Шыбық қадаса жайқала кететін Талғар топырағында жемістің алпыс атасы өседі десек еш әсірелегендік емес. Осыған орай соңғы жылдары өңірде ауылшаруашылығының дәстүрлі емес бағыттарын дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Оған кейбір шаруашылықтардың жүзім мен таңқурай өсіріп, мол өнім алып отырғандығы дәлел.
Сондай ұжымның бірі – Кеңдала ауылдық округінде орын тепкен «Шульгин» жеке қожалығы. Жалпы аумағы 64 гектар жерге таңқурай егіп, өсіруді қолға алған шаруашылық биыл мол өнім алды. Сөйтіп, еселеп төккен ащы тердің тәтті дәмін татты. Әдетте жеміс тамыз айында пісіп, жинау жұмыстары да осы мезгілде қарқын алатын болса, мұндағы қызу тіршілік күздің алғашқы айы – қыркүйекте де бәсеңсімеді. Себебі, Польшадан әкелініп, жерсіндірілген таңқурайдың «Полка» сұрыпы күзде де үзбей өнім беретіндіктен алқапта 30-ға жуық адам әлі де еңбек етуде.
– Біз Еңбекшіқазақ ауданынан қатынап жұмыс істейміз. Таңқурай жинау үшін ерен еңбек, төзім мен ептілік керек. Мұндай шаруаны атқару екінің бірінің қолынан келе бермейді. Науқандық жұмыс қызған шақта әрбіріміз шамамен 30-40 келіден өнім жинап өткіздік. Қазір өнім азайғандықтан күніге жиятын таңқурай мөлшері 10-15 келіден ғана айналуда. Жақсы піскен таңқурай тез әрі оңай жиналады. Еңбекақымызды жиған өнімнің мөлшеріне қарай аламыз, – дейді бригада жетекшісі Мейіргүл Маханова.
Тамшылатып суару әдісін пайдаланып отырған таңқурай өсірушілер биылғы маусымда мол өнім алып, қуанышқа кенелген. Өйткені жұмысыңның жемісін көру – дала төсінде тер төгіп жүрген еңбек адамы үшін үлкен жетістік. Таңқурай өсіруге ниеттенген кәсіп иесі Александр Шульгин де өзі жетекшілік ететін қожалыққа қарасты алқапты күтіп-баптап, таңқурайдың жаңа сортын жерсіндіріп өсіруге бар күш-жігерін жұмылдырды. Нәтижесінде алғашқы жылдың өзінде 60-70 тонна өнім алды. Өсімдіктің бұл түрінің жемісті көп беретіндігіне көз жеткізді. Маусым ішінде бірнеше мәрте өнім алынды.
Айта кетерлігі, таңқурайды егістік алқабының басынан сауда нүктелеріне жөнелткенге дейін тонналап сақтауға арналған арнайы мұздатқыш та қойылған. Күзгі жиын-терін жұмыстары аяқталған соң шаруалар келер жылдың қам-қарекетіне кіріспек.