Постсоветтік елдердің, әсіресе, тарихи тығыз байланыстағы әрі шекаралас елдердің бұл саладағы проблемалары ұқсас. Сондықтан, ресейлік мынабір сұхбаттың басты тұжырымдарын талқыға салуды жөн көрдік. Бұл — Мәскеу Мемлекеттік Университетінің сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімінің қызметкері, Ресей оқу жүйесінің тарихшысы, Дмитрий Пожарский атындағы Университеттің гуманитарлық магистртура жетекшісі Алексей Любжиннің Lenta.Ru сайтына берген сұхбаты. Сонымен, Алексей совет оқу жүйесі туралы не дейді?
***
Егер совет оқу жүйесінің керемет екені шындыққа жанасатын болса, онда Батыс елдері оны көшіріп алар еді. Алайда еуропалық елдердің бірі де — Франция да, Англия да, Италия да — советтік білім беру моделін көшіруді ойлаған да жоқ. Себебі олар оған жоғары баға берген жоқ.
***
Советтік білім берудің ізінен қалмай қойған кесел — оқушылардың бір сала бойынша алған білімін басқа салада қолдана алмауы.
***
Советтік кезеңдегі жетістіктердің барлығын төңкеріске дейін білім алған адамдар жасады. Курчатов та, Королев те ешқашан советтік мектепте оқымаған. Ал сол ескі мектептің инерциясы бәсеңдеген сайын, білім-ғылым жүйесі де құлдырап, ақыры опырылып түсті.
Біздің білім жүйемізде өз ресурстарымыз ол кезде болған жоқ, қазір де жоқ.
***
Математиканың жақсы болғанының себебі — елге қарулану керек болды. Сосын, тек математика мен физика ғана адамды жиіркенішті идеологиядан құтқара алатын. Марксизм-ленинизммен былғанбаған салалар осылар еді.
Ал гуманитарлық ілімдерде совет уақытында тіпті мәртебе болмады. Нәтижесінде, Советтер Одағы гуманитарлық технологиялармен жұмыс істеу білмегендіктен құлады, халыққа бірдеңені түсіндіру, жұмыла жұмыс жасау машығы жоқ-тын. Біз елімізде гуманитарлық қарым-қатынастардың қаншалықты мүсәпір күйде екенін бүгін де көріп отырмыз.
***
Мектептің, кәдімгі оқытудың орнына бақылауға көшуі себепті, оқушылар үйге келіп, сабақтан үйреніп келуі тиіс нәрсені қайтадан жаттап-оқуға мәжбүр. Қазіргі мектеп үйретпейді, қазіргі мектеп сұрайды. 5 сыныптардан бастап репетиторлар бар, бұл совет кезінде болмаған нәрсе. Репетитордың болуы — мектеп өзінің оқыту миссиясын атқара алмады деген сөз.
***
Ресейдің бүгінгі білім беру жүйесі — өте күрделі ота жасалуы тиіс ауыр халдегі науқас. Халінің мүшкілдігі сонша, ол сол отаны да көтере алмайды.
Ой қоса отырыңыз, қадірлі оқырман. Қазақстандық білім саласындағы ахуалмен параллельдер келтіруге бола ма?