Жақсы Ақпараттар Сайты

Жақсы Ақпараттар Сайты

Жоңғар қақпасы

Сенің жерің!

Жоңғар қақпасы

Жоңғар Алатауы мен Барлық жотасы аралығында, қазақ пен Қытай шекарасына жақын маңда, Алматы облысының аумағында атақты Жоңғар қақпасы орналасқан. Бұл көшпенділердің тарихындағы ерекше аймақ. Бұл асуда Ұлы Жібек жолының ізі сайрап жатыр, ал XIII ғасырда Орталық Азияны жаулап алуға аттанған Шыңғыс хан әскері осы тау асуы арқылы жүріп өткен.

Жоңғар қақпасы ©jas.kz

Жоңғар қақпасы деген – ұзындығы 50 шақырым болатын, жіңішке тектоникалық жарық. Тау шатқалын биіктігі 300-400 метрге жететін терең жарықтар бөліп жатыр. Тау асуы Балқаш-Алакөл шұңқыры мен жоңғар жазығының аралығында кеңінен, әрі жалпағынан созылып жатыр.

Тау шатқалының кей жерлерінде ұсақ жыландар мекендейтін бұталар мен қылқанды тоғайлар кездеседі. Солтүстікте Жоңғар қақпасының алдында Алакөл, оңтүстікте Қытай мемлекеті аумағында – Эби Нұр көлдері бар. Тау шатқалының солтүстік бөлігінде Жалаңашкөл көлі жатыр. Қақпаның сұлу көркі Ырғайты өзенінің солтүстік жағалауындағы жардан қарағанда жақсы көрінеді.

Жоңғар қақпасы ©jas.kz

Тау дәлізі ерекшеліктерінің бірі – оның жіңішке, ұзынша келген аэродинамикалық пішіні. Сондықтан, бұл жерде Қытайдан келетін құрғақ «ебі» желі оңтүстік-шығыстан, ал Қазақстаннан есетін «сайкан» желі солтүстік-батыстан үнемі соғып тұрады. Бұл екеуі ТМД аумағындағы ең күшті дауылдар қатарына кіреді. Кейде олардың жылдамдығы секундына 70 метрге дейін жетеді. Бүгінгі таңда жел электр станциясының көмегімен бір кездері «қанды жел» атанған «сайкан» желін электр қуатын өндіруге пайдалану жоспарланып отыр.

Жоңғар қақпасы ©jas.kz

Қазақтардың басынан өткен бірнеше тарихи жағдай осы тау шатқалымен тығыз байланысты. Жоңғар шапқыншылығы кезінде қазақ тарихының жылнамасына енген үлкен шайқастардың бірі осы жерде өткен. Оқиға XVIII ғасырдың бірінші жартысында болған. Жоңғар әскері қақпа арқылы өтпек болып, дайындалған. Әбілқайыр ханның әскері бірнеше күнге бөгелген. Сол кезде 15-жасар Сартай кейіннен халық арасында «Мың бала» деп аталып кеткен жасөспірімдер жасағын жинаған. Жас балалар қазақ әскері келіп жеткенше жоңғарлардың тегеурінін тежеу жолында өз өмірлерін құрбан еткен.

1969 жылдың 13 тамызында да осындай оқиға орын алған. Ол уақытта қарулы Қытай әскері КСРО шекарасынан басып кірген. Бұл КСРО мен Қытай арасындағы ірі шекаралық жанжалға ұласады. Кеңес Одағының 2 шекарашысы қаза тауып, 10 шекарашысы жарақат алған, Қытайдың 19 сарбазы өлтіріліп, 3 солдаты тұтқынға алынған болатын. 1969 жылдың 11 қыркүйегінде Бейжіңде екі ел арасындағы араздықты тоқтату туралы шартқа қол қойылды.

Жоңғар қақпасы ©jas.kz

Қазіргі уақытта Жоңғар қақпасы арқылы 1991 жылы іске қосылған «Транс-Азия» тасымалдау қызметінің темір жол дәлізі өтеді. Дәліз Азия мен Еуропаны өзара жалғастырып жатыр. Қытайдың Алашанькоу станциясы Ланьчжоу-Синьцзянск темір жолы бойындағы тау шатқалының оңтүстігінде орналасқан. Қазақстанның Достық станциясы тау асуының орталығында орналасқан.

Бөлісу:
Пікір үшін басыңыз

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.

Сенің жерің! айдарындағы жазбалар

Соңғы жарияланымдар

Жоғары