мен «Жетісу» ӘКК басшылары Р. Қожасбаев пен Т. Малыбаевқа осы тұрғыда тәжірибе алмасуды және «Береке» ИА аумағында инветорлармен жұмыс жүргізетін және инвестициялық жобаларды дамытатын басқару компаниясының кеңсесін құруды тапсырды.

Жетісулық өкілдер барған «СарыарқаАвтоПром» ЖШС да – осы индустриалды аймаққа өз цехын орналастыруға ниетті кәсіпорындардың бірі.

Автомобиль құрылысымен айналысатын кәсіпорын 88 млрд. теңге болатын қуаттылыққа шығып, 11 мың машина құрастырған. Кәсіпорын нарық сұранысына қарай автокөліктің 50 түрін құрастыруға маманданған, дайын өнімнің 7 %-і экспортқа шығарылады. Алдын ала келісімдер бойынша биылғы жылы Талдықорған қалалық әкімдігі «Жетісу» ӘКК арқылы «СарыАрқаАвтопром» ЖШС өндірген 35 автобусты сатып алуға ниетті, бұл автобустарды одан әрі қалалық тасымалдаушы компанияларға беру жоспарланған.

Амандық Баталов кәсіпорында өндірілетін заманауи қоқыс тасығыш және басқа да техника түрлерін облыс орталығындағы коммуналдық қызметтер үшін сатып алу мәселесін қарастыруды тапсырды.

Өз кезегінде құрамына «СарыАрқаАвтопром» ЖШС кіретін «AllurGroup» директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев зауытқа шойын қажет екенін тілге тиек етті. Текелідегі тау кен өңдеу кешенінен шойын жеткізудің мүмкіндігі бар болғандықтан бұл бағытта да ынтымақтастық орнату жайы айтылды. Қазіргі кезде «СарыАрқаАвтопром» талдықорғандық «Қайнар АКБ» аккумуляторларын пайдаланып отыр.

Жұмыс сапарының соңында екі тарап өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

31

Екі аймақтың әкімдері өз сөздерінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен өздері басқаратын өңірлерде атқарылып жатқан жұмыстаға қысқаша тоқталып өтіп, кездесу барысында айтылған салалармен шектелмей, алдағы уақытта туризм, сауда-экономикалық, өнеркәсіптік, мәдени бағыттарда өзара тәжірибе алмасып, әріптестік байланыс орнатуға дайын екендіктерін жеткізді.

– Мемлекет қолдауының арқасында Алматы облысында қант кластері толық қайта жанданды, атақты апорт қайта жаңғырды. Мал шаруашылығы белсенді дамуда. Облыста 4 млн. бас қой мен миллионнан астам бас ірі қара бар. Өздеріңіз білесіздер, біздің облыс инвестициялық жағынан тартымды. Инвестициялық портфелімізде 1 трлн. теңге сомасындағы 300 жоба бар. Ірі трансұлттық компаниялар жұмыс істеуде. «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЕА-да да зор мүмкіндіктер бар, барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген 6 индустриалды аймағымыз бар. Туризм белсенді дамып келеді. Бұл салада сіздермен бірлесіп жұмыс істеуге әзірміз. Қостанай облысының балалары біздің өңірдегі демалыс лагерлеріне, Алакөлдің шипалы суына түсіп, демалып, денсаулықтарын шынықтырып жатса, құба-құп көреміз. Өзара тәжірибе алмасып, барлық бағытта ынтымақтаса жұмыс істеуге пейілдіміз – деді Амандық Баталов.

Бөлісу:
Әрі қарай оқу
Сізге ұнауы мүмкін...

Жақсы Ақпараттар Сайты

Пікір үшін басыңыз

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.

Жаңалықтар айдарындағы жазбалар

Соңғы жарияланымдар

Жоғары